Ислам дінінің қос қайнар көзі Құран мен хадис. Ислам дінінің Құраннан кейінгі негізі − хадис. Хадис термині жаңа сөз, әңгіме дегенді білдірсе, шариғатта ұлағатты, мағыналы сөздер деген түсінік береді. Діни ұстанымға байланысты кез-келген сөзді хадис деп қабылдай беру үлкен қателік. Қандай хадистерге амал жасалынады? Хадистердің сахих немесе әлсіз екендігін қалай білуге болады? Осы сауалдардың жауабына тоқталсақ.
Сахих хадис дегеніміз – үздіксіз иснады бар, тізбектегі риуаятшылардың барлығы сенуге лайықтығы, дәлдікпен ерекшеленгендігі себепті иснадында «шаз» (ауытқу) немесе «иллә» (кемшілігі жоқ) хадис.
Әлсіз (зайф) хадис дегеніміз ─ сахих немесе хасан деңгейіне жете алмаған хадис. Яғни оның иснадында белгісіз адамдар (маджһул) бар, хадистің мәтінінде қарама қайшылықтар бар (шаз). Әлсіз хадис шариғи үкімдерге алынбайды, оған амал жасалынбайды. Бірақ ғалымдар зайф хадиске амал етудің шарттарын атап кеткен:
- Қатты әлсіз болмауы керек;
- Ислам дінінде негізі бар затқа қатысты болу керек;
- Оның сенімділігі үшін емес, тек сақтану үшін ғана амал етіледі.
Хадис жеткізушінің сенімділігі үшін ол мұсылман болуы және күналардан сақтанған тақуа болуы қажет. Хадис берудегі дәлдік деп хадис жеткізушінің есте сақтау қабілетін айтады. Хадистер ешқашан бір-біріне қарсы келмей, керісінше бір-бірін толықтырып отырады. Кейде сырттан қарағанда қайшы келетіндей хадистер кездеседі. Мұдай жағдайда қандай шешім қабылдау қажет? Әлбетте, мұхаддистер қалыптастырған ережеге сүйенеміз.
Ереже:
Егер хадис Құранға қайшы болса, онда ол мәнсүһ (күші жойылған) болады. Демек амал етілетін хадис алдымен Құран аяттарымен ұштасуы қажет.
Мысалы; «Алайда шынымен тәубеге келіп, Аллаға бет бұрып, толық түзеліп, Алланың дінін шынайы ықласпен ұстағандардың жөні бөлек. Міне, солар мүміндермен бірге. Алла күндердің күнінде мүміндерді үлкен сый-сияпатқа бөлейді»[1] – делінген.
Әнәс ибн Мәликтен (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі былай деп бұйырған: «Кімде-кім ешбір серігі болмаған Аллаға ықыласпен құлшылық етіп, намазын оқып, зекетін беріп дүниеден өтетін болса, Алла Тағала разы болған күйде дүниеден өткен болып есептеледі!»[2] - деп түсіндірген.
Көріп тұрғанымыздай, хадис Құран аяттарымен астасып кеткен. Сөзіміз қуатты болуы үшін тағы бір мысал келтіре кетсек.
«Ібіліс шайтан»: «Уа, Раббым, адастырғаның (сынап сүріндіргенің) үшін (ант етемін), олар үшін жер бетіндегі (қу дүние мен күнә атаулыны) көздің жауын алатындай етіп безендіріп қоямын, сөйтіп олардың барлығын азғырып, тура жолдан тайдырамын. Алайда ықыласты құлдарыңның жөні басқа (мен оларды тура жолдан тайдыра алмаймын) – деді. Сонда Алла «Міне, (ықыласқа, толық мойынсұнушылыққа негізделген) осынау жол – Өзім кепіл болған тура жол. Менің (ықыласты) құлдарыма сенің ешқандай ықпалың жүрмейді. Сенің ықпалың тек өзіңе ерген адасқан азғындарға ғана жүретін болады»,[3] – деп айтты.
Әбу Умәмә әл-Бәһили (р.а.) жеткізген хадисте Алла Елшісі былай деп бұйырды: «...Алла Тағала, тек шынайы ықыласпен және Оның разылығы үшін жасалған амалды ғана қабыл етеді»[4].
Сонымен қатар қазақ халқының өмірінде Ислам дінінің маңыздылығы үлкен орын алады. Шариғатпен біте қайнасқан салт-дәстүрдің өзі – дәстүрлі қазақ дүниетанымының Ислам дінімен ұштасып жатқандығына айқын дәлел. Қазақ халқының мақал-мәтелдерін және өлең шумақтарын Исламның қайнар көздері аят пен хадиспен ұштастырып көрсек.
Абай Құнанбаев:
«Мекен берген халық қылған Ол Лә мәкән,
Түп иесін көксемей бола ма екен?
Және оған қайтпақсың оны ойламай,
Басқа мақсат ақылға тола ма екен?!»
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы:
« Ол Алла жисм жауһар ғариз емес,
Боларға басқа-басқа бөлектенбес.
Алланы еш нәрсеге ұқсатуға
Еш нәрсе Оған құсап, жөні келмес.
Бар Құдай көкте де емес, жерде емес,
Мекенін бір Алланың ешкім білмес.
Алды, арты, асты, үсті, оң, солы жоқ.
Ауыз, мұрын, аяқ, бас, көз, қолы жоқ.
Еш нәрсе ұқсамайды, Ол еш нәрсеге
Кітаптың айтқанынан ойлама көп»
Бұл өлең шумақтары Құранда былайша қысқа ғана баяндалған: «... Еш нәрсе Ол сияқты емес. Ол Алла, әр нәрсені естуші, толық көруші»[5]
Көріп тұрғанымыздай қазақ ақындарының өлеңдері аят пен хадис қуаттап тұратындығы. Қазақтың ой санасында қалыптасқан өлең шумақтары мен мақал-мәтелдерінен Исламның қайнар көздерінен бастау алып, ұштасып жатқанын көреміз. Қазақ халқы әр кезде сөзге шешен халық болған. Сонымен бірге, ақын, жырау, жазушыларымыздың өлең шумақтарынан да Алланың иләһи сипаттары жайлы келген Құран аяттарымен байланысты екенін аңғаруға болады.
Жоғарыда келтірілген дәлелдерге сүйенсек, хадистер Құран аяттарымен ұштасқан өнегелі сөздер екендігін байқаймыз. Сондықтан қандай да бір хадиске амал етер алдын оның Құранмен байланысқан тұсы зерделенуі тиіс.Дінімізде екі басты қайнар көз бар: Құран және Пайғамбар (с.а.с) сүннеті. Тек Құранмен шариғаттың талаптарын орындаймын деу дұрыс емес. Құранға қалай амал жасап, өмірлік ұстанымға айналдыру қажеттігін Алла Елшісі (с.а.с) өз хадистерінде айтып, амалында көрсетіп өткен. Сол себептен де қандай хадиске амал жасамақ болсақ оның астарында Құран аяты барын ескеріп жүрейік.
Дінтанушы Б.Абдрахман
Құранмен ұштасқан өнегелі сөздер