Ертеде Ибраһим атты пайғамбар өткен. Ол Бабыл халқын билеген Намрұд есімді патшаның еліне жіберілген. Бабыл халқы Құдайға емес, залым пашта Намрұдқа, көктегі жұлдыздарға, ай мен күнге және пұттарға табынушы болады. Жаратушы тарапынан жіберілген Ибраһим пайғамбар халқын бір Құдайға сенуге шақырады. Алайда, Намрұд патша мен халқы оған құлақ аспай, Ибраһимді алаулап жанған отқа лақтырып, өртеп өлтірмек болды. Сондықтан оған арнайы бір төбесі ашық ғимарат салынып, оның іші отынмен толтырылып, сосын от қойылып, Ибраһим пайғамбар сол отқа лақтырылатын болды.
Кейбір дерек бойынша бұл ғимараттың ұзындығы отыз аршын, ені жиырма аршын болған дейді. Ғимарат бітіп, ішіне отын толтырылып, от қойылды. От ат шаптырым жерден алаулап көрінді. Хазірет Ибраһимді алдын-ала әзірлеген манжаныққа салып жебедей тартылып барып жіберілген кезде, Ибраһим пайғамбар лаулап жанған оттың ортасына гүп ете түсті.
Пайғамбардың отқа жанып кетпеуі үшін қарлығаш қанатымен су бүркіген деседі. Оны көрген басқа құстар оның нәтижесіз екендігін айтыпты. Сонда қарлығаш:
Мен отты өшіре алмасам да ақиқат тарапта екендігімді білдірейін деп әрекет етемін деген екен.
Сол секілді біздің сөзіміз де барлық адамды өзгертуге қауқарсыз болса да ақиқат үшін қажет деп пікірімді білдіруді жөн санадым. Соңғы бірнеше жылдың көлемінде халқымыздың танымына, діни санасына жат ЛГБТ (лесбиян, гей, бисексуал және трансгендер сөздерінің қысқартылып берілген атауы) қозғалысы қоғамда белең алуда.
Ата-баба жолына қайшы, тіпті айтуға ауыз бармайтын азғындықты жақтап жатқандардың қарасы қалың. Бір өкініштісі аталған қозғалыс жыл өткен сайын жастар арасында кеңінен жайылуда.
Осыдан біршама жыл алдын әлеуметтік желіде елімізге белгілі блогер, жерлесіміз А.Шотаевтың «Вертер синдромы» атты жазбасын көзім шалып еді. Осы тақырып аясында аталған терминді тарқатып кетсем. Социология ғылымында «Вертер синдромы» (Sindromul werther) деген бар. Бұл синдром бойынша, бір рет жасалған теріс іс-әрекет ақпарат құралдарынан кеңінен айтылып, жазылып, көрсетіле берсе, бұл оқиға домино әдісімен елдің әр қиырынан қылаң беріп, ұласпалыға айналады. Мәселен, жоғарыдағы аталған екі тақырып та көп айтылып, БАҚ арқылы көрсетілген сайын қоғамда өзектілігі артып, өршіп тұр.
Америкалық социологтардың айтуынша, ақпарат құралдар қандай да бір теріс әрекетті жаппай жұртшылықтың қаперіне сала беріп, есіне түсіре берсе, бұл әрекеттерді одан сайын маздатып, өршітіп, ушықтырып алу қаупі жоғары. Мысалы суицидті ойлап, оны жасауға оқталып жүрген адам, теледидардан өзі сияқты бейбақтарды көргенде өзін-өзі ақтай бастайды. Яғни, «мен ғана емес екем, мен сияқты суицидті жасағысы келетін адамдар көп екен ғой» деген сияқты кереғар ойлармен өзін жұбата бастайды.
ЛГБТ да осындай сарынмен елімізге кіруде. Бұдан 15-20 жыл алдын халық бұл індеттің атауын да білмес еді. Ал, қазір әлеуметтік желілерде, БАҚ беттерінде жиі көтерілетін тақырып болғандықтан қарапайым жандар бұның атауымен ғана емес затымен де терең танысуда. Біз бұл мәселенің қоғам болып алдын аламыз деген сайын бұны жарнамалап, көпшіліктің кеңінен танысуына жол ашып жатқандаймыз.
Тіпті, батыстың қаржысына күн көріп отырған кейбір ат төбеліндей адам құқығын талап етуші топтар адами қасиетке қайшы әрекетті жақтап әлек. Олардың бар айтары адам құқығы мен еркіндігі. Ал, шын мәнісінде шексіз еркіндік бұл – хаос. Еркіндік шексіз болған сайын оның мөлшерін түсінбегендер ойларына келгенін жасап бағуда.
Қазақ халқы үшін отбасында кездесетін тұрмыстық құндылықтар өте көп. Біз уақыт өткен сайын дін арқылы дәстүрімізге айналған құндылықтарымызды құнсыздандырып одан жырақтап келе жатқан сияқтымыз.
Күншығыс елі атанған – Жапонияның, аспан асты елі – Қытайдың, сол секілді Сингапур, Малайзия, Индонезия секілді мемлекеттердің қарыштап дамуы азғындықты насихаттап өмір сүргендігі үшін емес. Керісінше, өз ұлтының құндылықтарын сақтай отырып техника мен технологияны дамыта алғандығында.
Қорыта айтар болсақ ешбір ұлт өзге халыққа ұқсамайды. Ашықтық, адам құқығы, еркіндік, ой бостандығы деген жалған ұрандардың астарында өкінішке орай ұлттың ұстанымына, сана-сезіміне, тарих пен танымына балта шабатын идеология өршіп тұр. Қазаққа ешқашан еуропалық немесе американдық болудың қажеті жоқ, біз батыс бола алмағанымыз секілді олар да ешқашан қазақ бола алмайды. Бізге батыстың мәдениетсіз «мәдениетінің» қажеті жоқ. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан тәрбие діңгегінен алыстамайық ағайын!
Медет Халықов
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
директорының орынбасары
Құндылықтардың құнсыздануы немесе ЛГБТ атаңнан қалған мұра ма?