Адамзатты ежелгі заманнан өзінің ертеңіне ұластырып, небір өткелдерден аман алып келе жатқан ізгілік құндылықтары екендігі сөзсіз. Ал сол адами ізгіліктің алтын арқауы – имандылық жібі үзілген жерде тоқырау да басталатындығы анық. Онда қарама-қайшылық, пікір алшақтығы туындап бірліктің шаңырағы шайқала бастайды. Діни бірлік болмайынша ұлттық бірлік болмайтыны тағы белгілі. Демек, дінді саясатқа айналдырып, өз пайдасына жаратқысы келетіндер мен экстремистік ниеттегі діни ағымдар пайда бола бастаған бүгінгі кезде, дінаралық татулықты сақтау – басты мақсат.
Адамзат қоғамының алғашқы кезеңінен бастау алып, ғасырлар бойы әртүрлі қоғамдарда түрліше көріністе жалғасып келе жатқан дәстүрлі құндылықтар жүйесі бар. Дәстүрлі құндылықтар дәстүрлі қоғаммен үндестікте – соның аясында қалыптасады, оның ішкі тұрақтылығына қызмет етеді және сол қоғам арқылы сақталады. Дәстүрлі құндылықтарды қалыптастыруға қоғамның бірнеше буыны атсалысып, оларды қолдау және қолдану арқылы тұрақтандырады.
«Құндылық» ұғымының мәнін жинақтай алғанда қоғам өмірінде қалыптасқан жасампаз идеялар мен этикалық категориялар, моральдық-эстетикалық нормалар мен стереотиптер жиынтығы, маңызды мақсат-мұраттар мен оларға жету жолдары, мінез-құлық мәнері туралы жинақталған түсініктер деуге болады. Яғни құндылық дегеніміз тарихи тәжірибе негізінде тұжырымдалған ұлт немесе адамзат мәдениетінің мәні болып табылады.
Құндылықтар қоғамның даму бағдарлары мен өмір сүру мәнерін белгілейді. Құндылықсыз қоғам – бағдарсыз қоғам. Құндылық – қондырма емес, ол қоғамның өзі ішінен қайнап шығады, мемлекеттік билікке тәуелсіз қалыптасады. Оның идеологиядан айырмашылығы да осында. Құндылық – уақыт сынынан өткен және заман озған сайын түлеп отыратын идеялар мен ұстанымдар. Ешбір өркениетті қоғам уақыт сынынан өтіп, өміршеңдігі мен жасампаздығын дәлелдеген дәстүрлі құндылықтарсыз алға басып көрген жоқ. Өйткені дәстүрлі құндылықтар – ішкі тұрақтылықтың тұғыры, рухани қауіпсіздіктің тірегі және ең бастысы – ұрпақтар сабақтастығының негізі.
Дәстүрлі құндылықтардың басым бөлігі ұлтына, дініне, жасына, жынысына қарамастан барша адамзатқа ортақ. Рухани дағдарыс басымдық ала бастаған қазіргі әлемдік қауымдастықта дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту мәселесі табиғи түрде өзекті тақырыпқа айналып отыр. Бір ерекшелігі, бәлкім, кемшілігі – барша қоғам мүшелерінің алаңдаушылығын туғызуы тиіс бұл тақырып негізінен дін қызметкерлерінің және белгілі бір дәрежеде мәдениеттанушылардың зерттеу-насихаттау нысаны болумен шектелуде.
Әрбір қоғам мәдениетіне тән өзіндік құндылықтар кешені болады. Дәстүрлі қоғам өзгеріске ұшыраған жағдайда да дәстүрлі құндылықтар өз маңызын жоймайды. Оның айқын мысалы – бүгінгі қазақ қоғамы.
Тиісті анықтамаларға сәйкес дәстүрлі қоғам дегеніміз – саяси, әлеуметтік және мәдени дамуы дәстүрлі құндылықтарға, салт-санаға, ата-баба мұраларына негізделетіндігімен ерекшеленетін әлеуметтік орта. Бұл тұрғыдан алғанда қазіргі қазақ қоғамын толық мәнінде дәстүрлі қоғам деп атау қиын. Дәстүрлі мәдениеті, саяси жүйесі, құқықтық санасы тиісті деңгейде қалыптасқан қазақ қоғамы тарихи үдерістер салдарынан елеулі өзгерістерге ұшырады. Қазір ол өз дамуын заман талабы тудырған құндылықтармен көбірек байланыстыруда. Дегенмен ұлттың дәстүрлі құндылықтық жүйесі, соның ішінде рухани құндылықтары жаңа қоғамның бағдарын айқындауда негізгі реттеушілік роль атқарып отыр.
Алайда байқасаңыз, соңғы кездері елімізде дәстүрлі діни нанымдарымыз бен салтымызға сіңген көзқарастарға үйлеспейтін әртүрлі пікірлер мен ұстанымдар пайда бола бастады. Бұл өз кезегінде ұлттық құндылықтарымызға да өзінің кері әсерін тигізуде. Алғашқы кездері бірқатар данышпансыған діндарларға періштедей сеніп, солардан қалмай үйреніп, діндар болғанның жөні осы деп жаппай дінге ұмтылу үрдісі жүрді. Кейіннен ғой, жылтырағанның барлығының алтын емес екендігіне көзіміз жете бастағаны. Бірақ уақыт өз ізін салады екен.
Әрине қазақ халқы үшін дәстүрлі дін ретінде исламның құндылықтары күнделікті өмірде өз орнын ойып тұрып алғаны белгілі. Алайда, қазіргі күні осы ежелден халқымыз дәріптеп, құрметтеген асыл дінімізге де күдікпен қарайтындар баршылық. Жоғарыда айтқанымыздай, алғашқы кездері дін адамдары мен діни кітаптарды көргенде қуана да, құрметтей де қарасақ, қазір үмітімізден күдігіміз басым түседі. Бұған себеп те жоқ емес.
Жасыратыны жоқ, соңғы кездері бүйректен сирақ шығарып, діни реформа жасағысы келетін топтар пайда бола бастады. Олардың айтуы бойынша, ғасырлар бойы ата-бабаларымыз үзбей ұстанып, діни-рухани қажеттілігімізді атқарып келген дәстүрлі ислам қағидаттары дұрыс емес секілді. Пайғамбарға тарихи тұрғыдан жақын өмір сүріп, бізден гөрі дінге, құдайға адалырақ болған, өзгенің емес, алдымен өз қателігіне баса назар аударған аталарымыз теріс жолда болған көрінеді. Құдайға серік қосып, күпірлікке түсіпті! Таза исламды кейінгі «ақылдылар» ғана ойлап тауыпты. Қазақстан исламы бидғатқа толып кетіпті. Оны тазалау керек екен, дейді.
Демек, соңғы кездері халқымыздың ішіне іріткі салып жүргендердің ісі де, ойы да ешқашан біздің мүддемізге сай келмейді екен, оларда діни мүддеден гөрі саяси мүдде басым. Сондықтан елдің, ұлттың, халықтың тұтастығын сақтап қалуды ойлаған ата-бабамызды емес, керісінше өздерін ғана ақылды санайтын дін үйретушілерден сақтану қажет.
Ұрпақтар сабақтастығы құндылықтар арқылы жалғасады. Ұлт тарихы үшін осы сабақтастықтың маңызы зор. Әр буын өзіне дейінгі ұлт тәжірибесін бойына сіңіріп, ары қарай дамыта білмесе, тарихын екшеп-саралау арқылы болашағына бағдар жасамаса – ол қоғам керітартпа қоғамға айналады. Өткенді мансұқтап, тарихты өзінен бастаған буын мемлекетті рухани дағдарысқа ұшыратады. Оның жекелеген көріністері де, өкінішке орай, қазіргі Қазақстан қоғамында бой көрсетуде.
Егер қандай да діннің өкілі болмасын, өзін Жаратушысының сүйікті пендесі болуын қаласа, сол Жаратушысы жаратқан барлық адамзат атаулыға, олардың сенімдеріне, әлемге құрметпен қарауы қажеттігін түсінуі тиіс. Өйткені, Тұңғыш Президент Н.Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің II съезінде: «Біз баршамызға аян мына бір шындықты ешқашан естен шығармауымыз керек: Жаратушы – жалғыз, дүние – ортақ, аспан асты – кең, ендеше, біз бір атаның баласы, бір ананың перзенті ретінде бір-бірімізбен береке-бірлік пен ынтымақта өмір сүруіміз керек» деген болатын. Ал дін атаулының барлығы адамды араздастыруға, соғыстыруға емес, бейбітшілікті орнатуға шақыратындығын ешбір діннің өкілі жоққа шығармайды.
Қазіргі қоғамдағы әлеуметтік-саяси қатынастарды реттеуші жәнеішкі саяси үдерістерді тұрақтандырушы ретінде дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртудың маңызы өлшеусіз. Дәстүрлі құндылықтарынан – рухани тамырынан қол үзбеген қазіргі қазақ қоғамының ішкі әлеуеті – біздің радикалды ағымдармен күрестегі негізгі күшіміз әрі үмітіміз.
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
директорының орынбасары Медет Халықов