Қазақстандағы діни білім беру мәселесі
Қазақстандағы діни білім беру мәселесі
11.09.2024
323
0

         Қазақстандағы ислами білім беру жүйесі кеңестік кезеңде өзінің дәстүрлі арнасынан қол үзіп қалғаны белгілі. Тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде бұл сала қайта жанданды. Бүгінгі таңда діни білім беру бағдарламаларының барлығы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі бекіткен мемлекеттік білім беру стандарттарымен сәйкестендіріліп, бір орталықтан – Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы тарапынан бекітілген болатын. Еліміздегі діни білім беру орындары дін қызметкерлерін отансүйгіштік, төзімділік рухында тәрбиелеп, әлемдік және дәстүрлі діндердің құндылықтарына оң көзқарас қалыптастыруы тиіс.

         Қазіргі таңда әлемнің түкпіріндегі және Таяу Шығыс аймағындағы діни ахуалдың күрделенуіне байланысты азаматтарымызды шетелдегі теологиялық оқу орындарында білім алулары белгілі бір дәрежеде қауіпті. Шетелдік оқу орындарынан білім алғысы келген азаматтар әуелі діни танымын отандық білім ордаларынан қалыптастырып алып, содан кейін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мақұлдаған шетелдік университеттерге барып жалғастырғаны абзал. Осыған қатысты, 2014 жылы «Шет елдерге оқуға кететін азаматтарға арналған дін мәселелері жөніндегі жадынамасы» әзірленді. Шетелде діни білім алуға ниетті азаматтар осы құжатпен міндетті түрде танысуы керек. Себебі, бұл құжаттағы нұсқаулықтарды толық орындаған әрбір азамат әуелі өз жеке қауіпсіздігін сақтай алады және түрлі топтардың құрығына ілікпейді.

         Қазақстан Республикасының Конс­титуциясына сәйкес, мемлекетіміз өз азаматтарының қорғанысы мен қамқорлығын ел шекарасынан тыс жерлерде де қамтамасыз ететіні белгілі. Сондықтан, елдің мемлекеттік органдары қазақстандықтарды шет мемлекеттердегі түрлі даулы жағдайларға немесе жат діннің идеологиялық арбауына түсу жолдарынан шеттетуге бар күш-жігерін жұмсап отыр. Алайда мұндай жағдайлардың алдын алуда ата-аналар мен студенттердің рөлі ерекше екенін атап өту керек. Діни білім алуды армандаған жастарға оны отандық діни оқу орындарында алғаны маңызды. Студенттер сапалы діни білім алуда Қазақстанның да мүмкіндігі жоғары екенін білуі керек. Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 1 ислам университеті, имамдардың біліктілігін арттыруға арналған институт пен 9 медресе жұмыс істейді. 1993 жылы Алматыда «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті ашылды. Алғаш құрылған жылдан бастап-ақ университет елдің белді діни оқу ордасына айналып үлгерді. Бүгінде аталған білім ошағы жаңа заман талабына сай жоғары білімді, әрі білікті дінтанушы, исламтанушы, араб және ағылшын тілдерінің аудармашысы мамандарын даярлаумен айналысады. Осы оқу орындарындағы барлық діни, сондай-ақ, зайырлы пәндерді оқыту бағдарламалары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің талаптарына сәйкес дайындалған.

         Бүгінгі күні діннің қоғамдағы рөлі артқан сайын, бүгінгі қоғамның сұранысын қанағаттандыра алатындай дін мамандары мен діни қызметшілерді даярлайтын орта және жоғары оқу орындары құрылды. Қазақстанда дін мамандары екі бағытта – дінтанушылар мен теологтар ретінде даярланады. Дінтанушылар дінді ғылыми тұрғыдан зерттеп, жалпы әлемде бар барлық діндердің тарихы мен теориясын қарастырса, теологтар құдайды, дінді іш жағынан, діни тұрғыдан зерттеп, құдай идеясын мойындайтын және негіздейтін діндерді, ең алдымен, әлемдік діндерді зерттейді. Дінтанушы мамандарды Түркістан қаласындағы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде, Қарағанды қаласындағы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша мамандар даярлауда. Болашақ дінтанушы мен теологтар және исламтанушы мамандықтарына жыл сайын мемлекет тарапынан грант бөлінеді. Аталмыш білім ошақтары бүгінгі таңда, заман талабына сай жоғары білімді, әрі білікті дінтанушы, исламтанушы мамандарын даярлаумен айналысады. Осы оқу орындарындағы барлық діни, сондай-ақ, зайырлы пәндерді оқыту бағдарламалары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің талаптарына сәйкес дайындалған. Діни білім беру мекемелерінде оқу бағдарламалары міндетті діни пәндермен қоса қазіргі заман талаптарына сай қоғамдық ілімдермен толықтырылды. Бірқатар жоғарғы оқу орындарын және медресе-колледжді бітірген түлектер мемлекеттік мекемелерге діни және зайырлы қоғам мамандықтары бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды.

         Жас ұрпақты Мәңгілік Ел құндылықтары негізінде тәрбиелеу, түрлі діни сенімдерді уағыздаған миссионерлік және жат ағымдар жағдайында өзіндік дүниетаным қалыптастыру және күмәнді ағымдарға сыни көзқарас таныту, адамзатқа ортақ құндылықтар мен ұлттық мәдениет құндылықтарын ардақтауды діни білім беру арқылы үйретіп, тәрбиелеу – заман талабы.

  

         Теолог маман:                                                             Р.Исматулла

 

0 пікір