Қазақ халқының сөйлеу ерекшелігі
Қазақ халқының сөйлеу ерекшелігі
24.08.2020
1937
0

         Сөз сөйлеу мәдениеті деп біз сөздерді сөйлеудің дұрыстығын, қатынастық лайықтылығын, дәлдігін, ойға қонымдылығын анықтаған, түсініктілігін, тазалығын, мәнерлілігін, әртүрлілігін, естуге жағымдылығы мен орындылылығын айтамыз. Тілдік қалыптарда (грамматикалық, эстетикалық) сақтай отырып дұрыс сөздің айтылуын ескеру керек. Әрбір пікіріңіз дәл, ойыңыз анық, қысқа және дәл мағынада жету тиіс. Әрбір сөзіңіздің ойға қонымды, қисындылығын ескере отырып айтыңыз, жеткізіңіз, көрсеткіңіз келген құбылыстардың сипаттарын бейнелеуде шындықтан ауытқымауды ескеру керек.

          Қазақ халқының сөйлеу ерекшелігіне тоқталатын болсақ, шешендік өнер. Шешен сөзі қазақ тілінде өте ертеден қолданылып келеді. Бұл сөздің мағынасы алдында шешіліп сөйлейтін, түйінді мәселелерді шешіп сөйлейтін данышпан, дана деген ұғымдармен өзектес, шешен сөзі қазақ тілінде сөзшең, айтқыш, тапқыр, суырып салма, ділмар, қызыл тілге жүйрік деген сөздермен қатар қолданыла береді. Ұлы шешендердің өмірінен байқағанымыздай, шешен аса білімдар, көп оқыған, әдебиет, тарих, өнер, әр түрлі ғылым мен техника салаларын жетік білетін адам болуы керек.

          Шешендік өнерді, академиялық, соттық, әлеуметтік-тұрмыстық, рухани (мешіттік) сипаттағы шешендік өнер деп бөліп қарасақ болады.

          Академиялық шешендікке: Бүкіл әлемдік көзқарасқа ғылыми әсерін тигізуші, ғылыми мазмұндық сипаты басым, терең талдаушылық, логикалық мәдени қисындағы бар сөздер жатады. Оған лекциялар, ғылыми баяндамалар, ғылыми шолу, ғылыми хабарлама, ғылыми өзекті лекциялар жатады. Демек академиялық шешендік ғылыми сөйлеу стиліне жатады, бірақ та кей кездері тауып айтушылық әсерлеп жеткізушілік те сипат алып жататыны бар. Мұндай мазмұнды лекциялар тыңдаушысын қызықтырады, терең талғамға жетелейді. Мұндай дәрежеге жеткен қазақ ғалымдары да аз емес. Басы сонау XIX ғасыр Шоқан, Абайдан бастап XX ғасырдың басындағы А.Байтұрсынов, Қ.Сәтпаев, М.Әуезовтердің ізін суытпай С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев,   З.Қабдоловтардың т.б. тамаша шешендердің бүкіл аудиторияны тамсандырған сөздері келер ұрпаққа үлгі өнеге болып қала бермек.

          Соттағы шешендік: Сот ісінде белгілі бір бағыт бойынша судья мен қатынасушы азаматтардың уәждерінен шығу үшін адалдық, әділдік бағытты ұстаушы. Қазіргі кезде бұлар прокурорлық, қорғаушылық сөйлеу болып бөлініп жүр. Қазақ жерінде мұндай шешен сөздердің тарихы тереңде жатқаны белгілі. Халық болып қалыптасқаннан бері билік заңына сай әділдік пен адалдық соты өз биігінде көрініп келді. Ең басты – әділ заң шығару. Мұндай шешімге жету мақсатында қорғаушы мен сотталушының сөздері басшылыққа алынады.  Дегенмен де, соттағы сөзде ең нақты деген материалдарға, соттық экспертизаға, куәгерлердің арыздарына, жақтаушылар мен күнәлаушылардың пікірлері, т.б. құжаттар міндетті түрде басшылыққа алынады. Айналып келгенде соттағы сөйлеу, ақ-қараны танытуға, дәлелдеуге сендіруге негізделген шешендікті тудыруы тиіс.

          Әлеуметтік-тұрмыстық шешендік: Көпшілік алдында мерейтойларда белгілі бір атаулы күндерге, немесе жеке тұлғаның мүддесін көтеру үшін мерекелік сипат алып, мерекелік сөзге, құттықтау, отырыс сөздерімен түрленеді де ішінара тұрмыстық жағынан жалғасын табады. Мәселен, кісі қайтқанда сөйлеу, естірту, жоқтау, т.б. Шешен сөйлеудің бұл түрінде әдеби тіліміздің барлық тілдік көркемдіктері, бейнелі сөз тіркестері, көркем сөз маржандары толқыған сусындай тасу керек. Өлең-жыр, арнау, толғау, мақал-мәтелдер, ойын-сауық, той-думандардың әрін ашып қазақтың қарапайым күнделікті тіршілігінде қызыл тілдің ұтымды, әсерлі сөздерді туғызғанын көресіз.

          Естірту – жақын адамның қайтыс болғанын ағайын – туыстарына естірту. Мәселен XVIII ғасырдағы атақты Үмбетей жырау (1706-1778) қазақтың белгілі қолбасшысы, қалмақтарға қарсы ұлт-азаттық соғыстарының басшыларының бірі, Бөгенбай батырдың қазасын Абылай ханға былай деп естірткен екен (үзінді):

                    Ей, Абылай, Абылай,

                    Абылай ханым, бұл қалай,

                    Бұл қалайдан сескеніп,

                    Сөзімді қойма тыңдамай...

                    Өзіңнен біраз жасы үлкен,

                    Жасыңда болған сырласың,

                    Үлкен де болса сырласың,

                    Сексеннен аса бергенде,

                    Қайрылмас қаза келгенде,

                    Батырың өлді – Бөгенбай!

                    Бөгенбай сынды батырдың

                    Береке берсе артына – ай

                    Сабыр берсін халқына – ай,

                    Жасаған ие жар болып,

                    Бейіште нұры шалқығай!

          Мешіттік мазмұндағы шешендік– баяғыдан келе жатқан шешендіктің түрі. Мешітке келуші жандардың көңіл-күйіне, рухани тазаруына, жан-дүниесімен құдіретке табынуға шақыратын міндетті іске асырушы кісі. Мұнда көбіне дидактикалық, тәлім-тәрбиелік, ар-ождандық, адамгершілік, тәрбиелік сипат алады. Кейде мерекелік күндерге байланысты да (құрбан айт, ораза немесе мемлекеттік тұрғыдағы жаңалықтарға орай) түрлендіріп, шешен сөйлеуге тырысады. Өмірдегі жаман қылықтар әшкерелеп, оның кері әсерлері Құранның негізінде дәлелденеді. Міне, сөйлеу тілінің негізін жалпыхалықтық тіл мен тілдік қызметтік стильдер құрайды екен. Бірақ ауызекі сөйлеу, шешен сөйлеу, ой мен ерік, қиял мен жігер, т.б. сияқты еркіндіктің, үлкен шабыттың тасқынын көрсетеді. Бұл әрине шешен адамның тәжірибесіне, шеберлігіне, парасаттылығына, сезімталдығына, ең аяғы белгілі бір құбылысты, белгілі бір тақырыпты, жағдаятты аша білуінде жатыр.[1]

          Ұлы шешендердің бірі Төлебай ешкімнің атағына, байлығына табынбаған, кемшілігін бетіне басатын аузы батыл, сөзге тапқыр адам болған. Төлебай сал жолаушылап келе жатып Шорманның Мұсасының үйіне түседі. Мұса үйде екен, салдың сәлеміне жастықтан басын көтермей сол қолын созады. Сонда Төлебай қолын қағып жіберіп, былай деген екен:

Сен бақытты болсаң, Намұрт пен Шыдаттай боларсың, мықты болсаң Әзірет Әлідей шығарсың, олар да өткен дүниеден. Бай болсаң Қарынбайдай боларсың, - оны да жер тартқан. Патша болсаң,  Ескендір Зұлқарнайындай боларсың, о да өткен дүниеден. Ғалым болсаң, әзәзіл шайтандай боларсың. Адамға бас имеймін деп о да қуылған бейіштен.

-       Бұл кім? Шық үйден, - дейді Мұса шынтақтап жатқан жастықтан

басын көтеріп:

-                 Мен саған келген жоқпын, Шорманның орнына, аруағына келдім. Кеше ол шыққан есіктен ертең сенде шығасың. Сенің атыңды сұрап келген адамға балаң да осындай «құрмет-сый» көрсетсін! – деп Төлебай сал қамшысын екі бүктеп ұстап, үйден шығып кетеді. Артынан Мұса жүгіріп шығып, танымағанын айтып, қой сойып қонақ қылады. Төлебайдың киімі ескі, жеңі жыртық екен. «Сізді содан танымай қалдым» дейді Мұса. Сонда сал былай дейді:

                    Айдын көлде сын болмас,

                              Суалып суы торласа.

                    Арғымақ атта сын болмас,

                    Мойнында жалы қалмаса.

                    Қыран құста сын болмас,

                    Тұғырға түлеп қонбаса.

                    Ер жігітте сын болмас,

                    Кедейлік, кәрілік торласа.

                    Жеңім неге жыртылмасын,

                    Өздеріңдей азамат

                    Қадір білмей қорласа?!

Сөзден тосылған Мұса мырза Төлебайды киімдерін жаңалап, бір тоғыз айып беріп аттандырыпты. Сөз қадірін білген би-шешендеріміз қалай сөйлеу керектігін жақсы білген.[2]

Жоғарыда көргеніміздей қазақ халқымыз сөйлеу мәнеріне ерекше мән берген. Мысалы, ауыл сыртында қозы жайып жүрген Әйтеке бір үш аттылы бұрылып келіп жолығады. Ассаламу алейкум, ағалар! Жолдарыңыз болсын! – деп сәлемдеседі бала жолаушыларға. Бізді танып, амандастың ба шырағым? Білмегенде ше? Қазақ баласының бір-біріне бөтендігі бар ма? Ұлы жүз болсаңыздар, үлкен ағасыздар. Орта жүз болсаңыздар, ортаншы ағасыздар, ал кіші жүз болсаңыздар, кіші ағасыздар! – деп жауап береді бала.

Жолаушылар бір-біріне қарап, баланың жауабына разы болып, оған келе жатқан жұмыстарын айтады. Көріп отқанымыздай қазақ халқы сөз құдіретін түсінген. Кіммен қалай қай жерде не айту керектігін жақсы білген.          Қорыта келе қазақ халқы кезінде жазу, сызу болмаған өзінде де, сөйлеу мәдениетін көркем сөйлеуді жақсы ұққан. Қандай да бір мәселе болсын көркем сөзбен немесе шешендік сөзбен ойындағы сөзін туралап жеткізіп отырған. Жоғарыда келгендей қайғы мен қуанышты жеткізу үшін мәдениетті әрі ерекше қылып жеткізе білген. Бұл деген қазақ халқы сөйлеудің ерекшелігін және жеткізу мәнерін жақсы білгендігіне дәлел.

 

 

 «Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

 КММ маманы  Әмзеев Нұрлыхан

 



[1] Сәуле Ержанова, Сөз мәдениеті және көркем мәтін. Алматы, Каратау КБ, ЖШС, Дәстүр, 2015, 232б.

[2] Балтабай Адамбаев, Қазақ шешендері. Алматы, Білім баспасы, 2014, 320б.

0 пікір