Қазақ халқы сонау Сақ пен Ғұнның заманынан бері бүгінгі күнге дейін тамырын тереңге тарап алты құрлықты аузына қаратқан «ер түріктің» ұрпағы. Осындай рухы биік, жігерлі де айбатты ұлтта мәдениет болмады дегенге кім сенеді. Ия, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманында тарыдай шашылған қазақтың Ресейдің бодандығына амалдың жоқтығынан өткені тарихтың ащы шындығы болғанымен, қазақ елі, қазақ халқы, қазақтың қарапайым қара домалақ баласы өз салтын, өзінің әдебиетін, өзінің рухани мәдениетін, тілін, дінін, ұлттық құндылықтары мен қасиеттерін жоғалта қойған жоқ еді. Қазақ халқы ерте заманнан-ақ ой мен қырдың, тау мен тастың арасында төрт түлігін шұбыртып, көсіле жайлап, таудың тағысына айналғанына еш күмән жоқ. Алайда, көшпелі өмір салтының өзі біздің байтақ, ұлан-ғайыр даламызда мәдениеттің қалыптасуына зор ықпалын тигізген болатын.
Қазақ халқының мәдениеті – қазақ жерінде өмір сүріп, қазақ ұлтын құраған рулар мен тайпалардың материалдық мәдениеті мен рухани мәдениетінің заңды жалғасы, өзіндік сипаты бар дәстүрлі мәдениет. Қазақ халқының қалыптасуына байланысты, қазақ халқына тән материалдық және рухани мәдениеттің сипатты белгілері орнықты. Бұл қалыптасқан мәдениет қазақ халқының өз ата-бабаларының мәдени қазыналарын қамтыған мәдениет болды. Қазақ халқының мифтік аңыздары, салт-дәстүрлері, аспан әлемі жөніндегі түсініктері, байырғы қазақ күнтізбесі, бай әдеби мұралар, көркемөнердің сан алуан түрлері, шежірелік шығармалар, халық емшілігі және материалдық мәдениет мұралары т.б. ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан көне мәдениет куәліктері екені анық. Халық бұқарасы материалдық мәдениет, рухани мәдениет жетістіктерінің жасаушылары болды. Соның ішінде кейбір салт-дәстүрлер, ғұрыптар жайлы айта кетсек.
Ислам дініне дейінгі, ертедегі әр түрлі ғұрыптар мен салттарға байланысты отқа табыну салты болды. Отпен тазарту аластау түріндегі ертедегі отқа табыну қазақтар өмірінің әр түрлі қырларынан байқалады. Отқа табыну отбасы өмірінде де байқалады, мысалы адамдардың кейбір аурулары өткен кездерде отпен емделеді. Әрбір отбасында ошақты құрметтеу дәстүрі сақталды. Қазақтарда отқа түкіруге, отқа қарап дәретке отыруға, оттан аттап өтуге, тіпті бір кездері от жағылған орында басып өтуге тыйым салынған.
Қазақ халқының аспан әлеміндегі түсініктері де тұрмыста маңызды рөл атқарды. Түнгі аспанды ежелден қадағалап келген қазақтар басқаларынан ерекше белгілерімен айырықшаланатын көптеген аспан денелерін білді, олар бойынша түн кезінде уақыт жағынан да, түнгі жол бағдары жағынан да нақты дерек ала білді. Көшпелі тұрмыс ар айдың ерекшелігіне, онда туатын жұлдыздарға байланысты ауа райының құбылуына айрықша ман беріп, аспан шырақтарына көшпелі ел өміріне байланысты ат таққан. Ұлан — байтақ кең далада мал бағып, күндерін кең табиғат құшағында мал өрісінде, түндерін жұлдызды аспан астындағы мал күзетінде өткізген қалың қазақ, табиғат құбылыстарын бақылаудан туған халықтың көп жылдық тәжірибелерін қорытып, жұлдызды аспан туралы астрономиялық түсініктер мен ілімдер жинаған. Қазақтардың жұлдыздарға қойған аттары да көшпелі шаруашылыққа байланысты қойылған. Түнгі ашық аспанға зейін қойып қарағанда кез-келген адам Сүмбіле (Үлкен Төбет шоқжұлдызы), Таразы, Шідер, Үшарқар (Орён), Үркер (Торпақ шоқжұлдызы), Аққу, Бүркіт, Жылан, Мерген және Бұйы шоқжұлдыздарының бойымен қоса қабаттаса ұзыннан ұзақ түйенің ақ шудасындай созылып жатқан тұмандықты байқар еді. Бұл ақ тұмандықты халқымыз ежелден құс жолы деп атаған. Себебі, көктемде жыл құстары осы ақ тұмандық бойымен жерімізге ұшып келіп, күзде осы жолмен кері қайтады. Қазақтар үшін көк аспанның тәңірлік маңызы ерекше болатын. «Аспан өз әрекеттерінде еркін болды»,-деп жазады Ш.Уалиханов. Адамдар мен халықтардың есен-саулығы соның ықтиярына байланысты болды. Әрбір мемлекеттің өркениеттілігін оның мәдени мұраға деген көзқарасына қарай танып-бағамдауға болады. Өз еліңнің мәдени мұрасына ұқыпты қарау мен басқа мәдениеттің құнды элементтерін қабылдау – адамзат өркениеті дамуының сара жолы. Жалпы Қазақ мәдениетін сипаттайтын көптеген заттар бар, соның ішінде: Киіз үй, қазақтың ұлттық киімдері, тақия, сәукеле сияқты тұрмыстық заттар бар, және де домбыра, қобыз деген сияқты күй шертетін музыкалық астаптарда біздің мәдениетті жақсы сипаттайды. Қазақ халқының әрбір күні мереке деп айтсам қате айтпаймын деп ойлаймын, өтйкені ежелден бері қазақ халқы өте көңілді, әр күні ән мен биге толы халық болған. Соның ішінде қазіргі күнге дейін жалғасып келе жатқан танымал мерекелердің бірі Наурыз. Наурыз-Иран және түркі халықтарының астрономиялық күнтізбесі бойынша көктемнің келу мерекесі болып есептеледі. Наурыз мерекесінде көптеген қызықты ойындар ойнатылады, күй шертіледі, балалар алтыбақан деген алты бағандағы әткеншекте ойнайды және де өте көптеген қызықты жарыстар өткізіледі. Әрине қазақтың ен дәмді тағамдарының бірі Наурыз көже туралы ұмытуға болмайды, оны әрбір қазақ Наурыз мейрамында сүйсініп ішеді.
Қазақ мәдениеті ежелден бері келе жатқан өте әдемі мәдениеттердің бірі. XXI ғасырда Қазақстан мәдениеті әлемдік қоғамдастыққа табысты еніп келеді, және де халық дәстүрлері мен салттары ұқыпты сақталуда. Қазақстанның мәдениетімен еліміздің көптеген мұражайларында, фестивальдар мен мерекелерде танысуға болады.
1991 жылдан бастап Қазақстан – тәуелсіз мемлекет. Ата заң бойынша, ол қазақ халқының өзін-өзі билейтін елі және басқа этникалық топтарға тең құқықтықты қамтамасыз етеді. Екі ғасырдан артық қилы заман бұғалығын басынан өткізген ел ғана мәдениет пен өркениетті қалыптастыруға мүмкіндік алды.
Б.Абдрахман
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ –нің
теолог маманы