Қазақ тарихы мен әдебиетінде атақ-даңқы Абайдан асқан, Абайдай танымал, Абайдай дара туған тұлға жоқ. Ұлтымыздың рухани дүниесіндегі шоқтығы биік қайталанбас дара туындыларды қалдырған қазақтың аса көрнекті ойшылы – Абай Құнанбайұлының қазақ әдебиетінде алар орны ерекше.
Қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, XIX ғасырдың 2-ші жартысындағы қазақ мәдениетінің көрнекті өкілі, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы.
Абай десек ең алдымен ойымызға Мұхтар Әуезов жазған «Абай жолы» романы оралады. Алайда кеңестік цензураға ұшыраған бұл эпопея коммунистік идеологияға негізделіп, бір емес, төрт рет түзелген. Заманында Абай шығармалары да шырғалаңға ұшырап, оның өлеңдеріндегі діни көзқарастар мен отаршыл империяға қарсы жазылған туындылары қатаң сүзгіден өткізілген. Орыс тіліндегі аудармалары да ақынның жүрегінен шыққан өлеңдердің өңін мүлдем өзгертіп, өзінің әдеби көркемдігін паш ете алмады. Ақиқатында, ақынның жырлаған замана болмысы болашақ пен бүгінгіні дөп басқан. Ел ішіндегі руаралық қырқыстарға қарсы тұрып, даңққұмар, мансапқор болыстарды, қу билерді, қоғамның билеуші топтарын сынай білген ойшылдың сөзі – өр, болмысы – бөтен болған. Оған дәлел:
«Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!»,-деген өлең жолдарынан байқай аламыз. Қазақтың қоғамдық өмірінің қыр-сырына үңілген ақын халықтың мұң-мұқтажын жырлап, елді оқу мен білімге шақырғандығы ақиқат.
Дүниені түсіндіруде ойшыл Абай Жаратқаннан алыс кетпеген. Оған дәлел:
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз еш уақытта жалған болмас»,-деген өлең жоладырынан байқай аламыз. Халыққа жақын болған турашыл ойшыл кез келген тартыстан ақиқатты алға шығарған. Оған дәлел:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті,
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп
Және хақ жолы осы деп әділетті»,-деп жырлаған ақын адамның өмір сүруіндегі мәнін, анық жолын көрсеткендігін байқаймыз. Адамның Жаратқанға деген, жаратылысқа деген, ақиқатқа деген махаббаты ең ұлы махаббат екендігін айтқан.
Әрбір шығармасы сарқылмас қазына болған ақынның қаламынан – 178 өлең, 3 поэма, 45 қара сөз-ғақлия, 60-қа жуық аударма және 16 музыкалық шығарма жарық көрген. Абайдың қара сөздері – адамдарды, қоғамды, заманды, өмірді қабылдаудағы тәжірибесі. Дүниені ұстап тұратын – әділдікке, жомарттыққа, адамгершілікке баса назар аударған.
Қазақтың мақтанышына айналған халқымыздың ұлы перзенті, ақын, философ, ғұлама – Абай Құнанбайұлының туғанына биыл 178 жыл. Ақын есімімен аталатын көшелер, театрлар, кітапханалар, мектептер, жоғарғы оқу орындары мен саябақтар – ақынға көрсетілген құрметтің бір парасы ғана. Ал, Абайдың алып тұлғалы ескерткішін кез келген қаладан кездестіруге болады. Бір сөзбен айтқанда Абай – қазақ халқының бренді.
Абай 40-шы қара сөзінде айтқандай:
– Осы, біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?
– Қайраты қайтқан шал мен жастың бәрі бітім қылады, шалдар өзді-өзі көп құрбыдан айрылып азайып отырса да, біріменен бірінің бітім қылмайтұғыны қалай?
– Біреуді досым деп ат беріп жүрсең, оған сенің бір дұшпаның келіп бір тай берсе, бұзыла қалатыны қалай?
– Кей жұрт ақыл айтарлық кісіні іздеп таба алмайды. Қылығының қылшығын танитұғын кісіден қашық жүретұғыны қалай?
– Нәпсісін тыйып, бойын тоқтатқан кісінің жаман атанып, нәпсісі билеп, мақтанға еріп, пәле шығарған кісі мықты атанатұғыны несі?
– Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақ та қоймай, тыңдауға қолы да тимей, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден естіп ұқпай тынбайтұғыны қалай?
Өз заманында тастаған бұл сауалдары әлі күнге дейін мазмұнын жойған жоқ. Жауабы да табылмай келеді. Демек, қашан да өзекті деген сөз. Абайдың қасиеті мен құдіретінің бір қыры осында жатыр. Қай заманда болмасын естір құлақ пен ескерер есті кемде-кем. Әсілі, адамдық ар-абыройды кіршіксіз сақтап қалу әркімнің қолынан келе бермесі анық. Сонымен, бұл қағидатқа құлақ ассақ біз Абай салған соқпақпен жүреміз бе? Жоқ әлде қалың қараның айтқанымен жүреміз бе?
Қазақта Абай секілді қазақты сүйіп, қазақтың мінез-қылығына күйіп, қамын жеген азаматтар кемде-кем. Қазақтың ірі болуын, бүтін болуын, жалпы айтқанда кемел болуын қалаған ойшылдың руханиятын халқы құрметтеп, әрдайым дәріптеп жүргені абзал. Ақынның сазды жүрегіне жыр болып қонған шығармаларын келешек ұрпақ санасына құйып, өмірінде қолдана білсе нағыз кемелдіктің шыңына жетер еді.
«Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы?
Өлмейтұғын артында сөз қалдырған!»,-деген сөз дәл Абайға арнап айтылғандай.
Г.Бекжан
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
бөлім маманы
Қазақ әдебиетінің кірпіші – Абай