Отан – отбасынан басталады. Отанның негізі мен тірегі, қайнар көзі отбасы екендігі барлығымызға айдан анық. Отбасы – шыр етіп дүниеге келгеннен сәттен бастау алатын тәлім-тәрбие мектебі. Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның діңгегі. Отбасының аман-саулығы әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі деп білеміз.
Мынау алмағайып заманда кейбір азаматтарымыз отбасының маңызы мен мәнін жоғалтып алғандай. Отбасы тірі организм деп алсақ адасқанымыз емес. Қай уақыт және кеңістік болмасын тірі организм жетіліп, жанданып отыру қажет. Сол бір тірі организмның жанын алып, үмітін өшіріп жатқан азаматтар қаншама. Отбасы құндылықтарын өмірінің маңызды бөлшегіне емес, қалыпты жағдайға айырбастағандар да жоқ емес. Отбасы институты әрқашан жетілуді және дамуды қажет етеді. Даму тоқтаған кезде кері кететіндігін аңғаруымыз қажет.
Отбасы – тек қана бір ғана адамға артылған жүк емес. Отбасының әрбір мүшесі, отбасын дамытуға, көркейтуге қосар үлестері ерекше. Отбасы – өте қажетті, басқадай еш нәрсемен өзгертуге болмайтын өмірлік баспалдақ.
2013 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер» туралы Жарлыққа өзгеріс енгізіп, қыркүйектің екінші жексенбісін Отбасы күні деп белгілеген болатын. Арада он жыл өтсе де, бұл мереке маңызын жоғалтқан жоқ. Керісінше күннен-күнге маңызы мен мағынасы кеңейіп, артып келеді.
Қазақ қоғамында отбасы түсінігі рухани және мәдени, сәлт-дәстүрлердің сақтаушысы, буындар арасын жалғастырушы, адамгершілік пен мейірімділік ордасы екендігі анық. Отбасының маңызы турасында қазақ даналығында қалған хикметтер өте көп.
Қай уақытта болмасын отбасының адамзат ұрпағына ықпалын өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. «Отбасының өнегесі –
Отан өнегесі» деп білетін ұлтымыз отбасының тыныштығы мен құндылықтарын бірінші орынға қойған. Бала тәрбиесіне жіті мән берген. Қазақ танымындағы әке-шеше, аға-ініге, туған-туысқа қатысты мақал-мәтел мен аңыз-әпсананың бәрі де шаңыраққа ұялаған шаттықты сақтауға үндейді. «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» деп халқымыз қашан да отбасындағы әр адамның мәртебесін бекітіп, бекемдеп отырған.
Қазіргі таңда отбасы құндылықтарын, жанұя шаттығын өздерінің жеке бастарынан жоғары қоя алмайтын отбасылар аз емес. Отбасылық өмірдің қызығы мен қатар кей кездері түсініспеушілік жәйттері кездесері анық. Осынау бір сын сағатында сезімге ерік беріп, маңызы мен мәніне үңілмей, екі жаққа кетіп жатқан жастарымыз да аз емес. Статистикалық мәліметтерге үңілсек, көңіл қуанпайтындығы тағы бар. Салыстырмалы түрде алдыңғы жылдарға қарағанда стастикалық мәліметтер азайғанымен, бүл үрдіс қазақ қоғамына жат құблыс екендігін жадымыздан шығармауымыз тиіс. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 128,5 мың жұп шаңырақ көтерсе, 17,7 мың отбасы ажырасқан. Бұл әрине ресми мәлімет. Арнайы АХАТ органдарына тіркелмей, отау тіккен талай отбасылардың шаңырағы шайқалып жатқандығын есімізден шығармауымыз тиіс. Осындай деректермен іргелі елдің, іргесін бұзып алмайық.
Отбасындағы ең өзекті мәселенің бірі – тәрбие. Тәрбиені тал бесіктен ала алмай, алдағанның арбауына жүріп, шақырғанның өтірігіне еріп жүргендер қаншама. Отбасы ошақ қасында балаларымызға дұрыс тәрбие бере алмасақ, еліміздің ертеңі бұлыңғыр. Отбасы ісіне, тәрбиесіне көңілді бөлуіміз қажет. Жаһандану дәуірінде, өзгенің жүйесіне жұтылмайтындай ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет. Ұлттық отбасы концепциясын шегендеп, ұлтымыздың ертеңі үшін қамдануымыз қажет.
Отбасының аман-саулығы – әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Отбасы – елдің тірегі, тәуелсіздіктің діңгегі. Қазақ даласының ұлт болып ұйысуында отбасылық инститиуттың маңызы орасан зор. Ата-бабамыз «Отан – қуат, отбасы – шуақ» деп бекер айтпаса керек. Отанымыздың қуаты, отбасымыздың қызықты шуағы таусылмасын.
А.Тағай
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
бөлім басшысы м.у.а.
Отбасы – елдің тірегі