Бұл тақырыпқа кірмес бұрын алдымен «сәләф» сөзі қандай мағына білдіретіндігін біліп алған жөн. Сәләф сөзінің тілдік мағынасы бұрыңғылар, алдыңғылар дегенді білдіреді. Абдулла ибн Мағсудтан жеткен риуаятта, Пайғамбар (с.а.с): «Адамдардың жақсысы менің ғасырымдағы және олардан кейінгілері және олардан кейінгілері»[1] – деп хижраның алғашқы үш ғасырын айтқан. Сахабаларға Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) мақтаған, хижридің алғашқы үш ғасырына сол замандағы сахабалар, табиғиндер, таба-табиғиндерден болған ғалымдар, мужтахидтер жатады. Алтын дәуірдегі атақты ғұламалар қатарына: Хасан Басри, Ибн Сиррин, Имам Ағзам Әбу Ханифа (80-150h), Имам Малик ибн Анас (93-179h), Имам Мұхаммад (ибн Хасан Шайбани)(131-189h), Имам Шафиғи (Мұхаммад ибн Идрис, 150-204h), Имам Ахмад (Абу Абдуллаh ибн Ханбал,164-241h), Имам Бухари, Имам Насай, Имам Тахауи (239-321h), Имам Матуриди, Имам Әшғари т.б кіреді. Міне осылар нағыз сәләфтар. Өкінішке орай кейінгі ғасырда өмір сүріп, солардың жолын ұстанушымыз деген топтың діни түсінігі, ақида мәселесіндегі көзқарастары алғашқы сәләф ғалымдарының ұстанымына сәйкес келмейді.
Бүгінгі таңда неосәләфилік идеологияны қолдаушы мұсылман бауырлар Құран Кәрімдегі Аллаға қатысты келген ұқсас мағыналы аяттардың бірін сыртқы мағынада қабылдаса, басқа бір мүташабиh (астарлы мағыналы) аятты өз ұстанымына ыңғайлы етіп, зоһири (сыртқы) мағынасын қабылдап амал жасайды. Неосәләфилік бағытта жүрген қандастарымыз «Алла аспанда, Ол Аршыға көтерілген», - деген жаңсақ сенім қалыптастырған. Бұл сенімдеріне сәләфилердің өз арасында танымал болған Ибн Таймия «...Мұхаммедті, Алла Елшісін Раббысы оны Аршыға Өзімен бірге жанына отырғызады»[2], - деген сөзін дәлелге алса керек. Бұл сөзден ұғатынымыз Алла өзі жаратқан жаратылысы Аршыға отырады деп тұрғаны. Шындығында нағыз ислам ғұламалары бұл тақырыпта қандай пікір білдірген, соған тоқталып кетейік.
Имам Ағзам Әбу Ханифа өзінің «әл-уасия» атты кітабының үшінші өсиетінде: «Хақ Тағаланың Аршыға ешбір қажетсіз әрі оған орнығусыз истәуә қылғанына иман келтіреміз. Алла Тағала Аршыны да, одан басқаны да сақтаушы әрі оған мұқтаж емес. Егер Хақ Тағала Аршыға мұқтаждық танытса, Жаратылған жаратылыстың деңгейіне түсіп, әлемді жаратуға, басқаруға шамасы келмес еді. Егер Хақ Тағала оған отыруға, орнығуға мұқтаждық танытса, Аршы жаратылмай тұрып, Алла қайда болды? Хақ Тағала мұндай кемшіліктерден пәк, әрі ұлы»[3]. Мүтәшәбиh аят және хадистерді толық үйреніп шыққан ғұламалардың бірі болған Имам Шафиғи: «Алланың сөзіне Алла өзі қалаған мағынада иман келтірдім»[4] - дейді. Біз оның мағынасын білуге міндетті емеспіз, ол сипаттар ғайбқа кіреді.Себебі имам Қудама: «Білмеген нәрсеге иман келтіру жайз»[5] деген. Имам Абу Жағфар Тахауи: «Алла ағза мүшелерден пәк» - деп пікір білдірген. Имам Малик: «истауа туралы сұрау ол – бидғат» деген. Ахли сунна ғұламалары бұндай мәселелерде ижтихад етпеген, ал Ибн Таймия және шәкірттері ижтихад еткен.
Қазіргі қоғамымызда өмір сүріп, сәләфпіз деп сонау ІХ-Х ғасырлардағы сахабалар мен табиғиндерге өздерін теңеулері логикаға да сәйкес келмейді. Демек, олар бұл сөзді шариғаттағы абыройларын арттыру мақсатында қолдана ма?! Олардың көзқарасына ой-пікір жүгіртпей, ілім ізденбей сөздеріне сеніп, діни құлшылықтарда еріп жатқандар қаншама. Құранда Алла Тағала «Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар»[6], - делінген. Демек, білмейтін нәрсені сұрау керек. Оны кімнен сұрау керек? Кез келген адамнан ба? Жоқ! Аятта айтқандай кітап иелерінен, яғни ғұламалардан сұрау керек. Дін өте нәзік әрі күрделі болғандықтан кез келген адамнан алынбайды. Пәтуа, үкім берушінің ижазасы (рұқсаты) болуы шарт. Оны Құран Кәрім және хадис шарифтен үкім алу, шариғи мәселелерде пәтуа беру үшін мужтахид немесе, ғұлама болуы міндетті. Халил ибн Ахмад (р.х.) ілімді адамдар туралы: «Олар төрт тайпа болады: Өзінің білімі бар және білімі бар екенін өзі біледі. Ол кісі ғалым болып одан ілім алыңдар. Бір кісі біледі және ол өзі білуін білмейді. Ол естен шығарушы болып, оған еске салыңдар. Бір кісі білмейді және ол білмейтінін біледі. Ол талиб ілім болып, оған тәлім беріңдер. Бір кісі білмейді және ол білмейтіндігін де білмейді. Ол ақымақ болып, одан қашыңдар»[7], - деген.
Құранда Алла тағала: «Ескерт! Өйткені ескерту мүміндерге пайда береді»[8] деп, - ескерту жасауды бұйырып отыр. Өкінішке орай ақылмен ғылым-білім іздемей, соқыр сенімнің жетегінде кеткен тілазар топтың қазір де өз ортамызда төбе көрсетіп жүргені ешкімге жасырын емес. Діни ілімнің көп жылғы ізденіспен ғана игерілетінін мойындағысы келмей, жай қара таныған бауырларымыз «Аңқау елге арамза молда» болып, тіпті елді аузына қаратқан пір болғысы келетіні ащы да болса шындық.
Байқағанымыздай бұл уаһабилердің түсініктері Исламның негізгі классикалық сеніміне сай емес. Алайда, олар бұл түсініктері арқылы қоғамның арасына небір бүліктер салып, өздері кәпір деп санаған жазықсыз халықты жаппай құрдымға сүйреп барады. Бұлар өздерін Ханафи мәзһабын мойындаушылар ретінде көрсетіп, жоғарыда келтірілген кейбір қате түсініктерін жаюмен айналысып жатқандығы белгілі. Осындай іс-әрекеттері мен уаһабилер тарапынан болып жатқан жағдайлардың барлығы бүгінгі таңда қоғамдағы ауызбіршіліктің бұзылуына алып келуде.
Б.Абдрахман
Дінтанушы
Неосәләфилердің нағыз сәләф ғалымдарынан айырмашылығы