Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ән, музыкаға рұқсат ететін де, тыйым салатын да көптеген хадистері бар. Музыкаға байланысты дәлелдердің әр түрлі болуына байланысты, ғұламалардың кейбіреуі жалпы музыканы харам десе, енді біреулері адамға пайдалысы адал, ал зияндысы харам деп пәтуа берген.
Мұсылмандардың соғыста жау алдындағы рухын көтеру және кейбір әскери бұйрықтарды білдіру мақсатында барабан, дабыл секілді аспаптарды қолданғандары, тіпті кейбір психикалық ауруларды музыка арқылы емдегендіктері тарихтан белгілі. Мұндай жақсы істерді қолдану үшін кім болса да құптары сөзсіз.
Отанды, бірлікті, ерлікті уағыздайтын, ойына көркем пікір салатын, ішкі болмысына рухани жігер беретін, адамгершілік пен имандылыққа баулитын музыка мен әуенді харам деуге болмас. Музыка – егер адам баласының уақытын босқа өткізіп ғибадаттарына кедергі жасаса, нәпсісін қоздырып, ойына харам нәрселерді салып, жаман пиғылдарға жетелейтін болса, даңғырығының қаттылығынан мидағы клеткаларды өлтіріп, адам мінезін ұшқалақтыққа тәрбиелесе – харам.
Енді, төменде әуезге қарсылық білдіргендердің сүйенген аяттар мен хадистерді айтып, бұлардың сүйенген дәлелдері қаншалықты дұрыс, яки бұрыстығын салыстырып көрейік. Бірінші:
«Кейбір адамдар ешбір дәлелге, білімге сүйенбестен елді Алланың жолынан адастыру үшін мән-мағынасыз бос сөздерді сатып алып, соларды халыққа жаяды. Бұлар өздерін қорлайтын ауыр азап күтіп тұрған адамдар» («Лұқман» сүресі, 6 аят.). Бұл аяттағы «мән-мағынасыз бос сөзге қатысты» (ләһуәл-хадис) тәпсіршілер екі көзқарас білдірген.
1. Аяттағы «ләһуәл-хадистің» мағынасы «ертегі», «астарсыз сөз», «сандырақ» дегенге саяды. Аяттың түсу себебіне қатысты, мына хабар да осыны қуаттайды. Надр ибн Харис деген бір адам Парсы еліне сауда-саттықпен барғанда сол жерден әр түрлі ертегі, дастандар сатып алып, құрайыштықтарға әңгімелеп: «Мұхаммед сендерге Ад пен Сәмүд елі туралы хикая шертеді. Мен де сендерге Рүстемнің, Бәһлулдің ертегі жыр дастандарын айтып берейін», – деп халықты Құранды тыңдаудан алшақтатуға тырысады. Осыған байланысты, сол кезде осы аят түседі.
2. «Ләһуәл-хадистің» мәні туралы екінші көзқарас болса, ол әуез бен ән. Әлгі Надр деген адам, Парсы елінен әнші күңдерді сатып алып, Меккеге алып келіп, елге тыңдатып, оларды Құраннан алшақтатуға ат салысады. Ендеше, осы екі тұжырымға орай, кейбір ғалымдар музыканы харам деп үкім берген. Егер біз бұған тікелей ой салмай қарайтын болсақ, онда әуенмен бірге жыр-дастан яғни сөз де түгелдей харам болмақ. Өйткені, аяттың бірінші мағынасы сөзге, екінші мағынасы әнге қатысты. Алайда, аяттың мәні «мән-мағынасыз жел буаз бос сөз» болғанын әрі ондағы мақсат «елді Құраннан алшақтатып, діннен бездіру» екендігіне қарағанда, бұл жердегі харам болған нәрсе – елді Алладан, Пайғамбардан, діннен аластатын сөздер мен әуендер. Ендеше, осы аят бойынша адамды діннен бездіріп, нәпсісін қоздыратын, дінсіздікке үгіттеп, көкейге күмән салып, жолдан тайдыратын барлық ертегі, жыр-дастан, хикая, повесть, роман, өлең харам. Сондай-ақ, естіген жанның әсіресе, жастардың нәпсін қоздыратын, санасын сансырататын, өзіне еліктіріп тыңдағанды Алланы ойлаудан алшақтатын, жүрегін қарайтып, иманын әлсірететін, қоғамды мәңгүрттікке жетелейтін, естірту арқылы ойсыздық құрдымына тастайтын, ұйықтай алмай өзін бойкүйездікке апаратын, көркем мінезден жұрдай етіп, діннен бездіретін барлық музыка- харам.
Музыка сөзі гректердің үлкен пұттары болған «Зевстің» қыздары саналатын «Муз» (Mousa) деп аталатын 9 ескерткіштерінен келіп шыққан. Бұзылған діндер жүректерге және рухтарға азық бере алмағандықтан, музыка, әртүрлі сазды аспаптардың нәпсіге ұнауы, нәпсіге азық беретіні үшін рухани әсер деп саналды. Бүгінгі батыс музыкасы, шіркеу музыкаларынан пайда болды. Қазіргі таңда, жер бетіндегі бұзылған діндердің барлығында музыка ғибадат түріне айналған. Музыка және әртүрлі сазды аспаптар арқылы нәпсілер рахат алуда, шахуаттар қозып, хайуани қалаулар күшеюде. Рухтың азығы болған, көңілдерді тазалайтын және нәпсіні езгілеп, харамдарға деген қалауларды жоятын ғибадаттар ұмытылуда. Адамдарды маскүнемдікке, нашақорлыққа ғафлет (қараңғылыққа) ішінде өмір сүргізуіне, музыка мен әртүрлі аспаптардыңда кесірі бар. Мұнысымен нәпсілерді семпіртіп, шексіз бақыттан мақрұм қалуға себеп болуда. Ислам діні, адамдарды бұл пәлекеттен қорғау үшін музыканы бөліктерге бөліп, зиянды болғандарын харам етіп, тыйым салған.
Пайғамбарымыздың хадистерінен музыкаға байланысты салынған тыйым, тікелей музыкаға немесе аспаптарға қатысты емес, олардың қалай қолданылуы, сондай-ақ, тыңдаушы мен орындаушының түпкі ниетіне байланысты екенін аңғарамыз. Кез-келген музыка аспабының әркелкі дәрежеде тартылуына, бұған қоса, ән мазмұнының әр алуандығына байланысты, олардың адамға тигізер әсері де әрқилы болмақ. Сондықтан, харам-халал үкімін музыка аспабының қолданылуы мен ән мазмұнын негізге алып қарастырған жөн.
Теолог маман Ш.Рысметова
Музыка тыңдау мәселесі