Мұсылман ғалымдарының ғылымға қосқан үлестері
Мұсылман ғалымдарының ғылымға қосқан үлестері
29.03.2023
1084
0

Ешбір ұлт яки дін өкілдері жеке-дара ғылым үрдісін меншіктеп «Біз бастағанбыз, біз жалғастырудамыз»,-дей алмайды. Ғылым-білімнің дамуы тарихи арнада Месопатамия, Мысыр, Қытай, Үндістан және көне Грекия мәдениеттері арасында алма-кезек жалғасын тауып, ешбір ұлт пен ұлысқа бөлінбейтіндей түп-тамыры тым тереңге дендеген жалпы адамзатқа ортақ құндылыққа айналған.

Батыстағы ғылымның дамуына ықпал жасаған Ибн Сина, әл-Фараби, әл-Хорезми, Ұлықбек, Ибн Рушд, әл-Ғазали, Ибн Халдун, әл-Бируни сынды мұсылман ғалымдарының ғылымға қосқан үлестері зиялы қауымға белгілі. Алайда біздің қоғамға аса мәлім болмаған, ғылым тарихында өзіндік орны бар басқа да мұсылман ғалымдары көптеп саналады. Ендігі кезекте соларға қысқаша тоқтала кетсек.

Медицина тарихына үңілсек, оның ең бір шарықтаған кезеңінің Ислам әлемінде жүзеге асқанын көруге болады. Осы кезеңде көптеген ғалымдар мен ғылыми шығармалар дүниеге келген. Ислам мәдениетінің ең жарқын кезеңі әрі ғылымның Еуропаға өтуінде маңызды орталық болған Андалусия медицина саласындағы жаңалықтардың ошағына айналды.

Ибн Жулжул шипалы өсімдіктерді зерттеп, медицина тарихы және шипалы өсімдіктер жайлы еңбектерін жазды. Диагноз қою мен емдеу саласында андалусиялық дәрігер Әбу Жафар ибн Жаззардың да аты әйгілі болды.

Мұсылман дәрігерлері фармакология, хирургия, көз, гинекология, физиология, бактериология сынды адам мен табиғатты тұтас қамтитын салалармен айналысқан. Ғасырымыздағы медицинаның енді ғана қолға ала бастаған адам рухы мен денесі арасында тепе-теңдікті сақтау мәселесіне орта ғасырлық мұсылмандар сүбелі үлес қосқан. Ибн Синаның «Медет» шипагерлiк кiтабы бүкiл Еуропада 200 жыл бойы «Медет-Сина» деп аталып, содан барып емшiлiк ғылымы «Медицина» деген атпен қалыптасқаны күллi Шығыс елi үшiн зор мақтан тұтарлық жайт.

Анатомияға байланысты шығарма жазғандардың көшбасында Ибн Сина келеді. Оның жазған еңбектері Еуропа университеттерінде оқылатын басты оқулықтардың бірі болатын және ғылыми көзқарастар оның еңбектеріне сүйенбей жасалмайтын. Қан айналымын ашқан Ибн Нәфис болғанына қарамастан бұл атақ ұзақ жылдар бойы ағылшын ғалымы В.Гервейге беріліп келген.

Ислам діні тазалыққа ерекше мән бергендіктен мұсылман ғалымдары ибн Сина, ар-Рази, Абдулқаһир және Сахир Ибн Насрулла жуынудың адам денсаулығына пайдасын егжей-тегжейлі зерттеген. Емханаларда жуыну үшін арнайы орындар бөлінген және де үйлердің көпшілігінде моншалар болған.

Насруддин әт-Туси – кемпірқосақтың қалай шығатынына байланысты толық әрі дұрыс мәлімет берген алғашқы мұсылман ғалымы.

Мәулана Жалалуддин ар-Руми атомның бөлінетіні және атом бөлшектерінің қозғалыста болатынын ғасырлар бұрын айтып кеткен болатын. Одан кейін философ-ақын Яхья ибн Пир Али Науи өзінің еңбегінде атомның бөлінетіндігі жайлы көлемді мәліметтер берген.

Энергетизмнің негізін қалаушы ретінде неміс химигі әрі философ Вилгельм Осволд танымал болған, алайда Кәйсари жайлы жасалған зерттеулер энергетизмнің Кәйсариден бастау алатындығын көрсетуде.

Ұшақ технологиясымен айналысқан мұсылмандардың арасында Испанияда өмір сүрген Ибн Фирнас қауырсын және матамен қапталған алғашқы аэропланды жасаған. Аэроплан ұзақ уақыт әуеде тұра алатын және ұшу тәжірибелерін жасайтын деңгейде жасалған.

Мұсылмандардың адамзат өркениетінің дамуына үлес қосқан «Алтын ғасырында» құқық, тәпсір, хадис және кәләммен қатар медицина, география, астрономия т.б. жаратылыс ғылымдары саласында да жүздеген ғалымдар жетіліп, құнды ғылыми мұраларын тарту етті.

Қазіргі таңдағы ғылымның дамуына батыстың қосқан үлесі қаншалықты бұлтартпас шындық болса, батыстың осындай деңгейге көтеріліп, ғылым мен технология саласындағы көптеген жаңалықтарға қол жеткізуінде мұсылман ғалымдарының үлесі өте зор. Кортни Виктор Бодлейдің айтқанындай: «Қазіргі батыс мәдениеті ренесансқа, ал ренесанс өз кезегінде Исламға қарыздар»,-деген екен. Сондықтан мұсылман баласы өзінің адамзат тарихындағы мақтанышқа толы орнына қайта жайғаса алуы үшін, білім-ғылымға ерекше мән беруі керек.

 

Б.Абдрахман

«Қоғамдағы дін қатынастарын зерттеу»

бөлімінің маманы                                                    

0 пікір