Адам баласының жаратылған сәтінен бастап бүгінгі таңға дейін дінді қоғамнан бөліп қарау мүмкін еместігі айқындалды. Бүгінде әлем елдерінде дін мен оның құндылықтарының халық пен қоғам өміріндегі орнының маңызы артып отырғанын көріп отырмыз. Дін мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды фактордың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Әсіресе, Қазақстан секілді көпэтносты мемлекеттің сенім тұрғысынан да көпконфессиялы болуы заңды құбылыс болып табылады. Қазіргі таңда елімізде 18 конфессияға тиесілі 3796 діни ұйым тіркелген, 2664 ислам, 342 православ, 86 католик, 591 протестант, 60 Ехоба куәгері, 24 жаңа апостолдық шіркеу, 11 Кришна санасы қоғамы, 7 иудаизм, 6 Бахаи қоғамы, 2 буддистік, 2 Иса Мәсіхтің соңғы күнгі әулиелер шіркеуі (мормондар),1 Бірігу шіркеуі (муниттер) жұмыс істеуде.
Соның ішінде Түркістан облысында 6 конфессияға жататын 30 діни бірлестік, олардың 2 филиалдары мен ҚМДБ-ның 748 мешіт-филиалдары бар. 12 православ, 7 Інжілдік христиан-баптистері, 4 Пресвитериандар, 3 Ехоба куәгері, 4 Елуіншілер және олардың 2 филиалдары жұмыс жасауда.
2019 жылы ҚР АҚДМ тарапынан жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес, халықтың 92,8% өздерін дінге сенушілер деп санайды. Елімізде халықтың басым көпшілігі ислам (70,2%) және православ (26%) дінін ұстанатындығы анықталған.
2019 жылғы дін саласында жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша халықтың 89,5% дін саласында мемлекеттік саясатты қолдайтынын атап өтті. Халықтың 63,04% мемлекеттің дамуында зайырлы принциптерін дұрыс деп санайды. Өңірлерде халықтың 76,9% діни экстремизмнің алдын алу бойынша жұмыстар туралы ақпараттандырылды деп мәлімдейді.
Сонымен қатар апта басында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Айда Ғалымқызының ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен халық алдында есеп беру кездесуінде еліміздегі діни ахуалдың жай-күйі мен дін саласындағы ұстанған бағыты жайлы былай деген болатын:
«Мемлекеттің дін саласындағы саясаты бойынша қазіргі таңда өзара байланысты 3 бағыт тұр. Біріншісі, халық арасында зайырлы мемлекет құндылықтарын насихаттау. Екіншісі, дінаралық келісімді сақтау. Үшіншісі, діни экстремизмді болдырмау. Ал, енді осылардың іске асырылуына келер болсақ, келесі бағыттарда жұмыс істеп келеміз:
- Бұл ақпараттық түсіндіру жұмыстары
- Деструктивті діни көзқарастағы азаматтарды райынан қайтару
- Интернет арқылы діни экстремизм идеологиясына қарсы жұмыстар.
Осылайша өткен 2019 жылы АТТ жұмыстарының күшімен 3 миллиондай адамды қамтыған 50 мыңдай іс-шара өтті. Деструктивті діни көзқарасты ұстанушыларды теологиялық-психологиялық оңалту жұмыстарының нәтижесінде 3 мыңнан астам адам радикалды идеологиядан бас тартты.
Дін саласындағы проблемалық сұрақтарға жедел жауап беру үшін 300 адамнан тұратын білікті лекторлар тобы құрылды. Көріп отырсыздар жұмыс өте тиімді. Сондықтан да біз осы жылы топ мамандарының санын 500-дейін арттырып, 1200 лекторды қайта даярлықтан өткізуді жоспарлап отырмыз.
Бұдан бөлек «Жусан» операциясының нәтижесінде елге оралған 163 әйел азаматшаларымызбен мақсатты түрде жұмыс жүргізгеннің арқасында 144 әйел радикалды ойларынан қайтып, олардың біразы зайырлы өмір салтына өтті. Әрине, мәселенің салдарымен емес, себебімен күресу керек. Сондықтан да 2019 жылы 5300-ден аса интернет ресурстары сарапталып, оның 3200-нен заңға қайшы материалдар анықталды, олардың барлығы дер кезінде бұғатталды. Түптеп келгенде бұл саладағы біз үшін ең маңыздысы халық радикалды ағымға қарсы иммунитетін қалыптастырып, елдегі дін аралық қақтығыстардың алдын алу болып табылады».
Соңғы жылдардағы әлемдегі діннің дүмпуі Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Тәуелсіз қазақ елінде діни жаңғыру үдерісі ұлттық дәстүр мен құндылықтардың қоғам өміріндегі рөлінің артуынан және жастар арасында діндарлық деңгейінің өсуінен байқалады. Мысалы, мешітке барып жатқан жамағаттың басым көпшілігі жастар десек қателеспейміз. Ғаламтор желісіндегі діни сайттардың оқырмандары, фейсбук (facebook), вк (vk), инстаграм (instagram), твитер (twitter), телеграм (telegram) сияқты әлеуметтік желілердегі діни топтардың басым бөлігі тағы да сол жас буын. Желіде діни мазмұндағы мақалалар мен әңгімелерді, діни мәтіндер мен аят-хадистерді, фатуаларды (діни шешімдер мен үкімдерді) бір-бірімен бөлісетін де осы – жастар.
Демек, қоғамда әсіресе, келешек буын жастардың арасында дінге, діни рәсімдерге, діни ақпаратқа сұраныс артып отыр. Мынадай сымсыз айди (iD) технология дамыған заманда ақпарат шексіз және қол жетімді. Егер біз жастардың осындай сұранысын қанағаттандыра алмасақ, онда олар бұл ақпаратты, дерек көздерді сырттан іздейді.
Әрине, олармен қарсы күресте тек күш қолдану тәсілі тиімді нәтиже бере бермесі анық. Сондықтан бұл мәселеге қарсы идеологиялық күрес жүргізудің де маңызы жоғары. Идеологиялық күрестің қандай күш екенін аға буын жақсы біледі. Сондықтан болса керек бірнеше кісі бас қоса қалса «Кеңес үкіметі кезінде мемлекеттік идеология күшті еді. Қазір ондай идеология жоқ» - деп сын айтып жатамыз. Негізінде «мемлекеттің дінге қатысты идеологиясы жоқ» деп айту орынсыз. Мемлекеттік идеология жоқ емес, бар. «Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» осының айқын дәлелі.
Кез-келген мақсатты істің бағыты мен бағдары, бекітілген құжаты болады. Біз айтып отырған дін саласындағы 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдама да мемлекеттің дін саласына қатысты атқаратын жұмыс бағыты мен бағдары, стратегиялық мақсаттары қамтылған құжат. Басқаша айтқанда, бұл құжат – елдегі конфессияаралық және этносаралық келісімді жетілдіріп, бейбіт өмірді нығайтып, дәстүрлі діліміз бен дінімізді сақтап, адасқан діни-сенімдердің алдын алу үшін мемлекетіміздің атқаруы тиіс жұмыс жүйесі. Мемлекеттің дін саласына қатысты ресми көзқарасы.
Еліміздің тұрақты дамуының кепілі – бейбітшілік пен ынтымақтастықта. Мемлекетіміз көпконфессиялы қоғамның озық үлгісін әлемге паш етіп отыр. Оған Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында әр үш жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезі негіз бола алады. Сонымен қатар Елордамыздың әлемдік діни-саяси ахуалдың тұрақталуына қосып келе жатқан үлесі жайлы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тарихи тұлға тағылымы» атты мақаласында былайша атап өтеді:
«Әлемдегі дәстүрлі діндер мен конфессиялар көшбасшыларының съезі тұрақты түрде өтіп келеді. Жаһандық деңгейдегі саясаткерлер Қазақстанның этносаралық татулық үлгісін «Назарбаев моделі» деп атайды. Олар Қазақстанның бұл тараптағы тәжірибесін жіті зерделеп, басқа елдерге таратуға да ықыласты болып отыр. Елордамыз Сирия дағдарысы бойынша Астана процесі атауымен бітімгершілік миссиясына қызмет етті. Осының бәрі шаһардың шынайы келбетін қалыптастырып, шын мәніндегі бейбітшілік қаласы екенін жаһан жұртына дәлелдей түсті».
Еліміздегі зайырлылық ұстанымын дамыту, дінаралық келісімді сақтау діни экстремизммен күресу жұмыстарының жағдайы туралы көп дүние жазуға болады. Бұл бағытта көптеген шаралар жасалған және жасалуда. Осы ретте, ойымды дінге қатысты мәселелердің барлығын тек бір мекемеге ғана жүктеп қоймай, әрбір Қазақстан азаматы ат салысқаны жөн. Халқымыз «жұмыла көтерген жүк жеңіл» - демекші еліміздегі дінаралық татулықты ілгерілету мен діни радикализмнің алдын алу баршамызға ортақ міндет.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
директорының орынбасары, дінтанушы М.Халықов
Мемлекеттің дін саласындағы ұстанымының негізгі мәселелері