Виртуалды үй...
Виртуалды үй...
21.04.2025
624
0

Жас бала жас бір шыбық,

жас күнде қай түрде иіп тастасаң,

есейгенде сол иілген күйде қатып қалмақ.

      Теріс иіліп қалған шыбықты

    артынан түзеймін десең, сындырып аласың.

«Баланы - бастан» деген сөздің мәнісі осы.

(М.Жұмабаев; «Педагогика» еңбегінен)

Қазіргі ғаламтор желісі дамыған заманда жастардың виртуалды ойындарға деген тәуелділігі күн санап артып жатқаны белгілі. Ақыл-ойдың таза уақытын ыңғайлы пайдаланып, олардың санасына тікелей әсер етуді көздеген түрлі ағымдар мен топтар өздерінің деструктивті идеяларын дәл осы ғаламтор арқылы сіңдіргісі келеді. Сол арқылы олардың жүрегіне өздерінің арам пиғылды мақсатын қондырып, теріс жолға түсіру үшін барын салары хақ. Мұндай жағдай қарапайым компьютерлік ойындардан бастап, әлеуметтік желілер мен ұялы байланыс қосымшаларында анық көрінеді.

Өкінішке орай, еліміз болашағы саналатын жастар компьютерлік клубтар мен ойын алаңдарын «екінші үйлеріне» айналдыруда. Өздерінің виртуалды әлемге тәуелді болып жатқанын тіпті аңғармауда. Оған дәлел, онлайн форматтағы ойын түрлері мен бәс тігушілердің басым бөлігінің жасөспірімдер екендігін дәлелдейтін түрлі деңгейдегі статистикалық бақылаулар мен тексерулер.

Жастық шақ – адам баласының физиологиялық тұрғыдан да әрі рухани тұрғыдан да дами түсетін кезеңі. Ардақты Елші Мұхаммед (с.а.с) хадисінде: «Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсенің қадіріне жетіңдер»,- деді. Соның бірі ол – қартаймай тұрып, жастық шақтың қадірін білу. Жастық шақ – мол мүмкіндік берер уақыт. Дәл осы уақытта адам қоғамға пайдалы іспен шұғылданып, ізгілікті істі өзіне арқау етсе, қартайған шақта жасалатын игілікті істен әлдеқайда қайырлы әрі сауапты болады.

Егер ұл немесе қыз осы кезеңде адам бойына агрессивті мінез-құлықты тудыратын онлайн ойындарға берілсе, соңы өзімен қоса өмір сүретін ортасына зиян келтіретін жағымсыз салдарға апаруы жалған емес. Осы орайда неге? Неліктен мұндай жеккөрушілік мінез туындатады?,- деген сауал көкейге келуі мүмкін. Себебі, көгілдір экран артында түрлі жағымсыз, зорлық-зомбылық пен бейәдеп әрекеттер ашық көрсетілуі баланың сана-сезіміне кері әсерін тигізбей қоймайды.  Рухани тәрбиеге едәуір залал тигізетін ойындардың 49 %-ында басты кейіпкер өз мақсатына жету үшін түрлі атыс, шабуылдар мен жарылыс заттарын пайдаланады.

«Үйде отырған бала – ең жақсы» деген пікірден аулақ болу керек. Яғни,  «балам ешқайда шықпайды, ешкіммен араласып қыдырмайды»,- деген ата-аналар өз ұл-қызының әлеуметтік желіде қандай парақшаларға тіркеліп, кімдермен байланыс орнатқанын тексергені жөн. Нағыз ұлттық тәрбие ол – ата-ана мен ата-әженің берген тәрбиесі.  

Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадисінде: «Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін қайтіп өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, дүние-мүлкін қандай жолмен тауып, қайда жұмсағандығы және алған білімімен не істегендігі жайлы есепке тартылмайынша бір адым да орнынан тапжылмайды»,- деген.

Құрметті жас оқырман! Егер сіз біздің мақаламызды оқып отырсаңыз, біліңіз! Сіз бүкіл әлемге өркениеті және дамуымен өшпес із қалдырған елдің перзентісіз. Саңлақ сахабалардан қалған: «Уақыт деген қылыш секілді. Сен оны кеспесең, ол сені кеседі»,- деген сөздерін жадыңызда ұстап, құнды болған уақытты ғаламторды шарлаумен өткізбеңіз. Ең бастысы – бұл өмірде өзіңіздің лайықты орныңызды тауып, ата-анаңызға қолғабыс танытыңыз, спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстаныңыз әрі ата-бабамызға лайықты ұрпақ болыңыз!

Б.А.Шаймерден

Жетісай ауданының және

аудандық «Нұғман» мешітінің бас имамы

0 пікір