Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннен қалған мұра
Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннен қалған мұра
24.05.2021
892
0

Адамзат үшін білімнің орны қашан да болсын жоғары болған. Білімге, ғылымға ұмтылған жандардың есімдері әлі күнге дейін ұмытылмады. Тіпті мұсылмандардың қасиетті кітабы Құран Кәрімнің алғашқы түскен сүресі «Алақ» сүресінің алғашқы аяттары да Иқро яғни «Оқы» деп басталды. Білім алуды парыз деп білген мұсылмандар осы күнгі гуманитарлық және физика ғылымының барлық саласында төңкеріс жасады. Ал нәтижесінде Еуропаның ренессанс дәуірі пайда болды. Ислам тарихында алғашқы мектептердің рөлін мешіт пен медреселер атқарды. Мұндай дәстүр қазақ даласында да орын алған. Атақты Көкілташ, Қарнақ, Оңтүстігімізде орналасқан Аппақ ишанның медреселері қазақ балаларының алғашқы сауат ашу курстары ретінде қызмет атқарды. Ал XIX ғасырдан бастап қазақ балаларының білім алуы үшін мектептерді қайта ашу жұмыстары қайта қолға алынды. Батыс қазақстанда Жәңгір хан қазақ балалары үшін мектеп ашса Арқада нақтырақ Торғайда қазақ балалары үшін алғашқы Хрестоматия жазған Ыбырай Алтынсарин атамыз мектеп ашып мұғалім болды. Педагогтың өз қызметіне деген сүйіспеншілігін мына жазып қалдырған естелігінен байқауға болады: «Қаңтардың сегізі күні менің көптен күткен ісім жүзеге асып, мектеп ашылды және оған қазақтың тамаша да, сүйкімді де, зерек те 14 ұл баласы қабылданды. Мен оларды оқытуға қойға тиген аш қасқырдай кірістім. Қуанышыма қарай балалар айналдырған үш айдың ішінде орысша және татарша оқуды да, тіпті жазуды да меңгеріп алды», деп жазба қалдырған. Ол уақытта кітап, оқулық жазу шешімін таппаған күрделі мәселе еді. Бірақ соған қарамастан қысқа әңгімелер мен өлеңдерді жазып оқу құралын жазуға тырысты. Нәтижесінде 1879 жылы қазақ мектептеріне арналып жазылған алғашқы ұлттық оқулық – «Қазақ хрестоматиясы» жарық көріп қара домалақ, қара көздерге білім нәрімен сусындауға жол тартты. Өз қызметін жанынан артық жақсы көрген ұлы ұстаз қазақ балаларына білім беру үшін өлеңдер шығарып, үгіт-насихатын аямады. Оның «Кел балалар оқылық» атты өлеңі жастарды білім алуға шақырып, биік шыңдарға жетеледі. Сол өлең шумақтарынан бір жолын жаза кетсек:

Бір Аллаға сыйынып,

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық.

Оқу білген таниды

Бір жаратқан құдайды,

Танымаған құдайды

Не ғылғанда ұнайды?

Шырағым абай болғай деп,

Ата-енең жылайды,

Баладан қайыр болмаса,

Баланы неге сұрайды.

  Байқар болсақ ұстаздың діннен де хабары болғандығын көреміз. Құран Кәрімде: «Білгендер мен білмегендер тең бе?» деп келетін «Зүмәр» сүресінің 9 аятымен үндесіп тұрғандай. Сайып келгенде айтпақ болғанымыз білімді болу заман талабы. Білімді болу арқылы елді де жерді де қорғауға болады. Айды да бағындыруға болады. Ал қазіргі күнде білім, ғылымы дамыған елдердің айы оңынан туып тұр. Дәл қазіргі әлемдік пандемия жағдайында да білімді азаматтардың қажеттілігі сезілуде. Себебі коронавирусқа қарсы вакцина ойлап тапқан әлемде небәрі алты ғана ел бар. Соның бірі Қазақстан ғалымдары. Ал білімнің, ғылымның бастауы – мектептен қаланбақ. Себебі ағартушы Ыбырай Алтынсарин: «Мектеп – тәрбие берудің негізгі құралы, халықтың болашағы тек осы мектепте»- деген сөзін жадымыздан шығармайық.

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

 теолог  маманы                                                                   Қ.Қосмаханов

0 пікір