Тазалық – тәннің емес, жанның айнасы
Тазалық – тәннің емес, жанның айнасы
06.05.2025
514
0

Қазақ халқының дүниетанымында тазалық ұғымы тек сыртқы келбетпен өлшенбейді. Тазалық – жан дүниенің айнасы, адамның ішкі мәдениетінің, рухани деңгейінің көрінісі. Көшпенді өмір кешкен бабаларымыз табиғатпен етене тіршілік ете жүріп, әр нәрсеге ерекше мән берген. Су ішкен бұлағын ластамаған, кір жуатын өзеніне жаман сөз айтпаған, осының бәрі жан тазалығының үлгісі болып табылады.

Ислам дінінде де тазалық – иманның жартысы. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.): «Тазалық – иманның жартысы» деген хадисінде мұсылман адамға тән тазалықтың қаншалықты маңызды екенін көрсетіп кеткен. Бұл жерде айтылып тұрған тазалық – жай ғана жуыну немесе киімді таза ұстау емес, ол – ниеттің, пейілдің, жүректің тазалығы. Жан тазалығы бар адам өтірік айтпайды, ғайбат сөйлемейді, ешкімге жамандық ойламайды. Бұл тазалықтың ең жоғары деңгейі – Алламен байланыста болу, яғни жүректі күнәдан сақтай білу.

Қазақы түсінікте де, кімнің жаны таза болса, соның жолы ашық болады деген сенім бар. Жаны таза адамның сөзі де, ісі де жұртты тартатыны белгілі. Ондай кісінің жүрген жерінде береке орнайды, өйткені оның бойындағы жарық қуат өзгелерге әсер етеді. Бұл – рухани энергетика, адам бойындағы тазалықтың көрінісі екендігі байқалады.

Кейбіреулер тазалықты тек шариғаттағы дәрет, ғұсыл сияқты амалдармен шектеп қоюы мүмкін. Алайда, ислам тазалықты жан-жақты қарайды. Мәселен, ар-ұятты сақтау, ниетті түзету, адал табыс табу – мұның бәрі ішкі тазалықтың бір қыры. Қоғамда адам арасындағы қарым-қатынастың мәдениеті де тазалыққа тәуелді. Егер адам жаны лас болса, ол жерде рия, күншілдік, іштарлық сияқты жағымсыз қасиеттер бой көтереді.

Бүгінгі күнде жан тазалығын сақтау бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Ақпарат ағыны, материалдық құндылықтардың шектен тыс маңыздылығы, сыртқы әсемдікке деген асыра көңіл бөлу – адамның рухани әлемін көлеңкелеп бара жатқандай. Осындай заманда ішкі тазалықты сақтау – адамның өзіндік болмысын, адамдық қадірін жоғалтпай өмір сүруінің кілті екені анық.

Сондықтан «тазалық» деген ұғымды кең түсініп, оны жан мен тән үйлесімінде сақтау – әрбіріміздің борышымыз. Тазалық – шынайылықтың, адамгершіліктің, дін мен дәстүрдің алтын өзегі. Жүрек пен ой таза болса, өмірдің өзі жеңілдей түседі. Тазалық – тек шыншыл адамның үлесі.

Жан тазалығы – адамның Алламен байланысын күшейтетін рухани көпір іспеттес. Жүрегі таза жан ешқашан көреалмаушылыққа, іштарлыққа, өсек пен ғайбатқа жол бермейді. Керісінше, ол жүрекке иман ұялайды, ал иман – бүкіл жақсылықтың бастауы.

Қасиетті Құранда: «Сол күні ешбір мал-дүние де, бала-шаға да пайда бермейді. Тек Аллаға таза жүрекпен келгендер ғана құтылады» («Шұғара» сүресі, 88-89 аяттар), – деп айтылған. Бұл – жан тазалығының ақыреттегі де маңызы зор екенін айқын көрсететін аят. Демек, бұл дүниеде жүректі кірлетпей, иман мен ар-ожданды биік ұстау – мәңгілік өмірге жол ашар ең сауапты істердің бірі. Жаны таза адам – өзі ғана бақытты емес, өзгені де сол бақытқа жетелей алатын тұлға.

 

 М.Серікұлы

Теолог маман                                                  

 

0 пікір