«Шын мәнінде, үмбетім адасушылықта бірікпейді»
«Шын мәнінде, үмбетім адасушылықта бірікпейді»
09.09.2020
1206
0

Жер бетінің батысы мен шығысына Ислам діні тарап, мұсылманшылық кең етек ала бастаған уақытта түрлі діни жамағаттар пайда бола бастады. Жамағаттардың пайда болуының ең басты себебі – дін тұрғысындағы мәтіндерді (нас) терең ұғына алмау болды. Құран Кәрімдегі астарлы мағынада  келген аяттар, Пайғамбар (с.а.с.) хадистеріндегі негізгі мағына – Ислам жік-жікке бөліну емес, керісінше мүминдердің жұмылған жұдырықтай ауызбіршілік пен ынтымақта болуы еді. Әли Имран сүресінің 103-аятында: «Алланың жібінен  мықтап ұстаныңдар да бөлінбеңдер...», - деп Алла Тағала мұсылман үмбетін ынтымаққа шақыруда. Алайда, Ардақты Елші Мұхаммед (с.а.с.) дүниеден озған сәттен бастап-ақ діннің ішінде жамағат құрып, бөлектеніп, жеке ой-пікір қалыптастырған топтар пайда бола бастады.

Әбу Һурайрадан жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Яһудилер жетпіс бір яки жетпіс екі топқа бөлінді; христандар жетпіс бір яки жетпіс екі топқа бөлінді; менің үмбетім жетпіс үш топқа бөлінеді», – деген хадис келтіріледі. Бұл хадис Муслим мен Бухаридің сахих хадистер жинағында кездеспегенімен, басқа мухаддистердің еңбектерінің бәрінде дерлік айтылған. Бұл хадиске имам Тирмизи «хасан сахих» деп баға берген. Басқа бір хадисте: «Ақиқатында Исрайыл ұрпақтары 71 не 72 топқа бөлініп қайшылыққа түсті. Сендер де алдағы уақытта дәл солар секілді немесе олардан да көп топқа бөлініп, өзара қайшылыққа түсесіңдер. Ол топтардың біреуі ғана ақиқатта», – дегенде, сахабалар одан: «Уа, Алла елшісі, аталған топ кімдер?», – деп сұрады. Ол: «Жамағат (көпшілік) болғандары. Одан басқаларының бәрі тозақта», - деп айтылады.

Пайда болған топтардың әрқайсысының мақсат-межелері бір – хадисте айтылған «ақиқат жолындағы» жамағат атану. Десе де, ол топтар өздерінің Құран Кәрімнен, Пайғамбар (с.а.с.) хадистеріндегі түпкі негізден алыстап кеткендерін білген жоқ.

Осы ретте Анас ибн Маликтен жеткен хадисте: Ардақты Елші (с.а.с.): «Шын мәнінде, үмбетім адасушылықта бас қоспайды (бірікпейді), егер қарама-қайшылықтарды көрсеңіздер (душар болсаңыздар), міндетті түрде көпшілікке қосылыңдар!», - деп айтқан. Бүгінгі таңға дейін ислам тарихында діннің негізгі принциптерінен алыстап кеткен түрлі жамағаттар болды. Жоғарыда айтылған хадиске сүйенсек: «мұсылман үмбеті адасушылықта бірікпейді деп айтылады, қазіргі көптеген мұсылмандардың түрлі жамағаттардың сойылын соғып жүргені анық. Сонда бұл хадис не нәрсені меңзейді? - деген сұрақ туындайды.

 

Жоғарыда айтылған хадисті ғалымдар: «шын мәнінде мұсылмандар шариғи мәселеде бірігіп, адасушылыққа бастайтын үкім шығармайды, бәлкім олар өз араларында ақылдасып, Құран мен сүннетке сай амал етіп, ақиқатты табады», - деген мағынада айтылған деп тұжырымдайды.

Исламдағы діни топтардың шығу тарихына үңіле қарайтын болсақ қандайда бір жамағат өмір сүрген кезеңіндегі көпшілік жұрттың өте аз ғана мөлшерін құрады және өздерін мұсылман жұртын «ақиқат тура жолына бастаушы» ретінде танытып, көрсеткенімен өте аз мөлшерде ғана ерушілері пайда болды.

Ибн Хиббаның хадистер жинағының 239-бетінде: Ибн Омардан риуаят етілген хадисте Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.): «Алла елшісі (с.а.с.) осы мен тұрған орында тұрып: «Сахабаларымнан, одан кейін келгендерден (табиғиндер) және одан кейін келгендерден (әтбәғу табиғиндер) ізгі өсиет сұраңдар. Олардан кейін келген заманда өтірік белең алады. Тіпті, кісі алдымен өз сөзін одан біреу ант ішіп, куәлік келтіруін сұрамаса да, куәлік келтіріп, ант ішумен бастайды. Сендердің біреулерің жәннатқа кіруді қаласа, жамағаттан (көпшіліктен) ажырамасын. Расында шайтан жалғыз адаммен бірге. Ал екі кісіден алыстау жүреді...», - деп айтқанын жеткізеді.

Қорытындылай айтқанда, Құран аятындағы, Мұхаммед Пайғамбар (с.а.с.) хадистерінде мұсылмандарға бұйырылған нәрсе – бірлік. Өмір сүріп жатқан қоғамынан бөлек бас кешіп, жеке өмір сүруді дін бұйырмайды. Себебі, Имам Бухаридің хадистер жинағында: «...расында бір адам жамағаттан (көпшіліктен, қоғамнан) жырақтанған күйде жан тапсырар болса, оның надандық өліммен өлгені» - деген хадис жайдан-жай айтылмаса керек.

 

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ-нің маманы   І.Нағызхан

0 пікір