Отанды қорғау – абыройлы міндет
Отанды қорғау – абыройлы міндет
16.05.2025
677
0

Отанды қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы және абыройлы міндеті. Бұл ұғым мемлекеттің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығы мен халықтың бейбіт өмірін қамтамасыз ету жолындағы азаматтық жауапкершілік пен патриоттық парызды білдіреді.

Тарихтан белгілі болғандай, ата-бабаларымыз ел мен жерді қорғау жолында ерен ерлік көрсетіп, ақ білектің күші мен ақ найзаның ұшымен,   болашақ ұрпаққа тәуелсіз мемлекет қалдыру жолында жан аямай күресті. Бүгінде сол ұлы мұраны сақтау, оны нығайту – әрбір қазақстандықтың міндеті болып табылады.

Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Заңы азаматтарға Отан алдындағы әскери борыштарын өтеу қажеттілігін айқындайды. Әскери қызмет – ерлік пен елжандылықтың нақты көрінісі. Бұл – тәртіп пен жауапкершілікке негізделген аса маңызды мемлекеттік қызметтің бір түрі.

Сонымен қатар, Отанды қорғау тек қана әскери қызметпен шектелмейді. Азаматтық қоғам мүшесі ретінде елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына үлес қосу, заңға бағыну, салық төлеу, қоғамдық тәртіпті сақтау, ел мүддесін қорғау – барлығы осы ұғымның аясында қарастырылады. Әскери қызмет азаматтың жеке жауапкершілігін арттырып, тәртіп пен ұйымшылдыққа баулиды. Қазіргі заманда Отан алдындағы борышын өтеген азаматтар еңбек нарығында да жоғары бағаланады, өйткені оларда табандылық, тәртіп, командалық жұмыс дағдылары жақсы дамыған. Бұл – әскери қызметтің өмірлік маңызы бар мектеп екенін дәлелдейді.

Қазіргі таңда еліміз бейбіт саясат ұстанғанымен, қауіпсіздікке төнуі мүмкін сыртқы және ішкі қатерлерге қарсы тұрудың маңыздылығы зор. Осы орайда, әскери дайындықтың, стратегиялық ойлау мен кәсіби машықтардың жоғары деңгейде болуы қажет. Бұл бағытта мемлекет тарапынан арнайы бағдарламалар мен техникалық жаңғырту шаралары жүйелі түрде жүргізілуде.

Жас ұрпақты елін сүюге, мемлекеттің тұтастығын бағалауға тәрбиелеу – қоғамның басты міндеттерінің бірі. Әскери-патриоттық тәрбие, тарихи сананы қалыптастыру мен ерлікке үндейтін шаралар жастардың бойында рухани беріктік пен азаматтық белсенділік қалыптастырады. Батыр бабаларымыздың өнегесін ұлықтау, олардың елге қызмет ету жолындағы жанқиярлығын үлгі ету – ұлттық бірлікті нығайтады.

Қорытындылай келе, Отанды қорғау – жоғары азаматтық сана мен отансүйгіштікті талап ететін маңызды міндет. Ел болашағына немқұрайлы қарамай, мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен дамуына шын ниетпен атсалысу – әр азаматтың парызы.

Мемлекеттің тәуелсіздігін сақтау, аумақтық тұтастығын қорғау – әрбір азаматтың тарихи, құқықтық және адамгершілік жауапкершілігі. Егемен еліміздің ертеңгі болашағын қамтамасыз ету жолында әскери қызметтің мәні ерекше. Ата-бабаларымыз айтқандай: «Ел қадірін көрген біледі, жер қадірін жүрген біледі» деп ел мен жердің қадірін білетін, болашағына алаңдайтын  ұрпағымыз көбейсін.  Отан алдындағы адалдық, елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік – әрбір азаматтың бойында болуы тиіс негізгі ұстанымдардың бірі. Отанды қорғау – абыройлы міндет. Осы жолда татулық пен бірлікті сақтап, әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз қажет.

 

  Е.Ештай

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының 

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ-нің теолог маманы                         

0 пікір