Кибербуллинг деген не?
Кибербуллинг деген не?
23.02.2022
5926
0

Бүгінгі таңда бүкіл әлемді елеңдетіп, қоғамның айықпас дертіне айналып отырған мәселелердің бірі – кибербуллинг. Буллинг (bullying) – ағылшын тілінен аударғанда, қорлау, қудалау, мазалау дегенді білдіреді. Буллинг жасаушы мұны күшпен де, сөзбен кемсіту арқылы да жасайды әрі бұл әрекетін жиі қайталауы мүмкін. Қоғамда «буллинг мектеп оқушылары арасында ғана болады» деген түсінік қалыптасқан. Шындығында, кез келген жастағы адам үйде, көшеде, жұмыста, оқу орнында, барлық жерде буллингпен бетпе-бет мүмкін. Ал құрбанға топ болып әлімжеттік жасауды моббинг дейді. Кибербуллинг – адамды интернетте, мысалы әлеуметтік желілерде қорлау немесе қудалау. Жалпақ тілмен айтқанда, түрлі ғаламтор желілері арқылы азаматтарды бопсалау, қорқыту және қудалау. Бұл – қазіргі ақпараттық технологиялар күннен-күнге дамыған ғасырда өте өзекті мәселе. Кибербуллингтің жастарға немесе жасөспірімдерге тигізер зияны орасан зор. Қазіргі таңда кибербуллингтің құрбандары – жастар.  Деструктивті діни ағым өкілдері жастарға ғаламтор және әлеуметтік желілер арқылы кибершабуылдар жасап, жат ағымның жетегіне еріп, құрбаны болып жатқандығын құлағымыз естіп, көзіміз шалып жатады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Балаларды кибербуллингтен қорғау жөніндегі заңнамалық шараларды қабылдайтын кез келді. Балалар құқығын қорғау жөніндегі басқа да шараларды күшейту керек», деген болатын. Президенттің бұл айтқан ойы өте маңызды. Жыл өткен сайын ғаламтор мен әлеуметтік желіні пайдаланушылар саны артып келеп жатыр. Оның ішінде басым көпшілігі жастар. Осы жастарға бір кездері ғаламторды үйреткеніміз секілді, енді одан қалай қорғану керектігін де үйретуіміз қажет. 

Қоғам арасында кибербуллинг турасында пікір қалыптастыруымыз қажет. Көптеген азаматтардың пікірінше кибербуллинг тек мектептің айналасындағы мәселелер ретінде көреді. Кибербуллинг жас, ұлт, нәсіл, әлеуметтік жағдайды таңдамайтындығын түсіне алуымыз қажет. Мысалы, интернет технологияларды біреуді әдейі ренжіту, қорлау немесе ызасын келтіру үшін пайдалансаң, онда бұл – кибербуллинг. Тіпті, сен біреу туралы ренішті постқа лайк бассаң да, немесе ренішті постты жіберсең, бұл да – кибербуллинг. Буллингге ұшыраған адамның бойында шарасыздық пен үмітсіздік пайда болатыны мәлім. Шарасыздықтың соңы, кей кездері адамның өз-өзіне қол жұмсауымен де байланысып жатқаны белгілі. Сондықтан да ғаламторда азаматтарымыз қандай жағдай болса да, медиа сауатты болу қажет.

Кибербуллингпен күресу – заман талабы. Басқа да мемлекеттердің жұмыс жасау үлгілеріне қарап, олардан нәтиже шығарумыз қажет. Британ мектептерінде интернет-тролльдардан қорғануға арналған пән бар. Сабақтарда оқушыларға желідегі ізге түсуге қалай жауап беру керектігін және соның әсерінен күйзеліске қалай ұшырамауға болатындығын түсіндіреді. Оңтүстік Кореяда 2007 жылдан бері интернеттегі қудалаумен күресетін арнайы заң бар. Германияда кибермоббинг ұйымдастырған ересек адам 10 жылға дейін, жасөспірім 5 жылға дейін жаза қолданылады. Интернетте басқа баланы қудалаған кибербуллерді түзету жұмыстарына тарту да қарастырылған.   

Қазіргі қоғамда адамдар бір-бірін ренжіткісі келіп тұрады. Неге екендігінің себебін айтып түсіндіру қиын. Кейде өзіміз қаламасақ та, біреудің көңіліне келетін әрекеттер жасап, ауыр сөздер айтыу, жәй сөз секілді болып көрінеді. Осындай жағдайда Абай атамыздың мына сөзі еріксіз еске түседі: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп». Адамдардың бойынан жақсыны да, жаманды көру өзімізге байланысты. Бір-біріміздің жамандығымызды жасырып, жақсылығымызды асырып жүрсек, түрлі бәлекеттерге тосқауыл бола алатын едік.

Қорытындылай келе, бала тәрбиесін әке-шеше, ата-әжеге емес, интернетке табыстаудың қаупі орасан зор. Заманауи технологияның мүмкіндігі күн санап түрленіп жатқан ХХІ ғасырда осы мәселеге дем қоятын сәт келді. Бауыр етіміз жамандыққа бармасын, ала жіптен аттамасын десек, алдымен өзіміз үлгі болып, балаға барынша көп көңіл бөлуіміз қажет.

«Қоғамдағы дін қатынастарын зерттеу»

бөлімінің дінтанушы маманы                                                   Ж.Жорабек

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір