Қазіргі жаһандану заманында ақпарат ағынына төтеп беру, діни көзқарастардың сан алуандылығы арасында дұрыс бағытты ұстану – әрбір азамат үшін маңызды міндетке айналып отыр. Сондықтан әр адамға дұрыс бағытты табу үшін діни сауаттылық керек.
Діни сауаттылық дегеніміз – адамның өз діні туралы нақты, ғылыми және шынайы ақпаратқа ие болуы. Діни сауатты адам өз сенімін шынайы негізде қалыптастырып, радикалды және деструктивті ағымдардың жетегіне ермеуі керек. Діни сауаттылық – бұл тек діни білім алу ғана емес, сонымен қатар адамның рухани және моральдық дамуының негізі. Ол адамға өз сенімін терең түсінуге, өмірінде рухани құндылықтарды басты негізге алуға мүмкіндік береді. Діни сауатты адам өз сенімін терең түсініп, оны дұрыс бағытта қолдана алады. Әрбір азамат өзінің діни білімін арттыру арқылы ішкі жан дүниесін тәрбиелейді, айналасына ізгілік пен парасаттылық нұрын себеді. Сондықтан діни сауаттылық – рухани кемелденудің басты кілті болып табылады.
Діни сауатсыздық – теріс ағымдарға еру, діни мәтіндерді бұрмалап түсіну, қоғамнан оқшаулану сияқты қауіптерге әкеледі. Бұл өз кезегінде отбасы, қоғам және мемлекет тұрақтылығына кері әсерін тигізеді. Осы себепті Қазақстанда діни білім беру, түсіндіру, алдын алу шаралары тұрақты түрде жүргізілуде.
Қазақстан Республикасының дін саласындағы саясаты – зайырлы қағидатқа негізделген. Дегенмен, мемлекет қоғамда діни сауаттылықтың артқанын қолдайды. Мешіттер жанындағы сауат ашу курстары, діни институттар мен ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысы – осының айғағы.
Діни сауаттылық – жеке тұлғаның ғана емес, тұтас қоғамның тұрақтылығы мен рухани дамуының кепілі. Адам баласы өмір бойы өзін дамытып, кемелденуге ұмтылады. Бұл жолда білім, тәрбие, тәжірибе маңызды рөл атқарады. Ал адам рухани жағынан да өсуі керек. Рухани жетілу – бұл ішкі жан дүниенің тазалығы, имандылық, әділеттілік, сабыр мен мейірім сияқты қасиеттердің қалыптасуы. Осындай асыл қасиеттер дінмен тығыз байланысты. Сондықтан діни сауаттылық – рухани кемелденудің басты жолы.
Рухани тұрғыдан дамыған адам өзгелерге сыйластықпен қарап, айналасына тек жақсы әсер береді. Ол тек өзін ғана емес, қоғамды да ізгілікке бастайды. Осындай адамдар көбейсе, еліміз де тыныш, бірлікте өмір сүреді.
Діни сауаттылық – бұл рухани кемелденудің кілті. Ол адамның ішкі жан дүниесін байытып, қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Қазақстанда діни сауаттылықты арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар халықтың рухани дамуына және ұлттық бірегейліктің сақталуына зор үлес қосуда.
Қорыта айтқанда, бүгінгі қоғамда рухани тұрғыдан білімді болу – әр азаматтың жауапкершілігі. Сан түрлі ақпараттың ішінен шындықты тану үшін адамның діни білімге, парасатты ойға және дұрыс бағдарға сүйенуі қажет. Діни сауаттылық – тек сенімді түсіну ғана емес, сонымен қатар өмірлік ұстанымды қалыптастырудың негізі. Ол адамға сабырлы болуға, өзгеге құрметпен қарауға, кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдай білуге көмектеседі. Сондықтан әрбір азамат діни сауаттылығын арттыруға ұмтылып, рухани кемелденуге талпынуы қажет.
Ұ.Тұрсын
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің маманы
Діни сауаттылық – рухани кемелденудің кілті
