Бауырыңның қателіктерін кешіре біл
Бауырыңның қателіктерін кешіре біл
12.05.2025
1027
0

Әрбір адам өз өмірінде алдына асыл мақсат қойып, сол мұрат-мақсатыма жетсем деген ниетте болары анық.

Бауырмалдық – ең қастерлі қасиеттердің бірі. Адам бауырына деген шынайы сүйспеншілігі, қамқорлығы, жанашырлығы бейнебір діңгек ағаштан тараған бұтақтарға ұқсайды.

Ерлі-зайыптының ортасындағы құқықтары болғаны сияқты бауырластық байланысында да өз құқықтары бар. Неке құқықтарына опалы, адал болу міндетті болғаны сияқты, бауырластық құқықтарына да солай опалы, адал болу міндетті. Мұсылман бауырдың өзінің басқа мұсылман бауырының мал-мүлкінде, тілінде, күш-қайратында, жүрегінде, дұғасында, ықыласында, қамқорлығында ақысы бар.

Адам өз бауырына өзінің қамқорлығымен, күш-қайратымен ол досының сұрауынан бұрын қажетін өтеп көмектесуі керек. Қамқорлықтың ең төменгі деңгейі – сұрағанында көмектесуі. Кейбір салиқалы кісілер өздерінің қайтыс болған бауырларының отбасына 40 жылға дейін көмектесіп тұрған екен. Олардың бала-шағалары әкесінің көзін көрмесе де қамқорлығын әрқашан сезініп отырған екен.

Дәстүрлі ислам шариғатында мұсылман мұсылманның бауыры, ол оған еш уақытта тілімен де, қолымен де жаманшылық жасамайды, келеке етпейді, малына, арына сұқтанбайды. Бұл иләһи қағида,  исламдағы ең ұлы ұғымдардың бірі. Бұл тақырыптар мінберлерде, діни отырыстарда талай қозғалғанымен соны амалға асыру, бірінші болып соған қадам басу бізден байқалмауда. Себеп не? Онсыз да қарасы санаулы мұсылман қоғамы тоз-тоз болып кетті, Құран бір, Пайғамбар (с.а.с) сүннеті бір емес пе? Осыншама  алшақтық қайдан пайда болды. Бұған кімдер итермелейді. Әлде бұл діни сауатсыздық па? Аттөбеліндей мұсылман жамағатының арасында  діннің кейбір тармақшаларына қатысты мәселелерде  даудамайлар, өзара келіспеушіліктер толастаған емес.

Алаштың арысы Әлихан Бөкейханов өз сөзінде: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады», деген.

Денені құраған ағзалар бірігіп жұмыс жасаған уақытта дене сау болатыны сияқты қоғамның мүшесі саналатын адамдар да, бауырмашылдықта болса, өркендеп гүлденеді.

«Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Сол естілерден есітіп білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады», – дейді Абай. Данышпан Абай адам баласын бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болуға шақырады. Ал адал азамат болу кез келгеннің қолынан келе ме? Ондай асыл қасиет бүкіл адам баласына тән болғанымен, сол ізгі мұратты біз өн бойымызға сақтаймыз ба, жүрекке, санаға сыйдыра аламыз ба?

Расында Абай айтқандай «толық адам» болу деңгейiне көтерiлу ұзақ және күрделi жол. Бұл адамның бiр деңгейден екiншi деңгейге бiртiндеп көтерiлуінің эволюциялық жолы. Бірақ бүгінгі қоғамға ізгілік керек, адалдық қажет. Ал ізгілік әр адамнан көрінуге тиіс. Тоқетерін Абай айтқан: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп»... Ал адам баласын «бауырым» деп сүйген адам, жан жағына, бауырға, тіпті жұмыстас, қызметтес ортаға құрмет, сүйіспеншілікпен қарайды. Адалдық жолы – тура жол.

Қорыта айтқанда, өзіңнің ақылдырақ немесе артығырақ екеніңді дәлелдеп, бауырыңның білімсіз, біліксіз екендігін бетіне басып қорлау таласып-тартысудан шығатын нәтиже. Бұл нәтижеден тәкаппарлық, қорлау, азар беру, балағаттау сынды жағымсыз қасиеттер бойымызға сіңе бастайды.

     Д. Аманов

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы                           

0 пікір