Алаш үкіметіндегі дін мәселесі
Алаш үкіметіндегі дін мәселесі
16.09.2020
3390
0

Қазақтың жаңа тарихында өзіндік орны бар Алашорда қайраткерлерінің атқарған еңбектері орасан зор екендігі белгілі. Патша үкіметі құлағаннан кейін қазақ автономия­сы жобасын негіздеу және жүзеге асырып, бас-аяғы алты айдың ішінде жалпықазақ съездерін өткізді. Алаш партиясы мен автономиясын дүниеге әкелу, мемлекеттік билік жүйесі мен шекараны айқындау, ұлтаралық және дінаралық қатынастарды реттеу ұлт ісіне жегілген зиялыларының жасампаздық, интеллектуалдық әлеуетін паш етті. Алаш қайраткерлері: «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құр­дастық саяси ісін ұғынбаса, тезек теріп, тарих жолында артта қалады. Бақыт, махаббаттан тысқары болады. Бұл екеуі жоқ жұртқа тіршілік неге керек?»,-деп жалпыадамзаттық өркениет, шынайы демократия биігінен ой өрбітсе, Алаш партиясының бағдарламасы арқылы қазақ елінің болашағын, мемлекет ретінде қалыптастыру стратегиясын айқындап берді. Мұндағы: «Қазақ жүрегін облыстардың бәрі бір байланып, өз тізгіні өзінде болып, Россия республикасының федерациялық бір ағзасы болуы. Реті келсе, Қазақ автономиясы сыбайлас жұрттармен әзірге бірлесе болуы, реті келмесе – бірден-ақ өз алдына жеке болуы»,– деген пайым болды. Алашорданың қазақ халқы үшін, қазақ елінің тәуелсіздігі үшін сөз бастап шыққан қайраткерлерінің жобасында сол кезеңдегі іргелі мәселелерді көтерген бағдарламасын жариялады. Бұл бағдарламада жаңадан құрылатын мемлекеттің құрылымы, бостандық, құқық, дін ісі, билік, әскер, салық, жер, білім мәселелері қамтылды.

Осы орайда біздің назарымызды аударып отырған күрделі де маңызды тақырып дін мәселесі. Мұсылман құрылтайлары жұмысына қатысқан Алаштықтар партияның бағдарламасына дін мәселесін жеке тарау ретінде енгізді. Бұлай болуына негізгі себеп, жер мен тіл мәселесі сияқты, дін мәселесі де ұлт бірлігінің символы еді. Ал оны халықтың ауызбірлік құралы ретінде пайдаланбаса, алауыздыққа қызмет етуі ықтимал болатын.  Алашорда үкіметінің жариялаған бағдарламасында дін ісі мемлекет ісінен бөлек болуы, барлық діндердің теңдігін қамтамасыз ету мен ұстануға еркіндік беру қарастырылған. Ислам дінінің ішкі мәселелеріне жататын неке, талақ, жаназа, балаға ат қою сияқты мәселелер діни қызметкерлерге қалдырылып, қазақта бұрыннан келе жатқан жер дауы, жесір дауы сияқты мәселелер мемлекет қарауындағы соттарға берілуі тиіс екендігі айтылды.

Осылайша дінге қатысты мәселелерді  Алаш қайраткерлері келесідей жолдармен шешпекші болды деп жүйелей аламыз:

  • Қазақтың төл мүфтиятын құру (Нәтижесінде Алаш белсендісі Ғұмар Қараш алғашқы қазақ мүфтиі болады);
  • Діни құқық туралы кеңестер өткізу;
  • Мұсылмандар мүддесін қорғар саяси ұйымдар құру;
  • Елдің даму бағытына сай діннің идеологиялық рөлін анықтау.

Осылайша  ұлттың діни тұтастығы елдің жарқын болашағының кепілі екенін терең түсініп, осыған қатысты мәлелерді шешуде аянбай тер төгіп, ұлтшылдарымыз өздерінің қайтпас қайсарлығы мен табандылығын көрсетті. Діни құқық туралы кеңестердің нәтижелері де баспасөзде жарияланып тұрды. Мәселен, «Айқапқа» шыққан «Қазақтардың діні, құқық һәм жер хақындағы өзара кеңестерінің қорытындысы» туралы мақала осыған дәлел.

Осы уақытқа дейін патшалы өкіметтің отарлауына ұшырап келген қазақтың дін мәселесі сол уақыттарда ушыға түсіп, уақыт талабымен санасуға мәжбүр етті. Ресей патшалығының отаршыл саясаты діни мәселелермен қатар жүргені жасырын емес. Орыстандыру, христиандандыру саясатымен бірге, татар молдаларын қазақ арасына жіберіп, Орта Азиядағы дәстүрлі медреселермен қарым-қатынасты үзуге тырысты. Осылайша ондаған жылдар ішіде қазақ діни тұрғыдан ала-құлалыққа тап болды. Міне осындай күрделі діни жағдайды мемлекет құру ісінде жаңа заманауи зайырлы мемлекет құру идеясы Алаш қайраткерлерінің негізгі мақсаты болды.

Қазақ елінде мұсылмандықтың өркендеуіне үлес қосқан, сол мақсатта мерзімді баспасөзде тұрақты түрде мақала жазып тұрған азаматтар Алаш қозғалысы қайраткерлерінің арасынан да көптеп табылды. Олардың ішінде Алаш қозғалысының белсенді мүшелері Ғұмар Қараш, дін тақырыбында өнімді қалам тербеген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, Мәшһүр-Жүсіп Көпей, Міржақып Дулатұлы, Шаһмардан Әлжанұлы, Жиһанша Сейдалин, аймақтық діни ахуал туралы тұрақты жазып отырған журналист Мұхамедсәлім Кәшімов, Досан Аманшин, сонымен қатар, «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген ұстанымды ұран етіп, заманмен үндеспейтін шариғат заңдары туралы батыл сөз қозғаған Қараөткелдік Мақыш Қалтайұлы мен Сабыржан Алқормашы, мұғалім Файсілрахман Жиһандарұлы, діни-ағартушылық мақалалар жазған А.Жүсіпұлы, Ержан Құлақбайұлы,  Ғалалдин Мәмікұлы және тағы басқалар бар еді. Алаш қайраткерлердің барлығы дерлік алғаш сауатын ауыл молдаларынан алған. Олар осы негізгі білімін мемлекеттік дәрежеде іске асырып, елге қызмет етудің ұлттық мүддесімен ұштастырды.

Дегенмен ХХ ғасырдың бас кезіндегі ұлт зиялыларының қазақ мемлекетіндегі діннің орны туралы әр түрлі көзқараста болғандығын байқаймыз. Бұған мысал ретінде қазақ даласындағы іргелі басылымдар болған «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің өкілдерінің арасында мемлекеттегі діннің орнына байланысты келіспеушіліктер орын алған. Бір жа­­ғынан, Ресейде білім алып, орыс әде­биеті мен мәдениетінен сусындаған зиялы топ халықтың жарқын бола­шағын батыстың озық мәдени үлгілерін қабылдау арқылы түсіндірді және дінді екінші орынға қойды. Сөйте тұра, олар ата дініміз – исламды, салт-дәстүрімізді халықтың маңызды рухани құндылығы ретінде көздің қарашығындай сақтауды ұстанған. Екінші жағынан, исламдық рухта тәрбиеленген, ислам дінінің үлгілері мен ережелерін өз бойына терең сіңірген зиялы қауым дінді басты орынға шығарды. Олар Ислам ілімінің ғылым мен білімнің дамуына зор ықпалын көрсете келе, ұлт тұтастығын діни тұтастықпен тікелей байланыстырды.

Ұлттық дәстүр мен мәдениетті, мемлекеттің зайырлы қағидаттарын теріске шығаратын, өнер мен әдебиетті мойындамайтын, ғылым мен философияны тұтастай «адасушылық» деп есептейтін, таным барысында ақылдың рөлін мейлінше төмендетіп, тек буквализм мен догматизмге сүйенетін, тақуалығын тәкаппарлықпен дәріптеп, басқа пікір мен өмір тәртібін ұстанатындарды күпірлік деп санап, жүрегіндегі ізгілікті қатыгездікке айырбастап үлгерген әсіредіншілдер арамызда жүр. Олардың жасанды, адамзат санасы мен ұлт дамуына қайшы қасаң қағидаларының алды ор екені белгілі, бірақ сол орға өздерімен бірге қаншама көзі ашық, көкірегі ояу, бірақ тәжірибесі аз жастарымызды ала кететіні беймәлім болып тұр. Сондықтан, Алаштықтар алаңдаған, бүгінгі қазақ қоғамы уайым жеген бұл өзекті мәселенің тек қана зайырлы біліммен  шеше алатынымыз анық. Қоғам алға дамуы үшін ескі қателікті қайталауға болмайды. Алаш арыстарының да өсиеті де сол болатын.

 

Түркістан облысы

 «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің маманы               Б.Өтеген

0 пікір