«Куфр» сөзінің шариғаттағы мағынасы
«Куфр» сөзінің шариғаттағы мағынасы
17.07.2020
2022
0

          «Куфр» сөзі араб тіліндегі «кафара» етістігінен шығады, мағынасы: «жасыру, жабу, шүкірсіздік, басын алып қашу, Құдайды жоққа шығару» деген ұғымдарға саяды. Сонымен қатар, «куфр» сөзі тілдік мағынада көбіне егістікпен айналысатын шаруаларға да қолданылады. Себебі, дәнді-дақылдарды жерге егіп, көметіндіктен де «кафара» етістігімен қолданылған. Құран Кәрімнің Хадид сүресі, 20-аяты: «... төгіп өтіп, егісін көгерту арқылы диқандарды таңғалдырып тастайтын өтпелі жаңбыр секілді...», - осы сөзімізге дәлел болады. «Қазіргі таңда кімді «кәпір» - деп айтамыз? Арамызда кәпірлер бар ма?», - деген сұрақ туындауы мүмкін. Сол сияқты еліміздегі басқа дін өкілдеріне «кәпір» деп айту дұрыс па? - деген мәселелердің дін ұстанып жүрген азаматтардың арасында өзекті. Осы сауалдар төңірегінде ой қозғасақ.

Біріншіден, ислам шариғаты бір адамға немесе бір қауымға қатысты «кәпір» сөзін теліп айтуды құптамайды. Себебі, Пайғамбар (с.а.с.) бір адамға қаратып «сен кәпірсің», - деп айтудан тыйған. Сонымен қатар, басқа дін өкілдерін «кәпірлерге» теңеу дінде құпталмаған. Қасиетті Құранда Жаббар Иеміз: «Яһудилер мен христиандардың діндеріне ермейінше, олар саған әсте разы болмайды»,[1] - аятын терең қарайтын болсақ Алла Тағала оларға қатысты «куффар» сөзін емес аттарымен атап айтты. Сол секілді, Пайғамбар (с.а.с.) бір хадисте: «Кімде-кім мұсылман елінде өмір сүретін басқа дін өкіліне зиян келтірсе, маған зиян тигізгені, ал кім маған зиян тигізсе ол Раббысына зиян тигізгені (ашуына лайық болғаны)», - деп айтады. Демек, мемлекетіміздегі басқа дін ұстанушыларға жұмсақ әрі олармен татулықта өмір сүру ислам дінінің басты талаптарының бірі десек артық айтпаған боламыз.

«Куфр» терминінің шариғи тұрғыдағы мағынасына келер болсақ,: «діндегі бұлтартпас дәлелдермен бекітілген діни негіздерді өтірікке шығарған, оны мойындамаған» адамды айтамыз. Мысалы, бір Жаратушының барлығын жоққа шығару, Ардақты Елшінің (с.а.с.) пайғамбарылығын өтіріксіну, періштегелерге, кітаптарға сенбейтіндер, намаз оқуды дұрыс емес (намаз оқымағанымен, оның міндет екенін қабыл еткендер кәпір емес, күнәһар) және т.б.

          Әл-Барбаһари есімді ғалым: «Құран Кәрім аяттарын жоққа шығармайынша, Пайғамбар (с.а.с.) хадистерін теріске шығарып, құлшылығынжәне құрбандығын Алладан басқаға арнап жасамайынша біз оны мұсылмандардың қатарынан шығара алмаймыз», - деп «куфр» сөзіне түсініктеме береді.

          Ислам ғалымдары қандай да бір мұсылманның күпірлік сөздерді әзілдеп болса да айтуынан тыйған. Себебі, бұл тікелей діннен шығаратын сөздер болып табылады.

Кейбір ғалымдардың пікірінше, «куфр» сөзін 5 түрге бөліп қарастырылады. Атап айтқанда:

  1. Өтірікке шығару арқылы күпірлік ету; Пайғамбар (с.а.с.) алып келген шариғатты өтірікке шығару. Қасиетті Құранда: «Өз аузымен өтірік айтып, соны Аллаға теліген немесе ақиқат келгенде оны жалған деп, жоққа шығарғаннан асқан залым бар ма? Кәпірлердің лайықты орны жәһаннам емес пе?!»[2].
  2. Тәкаппарлық жасау арқылы күпірлік ету. Алла Елшісінің (с.а.с.) алып келген шариғатын менмендік таныту арқылы қабылдаудан бас тарту. Бұл турасында Құран Кәрімде Жаратушы Раббымыз: «Сөйтіп, періштелерге (Адамның (а.с.) ілімін, артық жаратылысын және Алланың өкілі болуға әбден лайық екенін мойындап): «Адамға сәжде етіңдер!», - деп бұйырдық. Олар сол мезетте тегіс сәжде етті. Алайда, Ібіліс тәкаппарлық танытып, сәжде етуден бас тартты. Сөйтіп кәпір болды»,[3] - деген аятында баян етеді.
  3. Шәк келтіру арқылы күпірлік ету.  Құран Кәрімде: «Сол кезде өзімен сөйлесіп тұрған жолдасы оған: «Сонда сен негізіңді топырақтан, содан кейін өзіңді бір тамшы судан жаратқан, сөйтіп келісті де келбетті адам қылған Раббыңа күпірлік қылып тұрсың ба?!»,[4] - деген аятымен түсіндіреді.
  4. Теріске шығару арқылы күпірлік жасау. Ислам дінінің негізгі тіректерін теріске шығару. Бұл туралы: «Алайда, күпірлікте табандағандар қасарысып, өздеріне алдын ала ескертілген (ақырет ақиқатынан) сырт айналуда» - дейді.
  5. Екіжүзділік етумен жасалатын күпірлік. Яғни, адамның сырттай мұсылман көрініп, ішкі жан дүниесімен діни негіздерді жоққа шығару. Қасиетті Құранның Мунафиқун сүресінің 3-аятында: «Себебі, олар иман еткендіктерін айтты, алайда кейіннен істеген істері олардың іштей күпірлікке бой алдырғандарын көрсетті. Сол үшін жүректеріне мөр басылды. Енді олар ақиқатты түсінбейді», - деп баяндайды.

Қорытындылай келе, өзін шынайы Алланың құлы, Пайғамбардың (с.а.с.) үмбеті деп санайтын мұсылманның басқа адамдарға «кәпір» деп айтпас бұрын, өзінің Алламен қауышатын күнге қаншалықты дайын екендігіне, қоршаған ортаға және қоғамға қандай пайда келтіріп жүргендігін ойлаған жөн. Омар (р.а.) бір сөзнде: «Есепке тартылмас бұрын өз-өздеріңді есепке тартыңдар», - деп айтады. Демек, адамның басқалардың «кәпір» немесе «шынайы мұсылман» екендігіне емес, өзінің «мұсылмандыққа» қаншалықты лайық амал атқарып жүргеніне қарап есеп берген жөн.

 

«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»

бөлімінің маманы                                                                                                   І.Нағызхан



[1] Бақара сүресі, 120-аят

[2] Анкабут сүресі, 68-аят

[3] Бақара сүресі, 34-аят

[4] Кәһф сүресі, 35-36 аят

0 пікір