Көркем мінез ̶ ізгілікті қоғам жаухары
Көркем мінез  ̶  ізгілікті қоғам жаухары
30.09.2020
1330
0

Көркем мінез  ̶ адамзаттың тәнінің емес ішкі жан дүниесінің бейнесі. Адамзаттың басын біріктіретін ортақ құндылықтардың бірі – жақсы мінез-құлық. Қарап тұрсақ көркем мінез туралы тек қана ислам дінінде ғана емес осы уақытқа дейінгі Алла тарапынан жіберілген барлық діндерде айтылған.  Оған дәлел ретінде имам Ғазали: «Інжілден Иса пайғамбардың «Жамандық жасаған адамға жамандық қайтарма. Бір бетіңді ұрған адамға екінші бетіңді тос. Сырт киіміңді алған адамға шалбарыңды да бер» дегенін оқыдым» деген сөздерін айтуға болады. Ал ислам дінінде де көркем мінез туралы Пайғамбарымыз (с.а.с.) көптеген хадистері бар. Мысалы, бірде бір кісі Пайғамбарымызға (с.а.с.) келіп: «Дін деген не?» – деп сұрағанда: «Ол – көркем мінез», – деп жауап қатқан. Әлгі адам бір қойған сауалын бірнеше рет қайталаса да, Пайғамбарымыздан (с.а.с.): «Көркем мінез», – деген жауапты алған. Басқа бір жерде «іс-амалдардың қайсысы жақсы?» – деп сұрағанда да, Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Көркем мінез», – деген екен. Сонымен қатар «қияметте таразыны ауыр басатын бір ғана амал Алладан қорқу мен көркем мінез»  ̶ деген Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтып кеткен хадис те бар.

Бұл жерден Көркем мінез дегеніміз не?  деген сұрақ ортаға шығады.

Ислам ғалымдары бұл сұрақтарға сипаттама ретінде мыналарды айтып өткен: адамдармен жақсы қарым қатынаста болу; дін және дүниелік істерде мүмкіндігінше қиналып тұрған адамға қол ұшын беру; дүниелік заттар үшін ешкіммен жауласпау; тек қана өзін ғана емес өзгелерді де ойлау; кез-келген мәселелерде сабыр сақтау; мейірімді, адал және қарапайым болу; ешкімді тілмен де ісімен де ренжітпеу және т.б. болып табылады.

Бұл жайында ата бабаларымыз «Жақсы мінез  ̶  жан сұлулығы», «Тәкаппарды Тәңіріде сүймейді», «Қайырымдылық жасасаң қайырын өзің көресің» дей тұра, осы айтылғандардың ішіне қарапайымдылықты, адалдықты, адамгершілікті, өзгелерге де жақсылық жасауды, әрқандай да қиындыққа сабырлылық танытуды және тағыда басқа қасиеттерді бір сөзбен көркем мінез деп осы айтылған қасиеттерді жас ұрпаққа дәріптеп отырған.

Көркем мінездің мысалы ретінде әлі күнге дейін Пайғамбарымыз (с.а.с.) болып табылады. Оған мысал келтіретін болсақ, Сағд ибн Һишамнан жеткен хадисте Айша анамыздан Пайғамбарымыз (с.а.с.) мінезі қандай еді деп сұрағанда Айша анамыз «Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мінезі  ̶  тұнып тұрған Құран»  ̶  деген.

 Бізде ислам дінінің елшісі әрі көркем мінездің үлгісі Пайғамбарымыздың (с.а.с.) көркем мінез туралы айтып кеткен хадистерін қарастырып өтейік:

1)                 Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір сөзінде: «Үш нәрсе бар. Олар күнәһар болудан қайтаратын тақуалық, ақымаққа жылулық беретіндей жұмсақтық, адамдардың арасында көркем мінезді болу. Кімнің бойында осы үш нәрсенің біреуі де болмаса, жасаған ғибадаттары есептелмейді»  ̶  деп айтқан;

2)                 Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Мен көркем мінезді кемеліне жеткізу үшін, яғни жақсы мінездерді толықтыру үшін, жақсы мінездерді дүниеге жаю үшін жіберілдім»  ̶  деп айтқан;

3)                 Бірде Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Сендердің араларыңда бәрінен артық кімді жақсы көретінімді және де қиямет күні маған кім ең жақын тұратынын айтайын ба?»  ̶  деп сахабалардан сұраған. Бұл сұраққа сахабалардың ешқайсысы жауап бермеген. Кейіннен Пайғамбарымыз (с.а.с.) осы сұрағын қайта-қайта сұраған болатын. Сонда сахабалар «Иә, Расулулла»  ̶  деген жауап алған Пайғамбарымыз (с.а.с.) оларға «Сендердің ең жақсы мінез-құлық иелерің»  ̶  деп жауап қайтарған;

4)                 «Мұсылмандардың иманда ең кемелдісі – ең жақсы мінез-құлықтысы»  ̶  деген;

5)                 Әбу Умәмә Әл-Бәһилиден (р.а.) бізге жеткен хадис бойынша Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Лайықты болса да дауласуды тастаған адам үшін Жәннат төңірегінен бір үй (берілуіне), сондай-ақ, қалжыңдаған күннің өзінде өтірік айтудан аулақ болған адам үшін Жәннаттың ортасынан бір үй (берілуіне), сонымен қатар мінезі көркем болған адам үшін Жәннаттың төрінен бір үй (берілуіне) кепіл боламын», – деген;

6)                 «Қияметте амалдар өлшенгенде, таразыны ауыр басатын бірден-бір амал  ̶ Алладан қорқу мен көркем мінез»  ̶  деп айтып кеткен;

7)                 Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Қолыңнан келгенше адамдарға өз мінез-құлқыңның ең жақсы жақтарын көрсет»  ̶  деп те айтып кеткен;

8)                 Пайғамбарымыз (с.а.с.) хадисінде: «Мұсылман бауырыңа жымиып қарау  ̶  садақа»  ̶  деген;

9)                 Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде былай деген: «Адамдар мінез-құлықтары жағынан бір-бірінен ерекшеленеді. Кім көркем мінезімен Алланың Елшісіне жақындаса, онда ол Алла Тағалаға жақындаған болып саналады».

Осы Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтып өткен хадистер секілді көркем мінез туралы Құран аяттарында да кездеседі. Мысал келтіретін болсақ, Алла Тағала көркем мінезді адамдар жайында Құрандағы Әли-Имран сүресінің 134-135 аяттарында былай делінген: «Нағыз тақуалар  ̶  кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында садақа бергендер, (ашу қысқанда өзін ашуландырған адамның сазайын беруге шамасы жете тұрып) ашуын жеңе білгендер, және де адамдарға кешірімді болғандар. Күмәнсіз, Алла (міне осындай) ізгі жандарды жақсы көреді. Сондай-ақ олар жағымсыз іс істегендерінде немесе күнәға батып, өз-өздеріне қиянат жасағандарында бірден Алланы еске алып, күнәлары үшін кешірім сұрайды. Күнәларды Алладан басқа кім кешіре алады дейсің?! Сондай-ақ олар, бір рет істеген күнәні әдейі қайта-қайта істемейді». Және осыған қоса Құранның Фурқан сүресінің 63 аятында: «Рахманның хас құлдары жер бетінде сыпайылықтың шегінен аспайтын жандар. Оларға жөн білмес надандар тіл қатқанда, (наданмен надан болмай) оларға: «Аман болыңдар!»  ̶  деп, өз жөніне кете барады»  ̶  делінген. Осы жоғарыда айтып өткен мысалдар мен хадистерді ескере отырып, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өрнек ретінде қалдырып кеткен дара жолымен жүруге тырысу керек. Осы кезде еске Абай атамыздың: «Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз, Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз»  ̶  деген өлең шумақтарында айтылған сияқты қиындыққа қиын екен деп қол сермеудің орнына көркем мінезді болуға тырысу керек. Қиындыққа қиын деп уақытты құр босқа өткізгенше қазірден қамданған жөн. Аталарымыз айтып кеткен «Сабыр түбі сары алтын, сабырлының бәрі алтын» өсиет сөзін қолдана отырып, сабырлық таныта отырып, армандарға қол жеткізуге ұмтылу қажет. Қазіргі күні жас буын арасында амал ету туралы «Арманмен ұйықтап, мақсатпен ояну керек» деген сөздер көп таралып жатыр. Сондықтанда көркем мінезге қол жеткізуді арман қылған адам өз алдына мақсат қою арқылы жетеді деген үміттемін.

 

 

Мақсат Сарман

Дінтанушы маман

 

 

0 пікір