Конфессияаралық келісім – ел дамуының негізі
Конфессияаралық келісім – ел дамуының негізі
24.03.2022
1636
0

    Қоғамның алға қарай дамуы, ел жастарының табанды да, жан-жақты, рухани кемел болуы – тәрбиеге байланысты. Дұрыс тәлім-тәрбие – ел, ұлт құндылығы ретінде халықтың әдебіне, мінезіне әсері орасан зор. Мінез бен тәрбиенің өзегі – дін. Дін қандай қоғам болмасын, адам баласы үшін өте маңызды. Сол діндер арасында ауызбіршілікті, тұтатстықты, бейбітшілікті ұштастыра білу, ең керемет теңдік.   

   Тұғыры биік, тәуелсіз мемлекетіміздің ең үлкен жеткен жетістігі – ел азаматтары арасында ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің күшеюі, халқымыздың бірлігі, түрлі ұлт пен ұлыстың, сан алуан діндер мен көзқарастардың бір-біріне қамқорлығы және төзімділігі. Әлемдегі ұлттар мен ұлыстарды бір шаңырақтың астына біріктіріп, береке-бірліктің маңыздылығын танытып келе жатқан мемлекеттер саусақпен санарлықтай болса, соның ішінде көштің басын бастап 130-дан астам ұлт пен ұлыстың, 18 конфессия өкілдерінің тату-тәтті, бейбіт, бір-біріне туысқан, ағайын болып өмір сүріп жатқан Қазақстан бүгінде көптеген әлем елдеріне үлгі өнеге деп айтсақ артық болмас. 

  Конфессияаралық келісім – егеменді еліміз Қазақстан халқы үшін қастерлі де, қасиетті ұғым. Қазіргі уақытта еліміздегі қызмет етіп жатқан конфессиялар – Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы, Қазақстан Республикасындағы Митрополит округі, Қазақстандағы Рим-Католиктік шіркеуі, Қазақстандағы Иудаизм, Қазақстандағы Буддизм, Христиандық бағыттағы түрлі діни ұйымдар бейбітшілік пен келісімді және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуде. Елімізде 2006 жылдан бастап ел азаматтарының діни көзқарастарына құрмет ретінде және «Құрбан айт» бірінші күні, православиенің Рождествосы 7-ші қаңтар демалыс күндері болып бекітілді. Бізде дін мемлекеттен бөлек деп жария етілгенімен, олар шын мәнінде бір-бірінен оқшауланбайды. Бұл қарым-қатынасты – серіктестіктің ерекше түрі деп те сипаттауға болады. Мемлекеттік саясат азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге негізделген қағидаттарды басшылыққа алады. Сонымен бірге, елдегі қалыптасқан мемлекеттік-конфессиялық қатынастар барлық конфессиялар мен діни топтардың тең құқықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.

  Бүгінгі таңда әлем бойынша түрлі қақтығыстар мен тұрақсыздықтардың барлығы дерлік ұлттар мен діндер өкілдерінің арасындағы қарама-қайшылықтардан, өзара түсіністіктің жоқтығынан туындап жатқанын ескерсек, еліміздегі ауызбіршіліктің маңызы зор екенін түсінеміз.

  Конфессияаралық келісімнің басты мақсаты – еліміздегі діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету түрлі діни ағымдарға жол бермеу. Еліміздегі діни тұтастықты қалыпты ету үшін тек дәстүрлі діндердің міндеті ғана емес, барлық діндердің арасында өзара түсіністікке, келісімге, бейбітшілікке негізделген қарым-қатынастардың маңызы орасан зор. Әр түрлі конфессия өкілдерімен достық қарым-қатынасты орнатып, оларға қамқорлық көрсету, толерантты болу адами құндылықтардың шыңы болып табылады. Еліміздің осы сала бойынша жеткен жетістігі жетерлік. Мемлекетіміз әлемдік және дәстүрлі діндер арасында сенімді байланыстар орнықтыратын өркениетаралық алмасулардың алаңына айналғандай.

  Қазақстанда уақыт өлшемінен өткен этникаралық және дінаралық келісім үлгісі қалыптасты деп айтуға толық негіз бар. Біздің еліміздегі түрлі конфессиялар арасында орнаған өзара әрекет тәжірибесін халықаралық ұйымдар мен шетелдік әріптестер, соның ішінде БҰҰ, ЮНЕСКО мен ЕҚЫҰ зерттеуде. Халықаралық аренада Қазақстан бейбітшілік аумағы, мәдениеттер мен діндердің диалогы мен жақындасуының алаңы ретінде қабылданады.

  Бүгінгі Қазақстан әлемге тек мұнай өндіруші ел ретінде ғана емес, сондай-ақ бүкіләлемдік діни-рухани форумның орталығы ретінде де жақсы таныс. Қазақстанда әлемдік және дәстүрлі діндердің басшылары анағұрлым маңызды, осы заман үшін өзекті әлемдік діни, саяси, өркениетаралық мәселелерді шешу үшін жиналады. Әлемдік және дәстүрлі діндердің басшыларының осындай кездесулерінің бірінде еліміздегі конфессияаралық келісім мен диалогтың маңыздылығы ерекше атап өтілді.

  Қорытындылай келе еліміз халықаралық аренада басқа мемлекеттерге үлгі бола алатындай еңселі де, мазмұнды істерді атқарып келеді. Сондықтан да конфессияаралық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз етудің керемет үлгісін көрсете алды. Қазақстанның жеткен ең шоғыры биік жетісітігі еліміздегі тұрақтылық, ұлтаралық, дінаралық келісімнің нәтижесі. Ұлтаралық келісім мен этносаралық қатынастарды дамытып, сонымен қатар өскелең жас ұрпақтың Қазақстандық патриотизмнің жаңа рухында және отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызы зор екендігін жадымыздан шығармауымыз тиіс.

«Әдістемелік қамтамасыз ету»

бөлімі басшысы м.у.а.                                                         А.Тағай

0 пікір