Қазіргі заманға ғаламтордың әлеуеті асып тұр. Себебі ғаламтор пайда болғалы кітап оқитындардың қарасы азайған секілді. Алайда ғаламтор бұрыннан сусындап келген кітаптың орнын баса алады ма?!
Әрине, әрбір өткен заманды, әрбір кезеңді жырлап келе жатқан кітап еш уақытта құндылығын жоймақ емес. Себебі кітап – алдыңғы шептің кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы, көңілге түрлі ой түйгізетін, рухани жағынан есейтетін жан азығы. Осы уақытқа дейін білімнің бәрі кітапта ғана болып келді. Әйтсе де, атам қазақтың «уақыт керуеніне бөгет жоқ» дегені рас. Бүгінгі күні кешегі бабаларымыздың шамның жарығымен кітап оқу ескі заманы артта қалып, жаңа технологиялардың саны артып, ғылым да күннен-күнге даму үстінде. Соның бір парасы «әлемді торлаған ғаламтор». Болашағы зор ғаламтордың пайда болғанынан бері, халық кітап оқудан қалды деуге болады. Өйткені бұрындары әрқайсысы жеке-жеке ұсынылатын аудио, бейне жазбалар, суреттер, әндер, оқулықтар, әдебиеттерді қазір бір ғана ғаламтордан-ақ пайдалана аласың. Қаншама қажеттіліктің бір жерде шоғырлануы халық үшін тиімді, әрине. Ендеше, ғаламтордың да пайдасын жоққа шығаруға болмайды. Сол арқылы біз басқа елдермен де байланысқа шығамыз, көптеген деректерге қанығамыз және ғаламтор еліміздің, әлемнің түкпір-түкпірінде орын алып жатқан оқиғаларды, жаңалықтарды тез жеткізуші. Ғаламторда том-том кітаптардың ықшамдалған нұсқасын оқуға мүмкіндік бар. Әрине, онысы уақыт үнемділігі үшін жақсы. Дегенмен монитор алдында көсіліп отыра берсек, бас ауырып, көру қабілет те нашарлайтыны анық.
Кітап адамның сырласы, мұңдасы болып қалған. Өйткені кітаптан адам жанына нәр, жүрегіне шер алады, сол кітаптан жұбаныш табады. Бетін ашып қалса, көңілі елжірейтін, жүрегі тебіренеді. Сондағы өлең шумақтары, шығармалар жүрегіне дәрі болады. Кітап біз үшін әрі білім, әрі ғылым, әрі өнер, әрі мәдениет, әрі әдебиет. Кітап солардың бұлағы деуге болады. Өйткені ол қашанда қасымыздан табылып, қойны-қонышымызда жүреді, бізді ілгері сүйрейді. Ал интернет жағына келетін болсақ, ол да заман қажеттілігі, өте керек нәрсе. Ғаламтор тілін тапқандарға ол үлкен көмекші. Іздегеніңді қиналмай табасың. Интернеттің ғаламаты шапшаңдығында, тездігінде, кез келген жерден, кез келген мағлұматқа оңай қол жеткізесің. Бірақ заман жаңарғанымен, сол интернет бәрінің қолына түсе бермейді. Мысалы, ауылдық жерлерде интернет түгілі, интернеттің қарасын көрмегендер де бар. Сондықтан интернет әлі бәріне бірдей жете қойған дүние емес.
Дәрігерлердің айтуынша, жүйкеге де әсер етеді. Сол себепті, ол кітап сияқты рухани досыңа айнала қойған жоқ. Бірақ кітапты жақсы көргенімізбен, оның күні өтіп бара жатыр. Келешек көп нәрсені жұтып қойып жатыр ғой, солай кітаптың да жоғалып кетіп, келешекте интернеттің ғана қалуы да ғажап емес. Ал кітаптың жоғалуы адамның көңілін, рухани байлығын жұтатады деп ойлаймын. Кітап оқып отырғанда адам сондағы кейіпкермен араласып, өзінің ойымен, шарықтау сезімімен танысып, табысып отырады. Адамның қиялы шарықтайды, фантазиясы кеңейеді. Ал ғаламтор ондай мүмкіншілікке жетелемесі анық. Адамның ойын тежеп тастайды. Көзбен көру қабілеті ғана қалыптасып, ойлау қабілеті шегеріліп қала бермек. Қазір кітап көп шыға бермейді, көп болса прозалардың өзі мың-екі мың дана ғана шығады. Ал ол халықтың бәріне жетпейді. Қазіргі кезде технология заманы болған соң, интернет порталдарын көбейтіп жатыр ғой, сондықтан кітап оқу азая береді де, интернет қарыштай бермек.
Жалпы, адамға екеуі де қажет, тек орынды қолдана білу керек. Бірақ таңертеңнен кешке дейін виртуалды қарым-қатынасқа түсіп, ғаламторға байланып, соған тәуелді болатындар бар. Бұл – әрине, дұрыс емес. Ғаламторды орынды қолдансаң зиянды емес, қайта пайдалы. Өйткені одан қажет оқулығыңның барлығын табуға мүмкіндік бар, ал кітапханада олай емес. Айталық, кітапханада каталогқа жүгінеміз, сонан соң тапсырыс береміз, сонымен қатар 5 кітаптан артық тапсырыс қабылданбайды, ал ғаламтордан керегіңді жылдам табасың. Негізі кітап пен ғаламтор кереғар емес, қайта бірін-бірі толықтырушы.
Кітап оқу қалай ыңғайлы болса, қазір сол компьютердің кітап сияқты «ноутбук», «нетбук» сынды ыңғайлы түрлері де бар. Демек, компьютерді де солай өзіңе ыңғайлы қалыпта отырып, не жатып қарауға болады. Мысалы, менің өзім жасым біршамаға келсе де қазір кітапханаға баруды қойдым, іздеген кітабымды ғаламтордан алып-ақ оқи беремін. Өйткені маған сол тиімдірек. Ал қызықты жерлерін принтер арқылы өзіме шығарып аламын. Психологиялық тұрғыдан алып қарасақ, тәулік бойы бас алмай үңіліп отырмасаң, ғаламтордың еш зияндылығы жоқ.
Ә.Болат
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы
Кітаптан ғаламтор озды ма?