Жақсылық пен жамандық тең емес
Жақсылық пен жамандық тең емес
24.09.2020
3268
0

Алла Тағаланың шексіз құдіреті арқылы жер бетіндегі әрбір нәрсе жұп-жұбымен жаратылған. Жақсылық пен жамандық ұғымдары да бір‑біріне қарама‑қайшылық жұбы. Дегенмен олардың жұптық қасиеті болған соң, әркез бір‑бірін толықтырып отыратын хикметі бар. Жамандықтың бетпердесін жақсылық, жақсылықтың мәнін жамандық ашады. Алла құзырында да адамдардың дәрежесі жақсы не жаман амал  жасауына байланысты. Егер мұндай айырмашылық болмаса, барлығымыз бейне бір періштедей күнәсіз болып, дүниелік сынақтың ешқандай да маңыздылығы қалмас еді.

Жақсылық пен жамандық – этика ғылымындағы екі ұғымды білдіреді. Адамдардың мінез-құлқына, әлеуметтік оқиғаларға оң немесе теріс баға беруді білдіреді. Жақсылық – бұл ең маңызды сапа, адам қызметінің бастапқы және мәңгілік мәнін білдіреді. Бұл адамға күшті рухани ләззат беріп қана қоймай, оны адамға айналдыратын нағыз бақытқа жетелейді. Жақсылық адамның адамгершілік және және өзіне кішіпейілділік, ашықтық, батылдық, адалдық, әділеттілік және шындық сияқты қасиеттерді өзіне сіңдіреді. Ал жамандық – бұл жақсылыққа қарама-қарсы, жеке адам мен қоғамның дамуына кедергі болатын мінез. Ол алдау, төмендік, екіжүзділік, ұятсыздық, қатыгездік, надандық, сатқындық сияқты ұғымдарды бойға сіңдіреді. Діни тұрғыдан жақсылық тәңірлік рақым ретінде, ал жамандық адам бойындағы шайтандық және жануарлық қасиеттердің көрінісі ретінде түсіндіріледі. Жақсылық та, жамандық та – адамның өз еркімен жұмыс істеу дәрежесінің салдары. Құранда жақсылық жасау адамның табиғи парызы екеніне және Құдай өзінің нығметтерін адамға бергені сияқты, басқаларға да жақсылық жасауы керектігіне баса назар аударылған. Мұсылмандардың пікірінше, адамдар дүниеде жасаған жақсылықтары үшін ақыретте сауап алады, яғни тыныштыққа бөленеді және жаман істері үшін тозақта жазаланады. Құранда Алла Тағала: «Егер жақсылық жасасаңдар, өздеріңе жақсылық жасайсыңдар. Ал егер жамандық жасасаңдар, ол да сендер үшін болады» (Исра сүресі, 7 аят) -   деген.

Қазіргі таңда адам баласы жақсылыққа жақсылық жасай алғанымен, жамандық істеген адамға келгенде, жақсылық жасай алмасы анық. Былайша айтқанда, жақсылыққа жақсылық әр кісінің ісі болғанымен, жамандыққа жақсылық тек ер кісінің ісі деуге болады.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Жақсылық пен жамандық бірдей бола алмайды. Сондықтан, жаман қылықтан барынша алыс тұруға тырыс. Сонда саған дұшпан болған адамдар уақыт өте келе жаныңа жиылып, сені жақсы көретіндердің санын толықтырады» (Фуссилат сүресі, 34 аят) – дейді.

Ашу мен қаһар, шын мәнісінде, адамның бойындағы әлсіз және жағымсыз қасиетке жатады. Ал жақсылық сүйгіштік пен биязылық жұрттың көңілін жаулап алатын, сол кісі жайлы жылы пікір қалыптастыратын қасиеттер. Аталған жақсы және жаман қасиеттер тайталасқа түскен сәтте жаман қасиетті емес жақсы қасиетті таңдап, соның айтқанымен жүретін адамдар айтарлықтай аз. Ал жақсы қасиет пен жаман қасиеттің бір деңгейде еместігі тағы талассыз. Өзгенің нашар қылығына кешіріммен қарау да жақсылықтың нышаны. Өйткені, тек кешіріп қана қоймай, оған жақсылық жасау әлгі кісінің көңілін жаулап, жақсылыққа деген махаббатын оятады. Бұл әрекеттің жағымды нәтижесі мол.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Жамандыққа жақсылықпен жауап беру тек сабырлы адамға тән қасиет. Бұл әрекет адамға көптеген несібе әкеледі. Егер бойыңда сайтани тұрғыдағы жағымсыз қылықтар бой көрсете бастаса, дереу Аллаһқа жалбарын. Өйткені, Жаратушы ие барлық дауысты естиді, болған әрбір істі бәрінен де жақсы біледі» (Фуссилат сүресі, 35-36 аят) – деген.

Жақсылық пен жамандықтың тайталасында мұсылман кісі Алла әмір еткендей жақсы қасиетті таңдағанында, Ібіліс өкініштен бармақ тістейді. Сайтан адамдардың сәл де болса қате түсінікте болғанын қатты қалайды. Өйткені, ол мұсылманды осал тұсы арқылы үлкен күнәлар жасауға итермелей алады. Анығында ашу мен дөрекілік арқылы кез-келген адам бойындағы күш-қуатын жоғалтып алады. Ашумен әрекет еткен кісі жүз пайыз дұрыс болып тұрса да, өкінішке ұрынбай тұрмайды. Мына бір хадис шәріптің осы тұста берері мол:

«Бір күні бір кісі Әбу Бәкірге (р.а.) келіп, оның намысына тиетін ауыр сөздер айтады. Сол жерде ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) те бар болатын. Бейтаныс кісі былапыт сөздерін тоқтатпай айтып жатқанына қарамастан Әбу Бәкір үнсіз, сабыр сақтап тұрды. Ал Алла Елшісі (с.а.с.) де болған жағдайға күлімсіреп, қарап тұрды. Бір мезет ауыр сөздерге шыдай алмаған  Әбу Бәкір ашу шақырып, бейтаныс кісіге дүрсе қоя берді. Осы сәтте Пайғамбарымыздың (с.а.с.) түрі бұзылып, ол жерден жедел кетіп қалады. Әбу Бәкір жылдамдатып Алла Елшісіне (с.а.с.) жетіп мұның себебін сұрағанда Пайғамбарымыз: «Бағана бейтаныстың сөздеріне үнсіз қарап тұрғаныңда сенің орныңа бір періште келіп, ана кісіге жауап беріп жатты. Ал сен ашуланып дүрсе қоя берген сәттен бастап қасыңа шайтан келді. Ал мен шайтан жүрген жерден алыс боламын», – дейді.

Уәбиса ибн Мәбадтан (р.а.) риуаят етілгендей, мен Алла Елшісіне (с.а.с) келдім. Ол: «Жақсылық туралы сұрауға келдіңіз бе?» - деді. Мен иә дедім. Ол: «Жүрегіңнен сұра. Сіздің жаныңыз бен жүрегіңізді тыныштандыратын жалғыз нәрсе - мейірімділік. Пәтуа берсе де, адамдарды жаман сезінетін күнә», - деді. Бұл хадис пайғамбарымыздың (с.а.с) кең мағынаны қысқа сөздермен жеткізгенінің жарқын мысалы. Бұл хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с) амалдарымыздың жақсы немесе жаман екенін білу үшін қажет ең маңызды таразыларды сипаттаған. Шындықты білу туа біткен қасиет. Пайғамбарымыздың (с.а.с) бұл сөздері адамның ақиқатты тану және қабылдау табиғатынан жаратылғанын көрсетеді.

 Қорытындылай келе адам баласы мүмкіндігінше дін бауырларын жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйылуға үндеу керек. Мүмин бұл істе тек бір Алланың разылығын ғана ойлайды. Сонымен қатар қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымында жақсылық пен жамандық мәңгілік тақырыпқа айналып, өнегелі іс пен өмірлік мәселелерде жақсылық алғы кезекке қойылған. 19 ғасырда өмір сүрген қазақ шайыры Майлықожа бұл туралы былай дейді:

«Жақсылық отқа күймес, суға батпас,

Гауһар тас жарық қылмай жерде жатпас,

Қолдан келсе етіңіз жақсылықты,

Жақсылықты еткендер жаман таппас».

 Қазақ даласынан шыққан ұлы ойшылдар: Қорқыт атаӘбу Насыр әл-ФарабиҚожа Ахмет ЯсауиЖүсіп БаласағұнАбай, т.б. халқымыздың дәстүрлі дүниетанымындағы жақсылық, ізгілік ұғымдарына терең мән беріп, оларды әлемдік философиядағы түсініктер деңгейінде қарастырады. Олардың пікірінше, жеке адамның жақсылыққа ұмтылуы, ізгі іс-әрекеттер жасауға құштарлығы әділетті қоғам құрудың басты шарты. Жасаған әрбір жақсы амал үшін сауап, жаман амалы үшін күнә жазылатындығына бек сенеді. Мұсылман ешбір нәрсенің де жауапсыз қалмайтындығын бір сәт естен шығармауы тиіс. Асылында иманды жан ешкімнің ала жібін аттамай, қолынан келген жақсылығын аямай, дін үшін жаман әдеттен аулақ болып, өзгені де жамандықтан қайтаруды өзінің асыл мақсаты деп білсе, және өзіне жамандық жасағанға жамандықпен жауап қайтармай, кешіріммен қараса, міне сол нағыз бақытқа жетелейтіні анық.

 

 

 Түркістан облысы қоғамдық дам басқармасыы

      «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ – нің

       Мақтаарал аудандық бөлім маманы А.Жәлел

0 пікір