Жағымсыз сипат – надандық
Жағымсыз сипат – надандық
26.09.2023
1382
0

   Надандық – қазақ ұғымында «оқымағандық», «сауатсыздық»  деген секілді ұғымдармен шектеліп қана қоймайды. Надандық деп ең әуелі, сонау ежелден атадан-балаға мұра болып келген халықтық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, ырым-кәделерді, ататегін, т.б осы сияқты өз ұлтының ана тілін және тіршілік тынысын жетік білмейтіндікті айтады. Соның ішінде кейде өзге ортада өсіп-өніп, өз ортасын біле бермейтін, білуге де талпынбайтын жат мінезді адамдарды да, немесе керісінше бір жерде ғана өсіп-өніп, өз ауылынан басқа жұртты, оның өмір тіршілігін, жалпы ұлттық қауымды біле бермейтін томаға-тұйық адамдарға тән қасиетті де, «надан», «надандық» деп айта береді.

   Адам бойындағы білімсіздікті, қараңғылықты, мәдениетсіздікті айқындап көрсететін құбылыс – надандық. Ізденіске, ғылым-білімге негізделген ақылдың кемел көрінісі – сау ақыл. Себебі кемел ақыл – надандықтың дұшпаны. Осы орайда Абай атамыздың отыз сегізінші қара сөзі ойға оралады. Абай: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, сонан қашпақ керек. Әуелі-надандық, екінші-еріншектік, үшіншісі-зұлымдық».  

   Надандықтың бір көрінісі – мәңгүрттік. Өйткені наданда жылы жүрек болмаған соң, онда туған елге, тарихқа, мәдениетке, тілге, ата-анаға, бабаларына деген құрмет сезімі табылмайды. Надан таза пайдадан өзгені көзіне ілмейді. «Естілер де ісіне қуанбай жүр, ел азды деп надандар мұңаймай жүр»-деп Абай атамыз осылай тұжырымдаған. Надандық – бұл байырғы болып кеткен құбылыс емес, ол қазіргі заманның аса қауіпті дерті. Әр түрлі қоғамның озық ойлы адамдары бұл дерттен арылудың шешімдерін қарастыруда.  Ол жеке адам басындағы надандықтан, мемлекеттік саясатқа дейінгі сатылардың әрқайсысынан көрінеді.

   Ислам діні сауат ашу, білім мәселесіне көп көңіл бөледі. Қасиетті Құранда білім мен надандықтың қарама-қайшылығы туралы былай айтылады:

«Білетіндер мен білмейтіндер тең бе? Шын мәнінде ақыл иелері ғана ғибрат ала алады!» («Зумар» сүресі 9-аят).

   Егер, адам оқу және санау жағынан сауатсыз болса, кейбір саудагерлер адамның сол кемшілігін пайдаланып, сапасыз немесе мерзімі өткен тауарларды сатып, соның арқасында оңай олжа табуы мүмкін. Медицина тұрғысынан қарастыратын болсақ, ғалымдар зерттеуіне сәйкес жаңа ақпаратқа қызығып, шет тілдерін және басқа да білім салаларын үйрену арқылы миын үнемі дамытуға тырыспаған адам түрлі ауруларға шалдығуы ықтимал. Бір сөзбен айтқанда надандықтың адам баласы үшін ғана емес, қоғам, тіпті барлық адамзат үшін үлкен қауіп екендігінің айқын дәлелі.

   Осы орайда: «надандықтың емі бар ма?» деген сұрақ ойымызға ұялары сөзсіз. Надандықтың шипасы бар. Ол – дұрыс ниет және білім-ғылым. Білімді болу – әрбір мұсылман адамның міндеті. Ардақты пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) хадистерінде де білім алудың маңыздылығы жайлы көптеп айтылады:

«Білімді талап ету әрбір мұсылманға парыз» (Хадис).

«Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз» (Хадис).

   Қорыта келе, надандық білімсіздік пен қараңғылықтан нәр алып, адам бойындағы асыл қасиеттерге көлеңке түсіретін жағымсыз қасиет. Дегенмен, білімсіз адамның бәрін надан деп қарастыруға болмайды. Қоғамымыздың жастары ояу болса дейміз. Себебі барлық аманат та, жүк те сол жастардың мойнында тұр. Адамзаттың да, қоғамның да көктемі – жастық. Егемендігімізге тек намыс жігерімен, елімізге махаббатпен, болашағымызға сеніммен қарайтын болсақ, алынбайтын қамал боларымыз анық. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, бір жағадан-бас, бір жеңнен-қол шығарып мемлекетіміздің дамуына ат салысайық!

 

Ұ.Құлтай

Теолог маман                                                                                              

 

0 пікір