Ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән беру адамгершілікке жетелейді. Кең байтақ өлкемізде буыннан-буынға жалғасып, әдептілік, имандылық, көрегенділік, мейірімділік, шарапаттылық ізетпен ілтипат танытып отыру – әдеп нормалары, ұлттық тәлімнің ең озық көріністері. Міне, сол қымбат қасиеттердің бәрі от басы, ошақ қасында басталады. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген қазақ атамыз. Жастарға рухани тәрбие беру құндылықтары – ар-ұят, адамгершілік, адамдық қасиеттерді ардақтау және сақтау. Әрбір адамның болашағы балалық және жастық шағындағы көргендері мен алған әсеріне тікелей байланысты. Жастар адамның рухын шыңдап, жігер беретін ортада ақыл-ойы ұшқыр, көргенді боп өседі.
Ізгілік – адамдықтың негізі, әрі адамгершілік қасиеттерінің жиынтығы. Құт пен ізгілік – егіз ұғым.
Ізгілік (латынша Нumanitas – адам табиғаты) – адамның еркін ойлауының әр түрлі көріністерімен байланысты, оған сәйкес еркіндікті, адамның индивидуалдық дамуын уағыздайды. Қоғамдық жағдайы мен өзінің шығармашылық күштерін еркін дамытатын жеке бас құқығына тәуелсіз түрде, адамның құндылығын, адамдардың арасындағы теңдік, әділеттілік, адамгершілік қатынастарды қуаттайтын көзқарастар мен идеялар жиынтығы. Сократ өзін-өзі тануды барлық ізгіліктердің алғышарты деп санаған, Лессинг өзін-өзі тануды ізгіліктің орталығы десе, Кант оны барлық адамдық даналықтың басы деп санайды.
Ізгілікке қарама-қарсы ұғым – зұлымдық. Нақ ненің бағамдалып отырғанына (жеке адамның қылығы, моральдық сапасы, адамдардың қарым-қатынастары не әлеуметтік қызметі) орай, ізгілік неғұрлым нақты– жақсылық, қайырымдылық, әділеттілік және т.б. ұғым нысанын алады.
Тарихи тұрғыда ізгілік адамдар арасындағы бытыраңқылық пен жатсынуды жеңуге, өзара түсіністікті, моральдық теңдік пен туысқандық бірлікті орнықтыруға жәрдемдесетін іс-қимылдар мен қоғамдық бастамаларды білдіреді. Ізгілікті бұлайша ұғыну – мұратқа ұмтылған адамның өз нәпсілерінен, материалдық мұқтаждықтан, жеке адамға жасалатын топтық және қоғамдық қысымнан тәуелсіз болуына себептесіп, ізгіліктің тарихи және жағдаяттық нақтылықтарына гуманистік тиянақтылық береді. Идеяда ізгілік адамның кемелділікке құлшынысын бейнелейді.
Зұлымдыққа қарсы қойылғанда ізгіліктің мазмұны іс жүзіндегі бағыттылыққа ие болады. Адам ізгілікті таңдағанда зұлымдыққа қатысып анықтап алуға, оны жою қажеттігін, ізгілік пен зұлымдықтың осы қарама-қарсылығын туғызған себептерді жеңу керектігін ұғынуға тиіс.
Жас өспірім тәлім-тәрбиені, ізгілік қасиеттерді үлкендерден, тәрбиешілерден насихат жолымен емес, тек шынайы көру, сезім қатынасында ғана алады. Жеке тұлғаның бойындағы жалпы адамзаттық құндылықтардың қалыптасуы осы бағытта жүзеге асады, сөйтіп оның өзін- өзі тануына, өзіндік бағдарын анықтауына мүмкіндік туғызатындай тәлім тәрбие берілуі керек. Жақсы ізгіліктің қасиеттердің түп негізі отбасында қалыптасатыны белгілі.
Өз халқының мәдениетін, тарихын, өнерін сүю арқылы басқа халықтардың да тілі мен мәдениетіне, салт-дәстүріне құрметпен қарайтын нағыз мәдениетті азамат қалыптасады. Қазақ халқының әлеуметтік өмірінде үлкенді сыйлау ұлттық дәстүрге айналған.
Отбасында, балабақшада, қоғамдық орындарда үлкенді сыйлау дәстүрін бұзбау және оны қастерлеу әрбір адамнан талап етіледі.
Халқымыздың тәлім-тәрбиелік мұрасына үңілсек, ол ізгілікті, қайырымдылықты, мейірбандылықты дәріптейді. Баланы үлкенді сыйлауға, кішіге ізет көрсетуге, иманды болуға, ізгілікке баулу ізгілік тәрбиесінің жемісі. Осы қасиеттерді балаға жасынан бойына сіңіре білсек, ізгілік қасиеттердің берік ірге тасын қалағанымыз.
Ізгілік – адамның рухани арқауы. Өйткені адам баласы қоғамда өзінің жақсы ізгілік қасиетімен, адамдығымен, қайырымдылығымен ардақталады. Қазіргі кезде өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбилеуде қойылған мақсаттардың бірі қоғамға пайдалы, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор бола білетін, жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру.
А.Құрманбек
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
теолог маманы
Ізгілік феномені