Исламдағы туыстық қатынас туралы
Исламдағы туыстық қатынас туралы
19.10.2020
1150
0

Халқымызда «қарға тамырлы қазақ» – деген ұғым бар. Себебі, ешкім де туысқан-туғансыз, ағайынсыз емес. Барлығымызда қан тұрғысында жақын тартар ағайын, туыстарымыз бар. Тіпті қаза берсең, адам баласының бәрінің де кіндігі бір болып шығады. Өздеріңіз білетіндей, исламда отбасылық қатынасты нығайтуға үлкен мән берілген. Шариғатымызда отбасы тақырыбы өз алдына «Әл-усрату фи әл-исләм» (Исламдағы отбасы) деп арнайы ғылым болып қалыптасқан. Әуелі исламда ағайын-туыстық қатынастарды сақтау дегеніміз не? Туыстық қатынасты кім сақтайды? – деген мәселені анықтасақ.

Исламда отбасылық қатынастарды сақтау дегеніміз – әрдайым  қарым-қатынаста болу, көркем мінез, жұмсақтық, жақын адамдарға құрмет, көмек және қамқорлық көрсету. Әрине, бұл мәселелердің әрқайсысы туыстарының жақындықтары мен қажеттіліктерінен өзгеше болуы мүмкін. Мәселен, жақын туыстарыңызға қамқорлығыңызбен мейріміңізді бөлейсіз, ал ауқатты туыстарыңызға қарағанда, әлеуметтік жағдайы төмен туыстарыңызға материалдық немесе физикалық көмек көбірек беріледі. Адамдардың бұндай туыстарымен араласуы, өздерінің ниетіне және пейіліне байланысты.

Алланың Елшісі (с.а.с.) тыуыстық қатынасты сақтайтындар туралы: «Тек қана (отбасылық қатынасты) сақтап тұратын адам емес, (расында) туыстық қатынасты сақтайтындар, ол бұзылған туыстық қарым-қатынасты орнатуға ұмтылғандар», – деген (Бухари, 5645).

Алла Тағала бізге отбасылық қатынастарды сақтаудың маңыздылығы туралы «Ниса» сүресі, 1-аятында:

وَاتَّقُوا اللَّهَ الَّذِي تَسَاءَلُونَ بِهِ وَالْأَرْحَامَ  إِنَّ اللَّهَ كَانَ عَلَيْكُمْ رَقِيبًا     

«Алладан қорқыңдар, туыстық қатынасты үзуден сақтаныңдар. Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы», - деп бұйырады. Ал «Бақара» сүресінің 77-аятында былай баян еткен:

وَاعْبُدُوا اللَّهَ وَلَا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا وَبِذِي الْقُرْبَىٰ وَالْيَتَامَىٰ وَالْمَسَاكِينِ وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَىٰ وَالْجَارِ الْجُنُبِ وَالصَّاحِبِ بِالْجَنْبِ وَابْنِ السَّبِيلِ وَمَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ إِنَّ اللَّهَ لَا يُحِبُّ مَنْ كَانَ مُخْتَالًا فَخُورًا

«Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған ешкімді серік қоспаңдар. Әке-шешеге, туыстарға, жетімдерге, кедей-кепшіктерге, жақын және алыс көршіге, жаның дағы жолдасыңа, қаражаты таусылған жолаушыға, қолдарыңдағы қызметшілерге жақсылық жасаңдар. Алла дандайсыған тәкаппарларды жақсы көрмейді», - деген.

Сондай-ақ, Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кім Аллаға және Қиямет күніне иман келтірсе, қонағын сыйлап, құрметтесін. Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, туысқанымен қарым-қатынасын үзбей, жалғастырсын. Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін», - дейді (Бұхари, Мүслім).

Ол Аллаға және қиямет күні иман белгілері сияқты толыққанды туыстық қатынасқада осындай сеніммен қарау керектігін түсіндірді. Бұдан шығатыны, исламдағы туыстық қатынастар міндетті және маңызды орындардың бірі болады. Түптің түбі Алланың бұлжымас заңдылығы туыс-туғанмен қарым-қатынасты үзбеуді өмірлік ұстанымызға айналдырған жөн.

Туыстық қатынастарды сақтаудың түрлері мен әдептеріне тоқталатын болсақ, алдымен туысыңызды қонаққа шақырып төрге шығарудан бастаңыз немесе арнайы іздеп барып, хабарын алып, хал-жағдайын сұрап біліңіз. Оған мүмкіншілігіңіз болмаса, олар туралы сым тетік арқылы хәлін сұрау, сәлемдесу, бір жерде  кездесіп сыйлықтар беру, мұқтаж болса материалдық көмек беру, жасы үлкендерге құрмет білдіру, кішілерге мейірімділік көрсету, олардың шақыруларына жауап беру, қуаныштары мен қайғы-қасіреттерін бөлісу, олардың мәселелерін шешуге ұмтылу. Бұл мәселедегі ең сауапты іс ол жақсылыққа шақыру, жамандықтан қайтару болып табылады.

Әнас ибн Мәліктен жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кім ризық-несібесінің мол және ғұмырының ұзақ болуын қаласа, ағайын-туыстық қарым-қатнасын күшейтіп, оған қарайлассын», –деген (Бухари, 5986; Муслим, 2557).

Расында, кедейлік пен ерте өліммен қауышудан көптеген адамдар қорқады, сол себепті кейбір адамдар тек өздерінің қара басын алып жүрумен өмірлерін сарп етеді. Осы хадистен шығатыны, кедейліктен сақтану мен өмір-жасыңды ұзартудың бір кепілі туыстық қатынасты сақтау болып табылады.

Тағы бір хадисінде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.): «Ең жылдам сауапқа жеткізетін ізгі амалдар (ата-анаға) құрмет көрсету және отбасылық қатынасты сақтау болып табылады. Ал ең жазаланатын қатыгездік бұл (ата-аналарға) бағынбау және отбасылық қатынасты бұзу», – деген екен.

Сөзімізді түйіндей келе туыстық қатынасты сақтау және оларды қолдау – бұл Жаратушының адамдарға жасаған үлкен ғибраты. Сол сияқты туыстық қатынастарды бұзу – қоғамның қарғысқа ұшырауына, бөлшектенуіне, ыдырауына және оның деградациясына алып келетін үлкен құбылыс. Тақырыбымыздың мақсаты: халқымыздың бауырластық, осы туыстық қатынасты нығайту аясына кіреді. Қазағым «Мал қонысын іздейді, ер туысын іздейді», – деп туысқандық қатынастың маңыздылығы мен парқын жете түсінген елміз, «Туғаныңмен сыйыспасаң, кең дүниеге сыймассың», – деп те ескерткен. Сондықтан ағайын-туысқа дұрыс қарап, жақсы мәміледе болу міндет. Өйткені, ағайын-туыс тату болса, еліміздің бірлігі де бекем болады.

 

 

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог маманы        А.Дүйсен

 

0 пікір