Исламдағы бауырмашылдықтың маңызы
Исламдағы бауырмашылдықтың маңызы
13.05.2020
1298
0

Ақсақалдың бір ауыз даналы сөзіне тоқтаған текті халықтың ұрпақтарымыз. Бабаларымыз даулы мәселелерді үнемі ақылға салып, ушықтырмай саналы түрде халықты тиімді жолымен шешіп отырған. Бүгінгі таңда исі мұсылман болған түркі тілдес халқымыз тоз-тоз болып, әр жамағатқа бөлініп, араздасып жүргенін байқаймыз. Бірі сен әлгі уағызшыны тыңдайсың десе, екінші бір топ сенің ұстаздарыңның білімі шыңдалмаған – деп бірін-бірі кінәлаумен болып жүргенін көзіміз көріп жүр. Тіпті жолдаған сәлемдеріне жауап бермейтіндей дәрежеге жеткен топтар да жоқ емес. Әсілінде, Исламның қайнар көздері Құран мен Пайғамбар (с.а.с.) сүннеті баршамызға ортақ емес пе? Қоғамда көрініс тауып жатқан бөлінушілік, мұншалықты араздық қайдан шықты? Ауызбіршілігі жарасқан халқымызды бөлінушілікке итермелеген не себеп?  Дегенменде, Пайғамбар заманынан бері мұсылман жұртшылығының арасында діннің кейбір тұстарына қатысты дау-дамайлар туындап өзара келіспеушіліктер болып тұратын.

Мұсылман мұсылманның бауыры, Пайғамбар (с.а.с.) хадисінде баяндағандай

عن أبي هريرة رضي الله عنه ، قال : قال رسول الله صلي الله عليه وسلم» : كل المسلم على المسلم حرام : دمه وماله وعرضه«

«Әрбір мұсылманның қаны, ар-намысы және мал-дүниесі өзге мұсылманға харам»[1]- ол ешқашанда өз бауырына қолымен де, тілімен де озбырлық жасап, мал-дүниесіне көз салмайды. Бауырмашылдық - бұл исламдағы ең ұлы, қасиетті ұғымдардың бірі. Ата-бабаларымыздың қалдырған бауырмашылдық мінезін дәстүрде жеті атаға дейін байланыстырып, туыс болып жақынға да, жатқа да жанашырлық танытқанынан байқасақ болады. Құранда Алла тағала  « إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ إِخْوَةٌ فَأَصْلِحُوا بَيْنَ أَخَوَيْكُمْ ۚ وَاتَّقُوا اللَّهَ لَعَلَّكُمْ تُرْحَمُونَ»

 «Расында, мүміндер бір-біріне шынайы бауыр. Олай болса (жүз шайысып, ат құйрығын кесіскен) бауырларыңның арасын жарастырыңдар, сондай-ақ (бауыр ақысына келгенде) Алладан қорқыңдар (һәм үкіміне қарсы келуден қорқыңдар)!...»[2] - деген аятта ат құйрығын кесіскен жау болсадағы ол мұсылман бауырымыз болатынын Алла тағала ескертіп тұр. Бауырмашылдық Алланың құлдарына берген нығметтерінің бірі.

Алла елшісі де (с.а.с.) Ислам дінін мұсылмандар арасындағы өзара бауырмашылдық сезімінсіз сипаттау мүмкін емес екенін өз хадистерінде баса назар аударған. Нұғман ибн Баширден (р.а.) жеткен хадисте:

 عن النعمان بن بشير -رضي الله عنهما- قال: قال رسول الله مثل المؤمنين في توادهم وتراحمهم وتعاطفهم مثل الجسد إذا اشتكى منه عضو تداعى له سائر الجسد بالسهر والحمى

«Алла елшісі (с.а.с.): Мүміндер бір-біріне сүйіспеншілік, мейірімділік және жанашырлық танытуда біртұтас дене тәрізді. Адамның бір жері ауырса ұйқысы қашып, ыстығы көтеріліп, бүкіл денесі ауырған жерінің мұңына ортақтасады»[3], - десе және бір Әбу Һурайрадан (р.а.) келген хадисте:

عن أَبي هُريْرَةَ رضي اللَّه عنه قَالَ: قبَّل النَّبِيُّ صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وسَلَّم الْحسنَ ابن عَليٍّ رضي اللَّه عنهما، وَعِنْدَهُ الأَقْرعُ بْنُ حَابِسٍ، فَقَالَ الأَقْرَعُ: إِنَّ لِي عَشرةً مِنَ الْولَدِ مَا قَبَّلتُ مِنْهُمْ أَحداً فنَظَر إِلَيْهِ رسولُ اللَّه صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وسَلَّم فقَالَ: "مَن لا يَرْحمْ لاَ يُرْحَم

«Бірде Пайғамбар (с.а.с.) қасында отырған Ақрағ ибн хабистің көзінше немересі Хасан ибн Алиді (р.а.) емірене сүйген еді. Сонда Ақрағ оған: менің он балам бар, бірақ олардың ешбірін еркелетіп, сүйген емеспін» - деді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): Мейірімділік танытпаған, мейірімге бөленбейді», - деп айтты»[4] - деген.

Шынайы мұсылманның сипаты бауырына әрдайым көмектесуде алдыңғы сапта тұрады. Қиыншылық пен кеңшілікте ортақтасып, қуанышына қуанып, қайғысына ортақ болады. Мұсылман екінші бір мұсылманмен жанжалдаспауы қажет. Керісінше араларында келіспеушілік орын алса, бір-бірін кешіруге бейім тұруы  ләзім.

Бүгінгі қоғамда белігілі бір уағызшыны тыңдап тек сол адамды ғана діндар, тақуа жан ретінде көріп, айтқанының барлығын «Ислам деген осы екен, басқаларды тыңдауға болмайды. Жүрекке күмән ұялатады» - деген жаңсақ пікірде жүрген бауырларымыз да жоқ емес. Алла тағала Құранда:

وَاعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللَّهِ جَمِيعًا وَلَا تَفَرَّقُوا

«Барлығың да Алланың желісіне (дініне) мықтап жармасыңдар және өзара бөлінбеңдер...»[5] - деген. Құранның бір аятына амал жасаймыз деп, Алланың басқа да бұйрығына қарсы шығып қалмауды да ескерген жөн. Алла елшісі (с.а.с.) мұсылман адам өзге бауыры үшін дұға жасап, жақсы пікірде болу қажеттігін өсиеттерінде баяндаған.

Әбу Дарда (р.а.): «Расулулланың (с.а.с.): Алла тағала қандайда бір мұсылман құлы өзге мұсылман бауырына жақсылық тілеп, сырттай ол үшін игі дұға жасайтын болса, қасындағы періште: «саған да соны берсін деп айтады» - дегенін естідім»[6] - деген хадисті жеткізген.

Адам баласы күнәдан пәк болған періште де емес, күналары кешірілген пайғамбар да емес, сол себептен мұсылман бауырына кешіріммен қарауы өте маңызды.  Ислам шариғатында мұсылманның мұсылман бауырына үш күннен артық ренжуіне тыйым салынады. Елімізде халықтың діни сауаттылығын арттырып, бабаларымыздан аңсаған ауызбіршілігімізді арттырсақ, бауырларымыздың бір-біріне деген бауырмашылдығы артатыны ақиқат. Сондықтан қазақ жастары аталарымыз ұстанған Ислам дінін ұстанып, ауызбіршілікті жоғалтпай, бірлігімізді бекем ұстап, аманатқа қиянат жасамасақ, бұл бір сауабы мол іс болары анық.

 Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

бөлім басшысы  М.Мұстафаев

 


[1]  Абу Дауд, әдеп бабы №35 хадис

[2]  Хужрат сүресі 49/10-аят (Құран кәрім қазақша түсіндірмелі аударма. Алматы қ., «Көкжиек» баспасы 2015 ж)

[3]  Сахих Бұхари, әдеп бабы №27 хадис

[4]  Сахих Бұхари, әдеп бабы №18 хадис

[5] Әли-имран сүресі 3/103 – аят (Құран кәрім қазақша түсіндірмелі аударма. Алматы қ., «Көкжиек» баспасы 2015 ж)

[6]  Сахих Муслим, Зікір бабы №86 хадис

0 пікір