Исламдағы әйелдердің жұмыс белсенділігі
Исламдағы әйелдердің жұмыс белсенділігі
20.02.2023
859
0

Ислам  дінінде ғылым мен дін бір-бірімен егіз ұғымдар іспеттес. Ислам дінінде оқу, үйрену, ойлану, жазып-сызу, ойлағанын іске асыру тұрғысынан әйел мен еркек тең құқылы. Құран бұйрықтарын Пайғамбар (с.а.с.) елге жеткізу нәтижесінде әйелдер, қыз балалар, құлдар еркіндікпен қатар негізгі құқықтарға ие бола бастады. Ислам дінінің білім-ғылымға қаншалықты мән бергендігі ислам тарихын білетін оқырмандар қауымына мәлім.

Пайғамбар (с.а.с.) кезеңінде еркектер мен қатар әйелдер де мешіттерге емін-еркін, Алла елшісінің уағыз-насихаттарын, тәлімдерін тыңдайтын. Сұрағы бар әйелдер Пайғамбардың (с.а.с.) тікелей өзінен келіп сұрайтын немесе біреуді жіберіп сұрататын. Ансарлық Үммі Кәсир бинт Зәйд атты бір әйел өзінің сіңлісімен Пайғамбар (с.а.с.) келіп: «Сіңілімнің сізден бір мәселе жайлы сұрағысы келеді. Бірақ ұялуда»,-деген кезде Ардақты елші: «Сұрайтын нәрсеңді тартынбай сұра. Білім үйрену – парыз»,-деп әйел баласының да білмеген нәрсесін үйренуі қажет екенін айтқанды.

Ислам дінінің негіздерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізуде мұсылман ғалымдардың ішінде әйел адамдардың да қосқан үлесі зор. Олардың басында Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайларын ерекше атап өтсе болады. Әйелдердің тәлім-тәрбиедегі еркіндігінің нәтижесінде діннің көп бөлігі Айша (р.а.) келіп жеткен. Алла елшісінің жұбайларының ішінде Айшаның (р.а.) ілімге деген құштарлығы ерекше еді. Ілімге құштарлығы соншалық «Ол білмейтін бір мәселені естісе, оны әбден түсінгенше сұрақ сұрай беретін». Айшаның (р.а.) дінмен қатар медицина саласында белгілі бір деңгейде біліктілігі болғандығы да айтылады.

Айша (р.а.) Ислам әлемінің түкпір-түкпірінен келген сұрақтарға жазбаша жауаптар беретін. Осылайша ол жазбаша түрде оқытудың ең алғашқы үлгісін  салған еді. Пайғамбар (с.а.с.) қайтыс болған соң 47 жыл бойы осы қызметін жалғастырып, көптеген шәкірт тәрбиелегенін ислам тарихынан байқауға болады. Тарихи деректерге сүйенсек Айша (р.а.) 2210 хадис риуаят еткен. Тіпті кейбір сахабалардың өздерін дінді дұрыс түсіну үшін қажет болған кездері түзетіп отырған. Тіпті имам әш-Шафиғи секілді кейбір ғалымдар дініміздің төрттен бірі Айша (р.а.) арқылы жеткен деседі.

Пайғамбар (с.а.с.) тек қана әйелдерді үйретумен шектелмей, қыз балалардың да тәлім алуын арнайы ескертіп отырған. Ол: «Кімде кім балиғат жасына жеткенге дейін екі қыз баласының қарауын, нәпәқасын, тәрбиесі мен жетілдіруін мойнына алып, міндетін орындаса, ол қияметте менімен бірге былай болады»,-деп екі саусағын бір-біріне қосып көрсетті (Муслим). Әйелдердің тәлім-тәрбиесі тек қана Құран және хадиспен шектелмейтін.

Әзірет Омардың (р.а.) халифалығынан бұрын сахабалар әуелі бауырларын, сосын қыздарын оқытатын. Ал кейін халифа Омар арнайы медреселер ашқызып, балаларды оқыту үшін арнайы қызметкерлер тағайындаған. Ибн Хазм өзінің «Жауамиус-сира» кітабында жиырмаға жуық фақиһ әйелдің болғанын  келтіреді.

Ислам діні қажет жағдайларда әйелдің де жұмыс істеп, табыс табуын құптайды. Ислам діні қоғамда жұмыссыздықтың алдын алып, мемлекеттің жұмысқа қабілетті әрбір азаматты жұмыспен қамтамасыз етуін талап етеді. Пайғамбар (с.а.с.) әйелдердің белгілі бір мамандық иесі болуларына да мән беретін. Әйелдер үй тірліктерімен қатар бау-бақша, қолөнер, сауда, тері илеу, тоқу, жүн иіру, оқу-сызу үйрету, дәрі жасау, ауру-сырқаулардың күтімі, ақындық істермен де айналысқан.

Жоғарыда тізбектелген мамандықтардың өзі білім алу, еңбек ету жолында әйелдердің орнының қандай болғандығын тайға таңба басқандай етіп көрсетеді. Қыз балаларды оқытпау, оларға білім бермеу, әйелдерді қоғамнан аластау дінді қате түсінуден туындаған. Жоғарыда келтірген мысалдар бұған нақты дәлел болады. Ақиқатында, ислам дінінде әйел мәртебесі өте биік. Қыздарды адам қатарында санамайтын, құл ретінде қарайтын, оларды шұңқырларға көметін арсыздық дәуірінде «Сендердің ең жақсыларың – әйелдеріңе жақсы қарағандарың»,-деген ұстанымдағы мейірімділік пен әділдіктің діні ислам ғана болатын. Әйелдің тәрбиесі төмен болған қоғамның ұрпақ тәрбиесінде қаншалықты кенже қалатындығы белгілі. Сондықтан болашақ қоғамның тәрбиешісі болып табылатын қыз балаларды оқыту, тәрбиелеуге ерекше мән беру аса маңызды болып табылады.

 

 А.Борибекова

Теолог маман                                                         

0 пікір