Интернеттегі экстремисттік материалдардың мазмұны
Интернеттегі экстремисттік материалдардың мазмұны
20.11.2024
186
0

Дамудың әр сатысында адам баласы түрлі жетістіктерге жетті, әлі де жетуде. Жаңа дүниелер, жаңа құрылғылар ойлап табылып, айналасын, қоршаған дүниені де зерттеп, жаңа биіктерге көтеріле білді. Міне, осындай дамудың шарықтау шегінің бір нәтижесінде, интернет ұғымы, жалпылай алғанда ғаламтор жарыққа шықты.

Интернетке қосылу мүмкіндігі болған жағдайда, білім беру мекемелері, мемлекеттік ұйымдар, коммерциялық кәсіпорындар және жеке адамдар сияқты миллиондаған қайнар көздерден ақпарат алуға болады.     

ХХІ ғасырда әлемнің көптеген бөліктерінде БАҚ құралдарына деген сенімнің төмендегені сонша, әлеуметтік желі платформалары жаңалық аренасына шығып, кез келген адамға ақпарат алмасатын орындар мен құралдарға айналды.

Жоғары жылдамдықты ақпарат барлығына қолжетімді әлеуметтік желілер мен интернетте кез келген адам тарата алады. Нәтижесінде азаматтар ненің жалған, ненің шын екенін түсіну үшін бар күшін салуда.

Кибер кеңістікте интернет пен әлеуметтік желілердің жылдам дамуымен бірге онлайн экстремизм бүкіл әлем елдерінде таралған мәселеге айналды. Бағыты бойынша:

-         экономикалық (бір ғана меншік түрін орнату, бәсекелестікті болдырмау және т.б.);

-         рухани (басқа мәдениет өкілдерінің жетістіктерін теріске шығару);

-         экологиялық (табиғатты қорғау саясатына қарсы шығу);

-         діни (басқа конфессия өкілдеріне деген жеккөрушілік);

-         ұлттық (басқа ұлттардың қызығушылықтары мен құқықтарын теріске шығару);

-         саяси (үкіметтік құрылымдар, мемлекеттік қызметтерге қарсы шығу).

Әр түрлі ұйымдар мен топтар түрлі танымал әлеуметтік желілер WhatsApp, Youtube, Instagram, TikTok, ВКонтакте, Facebook, Twitter арқылы деректі фильмдерді, аудио және бейне-хабарламалар мен үгіт-насихаттарды жиі пайдаланады. Әлеуметтік желілердегі экстремизмді насихаттаудың өзіндік ерекшелігі бар, өйткені жеке ақпарат көбінесе әлеуметтік желілерде көрсетіледі, демек белгілі бір жас тобындағы адамдардың санасына максималды әсер ету үшін экстремистік материалдарды мақсатты түрде тарату мүмкін.

Әлеуметтік желі өзінің жылдамдығы және насихаттау функциясында баспа басылымдары мен қарапайым сайттардан асып түскенін атап өткен жөн. Олардың артықшылығы – жалдаушы мен оның ықтимал құрбаны арасындағы жеке, қауіпсіз және жиі жасырын қарым-қатынас мүмкіндігін арттыру. Сондай-ақ, психологиялық тұрғыдан, пайдаланушы теледидарға, газеттерге немесе сайттарға қарағанда әлеуметтік желілерден алынған ақпаратқа көбірек сенетінін атап өткен жөн. Дәл осы мақсатты экстремистер белсенді қолданады.

Әлеуметтік желілердегі аккаунттардың көпшілігі екі түрге бөлінетіні анық. Біріншісі кейіннен танымал бола бастаған ақпарат арналарының ең өзекті басылымдарын анықтайды. Екіншісі бұл жазбалармен, фотосуреттер және бейне материалдармен бөлісетін жеке адамдардың парақшасы, сондай-ақ экстремистік сипаттағы хабарламалар мен дәлелдер жиі жарияланатын пайдаланушылардың жеке парақтары. Оның негізгі мақсаты интернетте жасанды түрде жасалған қауесеттер арқылы көпшіліктің санасын айла-шарғы жасау, қоғамның тұрақты өмір сүруіне қауіп, сонымен бірге еліміздің ақпараттық қауіпсіздігіне төнген қатер ретінде де қарастыруға болады.

Көптеген сарапшылар интернеттегі экстремистік сипаттағы қылмыстардың өте жоғары деңгейде екендігін атап өтеді. Қазіргі уақытта олардың шамамен 30-35% анықталды деп болжануда. Мұның негізгі себебі – интернет желісінде экстремизмге қарсы іс-қимылды ресурстық қамтамасыз ету жүйесінің жеткіліксіздігі. Экстремизмге қарсы іс-қимылдың тиімділігін қамтамасыз ету үшін үш шарт қажет:

-         интернет желісінде экстремизмге қарсы іс-қимылдың құқықтық негізі;

-         жедел бөлімшелер қызметкерлерінің біліктілігі;

-         материалдық-техникалық қамтамасыз ету.

Өкінішке орай, қазіргі уақытта осы жағдайлардың әрқайсысы үшін тапшылық байқалады. Болашақта ақпараттық желілер мен ресурстардағы экстремистік топтар мен қозғалыстардың одан да көп белсенділігі артады деп болжанып отыр. Сол себептіде ақпараттарды тарату кезінде нақты мәлімет екеніне көз жеткізіңіз, егер олай болмаса, жауапкершілікке тартылуыңыз мүмкін.

 Айдана Сейдуәлі

 

Түркістан облысы дін істері

басқармасының «Дін мәселелерін

зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы                         

0 пікір