Интернет абсолютті ақиқат емес
Интернет абсолютті ақиқат емес
15.09.2021
709
0

Интернет тарихы 1969 жылдан басталады. Ең бірінші АҚШ-та Лос-Анжелес штатының Калифорния университетінде орнатылған. 1970 жылы электронды почта қолданысқа енсе, 1989 жылы чат өмірге келді. 1990 жылы телефон арқылы интернетке қосылуға мүмкіндік ашты. 1991 жылы мобильді интернет пайда болды. Міне пайда болғанына 30 жылдың көлемі болған ғаламтор белгілі бір адамдарды бақытты, ал кейбіреулерді өкінішке орай бақытсыз, бірімізді бай, ал бірімізді рухани кедей етуге дейін құдыретті болып шықты.

Әлеуметтік желі үйдегі ас тұзы секілді. Күнделікті қолданыста өте қажет, бірақ мөлшерден көп қолданса денсаулыққа зиян. Бір ғана айырмашылығы – ас тұзын қолдану есебі, ережесі, мәдениеті қалыптасқан. Ал әлеуметтік желіні қолдануда бізде есеп те, ереже де, мәдениет те жоқ. Есеп пен ереже болмаған жағдайда мәдениет қайдан болсын. Мүмкіншілігі мол, зияны зор ғаламды торда ұстап отырған ғаламтор әлеуметті ұлттық дамудан айырады. Сондықтан желі қолданушылары үшін әлеуметтік мәдениеттің біркелкі жолын жүйелеп қалыптастыру, оны қоғам санасына сіңдіру жаһандану заманында жастарға жүктелетін маңызды миссия. Себебі әлеуметтік желіні көп қолданушылар да сол жастар.

Қазіргі таңда әлеуметтік желінің жастар өмірінің күн тәртібінде алар орны орасан зор. Бұл – қауіп. Қарапайым жас (ол мектеп оқушысы, студент, жас маман) таңертең ұйқысынан тұрған сәттен-ақ әлеуметтік желіге қосылуға мүмкіндік беретін аппаратқа (телефон, планшет, ноутбок және т.б.) қарай беттейді. Содан сабақта, жұмыста, көшеде, үйде де желіде отырады. Түсте, кешке тамақтанғанда, үй тапсырмасын орындағанда, үй шаруасымен айналысқанда жастардың барлығы аталған істермен бірге, әлеуметтік желідегі шаруасынан қол үзбейді. Соңында, негізгі жұмыстары аяқталмайды және назар аударып орындамаған үй тапсырмасын көңіліне толық түймейді. Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Еріншектен – салақтық, салақтықтан – надандық, Бірінен-бірі туады, Жоғалар сөйтіп адамдық» дегендей, еріншектікке таң атқаннан жіпсіз байлайтын осы әлеуметтік желі.

Жастарды ғаламтордың зиянынан сақтандыру үшін кез келген ата-ана баласына оны пайдаланудың шарттарын айтып түсіндіруге, ондағы ақпараттардың үнемі шындыққа жанаспайтынын, оған сын көзімен қарау қажеттігін, ол ақпараттарды кітаптағы, энциклопедиядағы ресми газет-журналдардағы ақпараттармен салыстырып, қабылдау керектігін ескертуге тиіс. Және де ғаламтордағы зорлық-зомбылыққа, қылмысқа, психологияны бұзылуға тәрбиелейтін бағдарламалардан, діншілдік, нәсілшілдік туралы ақпарттардан сақтандыру – ата-аналар мен ұстаздардың да негізгі міндеттерінің бірі. Осы орайда есте болатын бір жағдай, он жасқа дейінгі балалар ата-анасы рұхсат берген сайттарға ғана енуге тиіс. Бұл ақпараттық технологиялар мамандарының, дәрігерлердің талабы. Ең бастысы, кәмелетке жасы толмаған балалардың электронды поштасына енуге ата-анасының мүмкіндігі болуға тиіс. Ол ең бірінші, сол баланың қауіпсіздігі, бақытты болашағы үшін қажет.

Ақпарат тасқынының қарқыны күн санап өсіп келеді. Былтырғы мереке биыл қасіреттерді еске түсіретін әлдебір дата яки елеусіз күннің бірі болып шыға келуі бек мүмкін. Бұрнағы жылғы оқиғалар тізбегі қазір алыс бір ғасырлардағы ертегі мен аңыз аралас әңгіме секілді. Ал кейде алыс ғасырлар тұңғиығынан жеткен ақпар күні кеше болғандай көрінетіні қызық.

Идеологиялық өңдеуге алынатын құрбандардың әлеуметтік портреті қанша уақыт өтсе де өзгерген емес – олардың бәрі дұрыс діни сауаты жоқ жастар (17-30 жас). Теріс ағымның жетекшілері радикалдық идеологияны олардың санасына айдай анық ақиқат ретінде құя біледі, сендіре білетіндері сонша, олармен ешкім таласпайды да. Бұл Құранның кейбір аяттарын бұрмалап түсіндіру жолымен жүзеге асырылады. Азғырушылар оларды сенімі адасқан ізбасарларының санасына құю үшін, кейін сол соқыр сенімдегілерді өз мақсаттарына пайдалану үшін Парсы шығанағындағы петромемлекеттердің сәләфи ғалымдары даярлайтын радикалдық үлгімен қасақана бұрмалайды. Теріс діни ағымдардың белгілі қазақстандық көшбасшылары өз ізбасарларын мәдени-рухани-моральдық тұрғыдан сәләфи-уаххаби ағымының экстремистік пиғылдағы радикал ғалымдарына (шейх Солих Фаузан, Усеймин және т.б.) бағыттаумен айналысуда. Онда да, Парсы шығанағы елдерінің (Сауд Арабиясы, Египет және т.б.) идеологиялық орталықтарында әрекет етуші ғалымдарды қолдан әспеттеп, қазақстандық жастардың діни санасына сіңіріп жүрген бұл көшбасшылар теріс ағым өкілдерін мәңгүрттендіріп, кейін радикалға айналдырады. Парсы шығанағы елдерінің шейхтары өз кезектерінде діни түсініктерді өз ыңғайына қарай бұрмалап түсіндіріп, зайырлы заңдарға жау көзімен қарауды, үкіметті мойындамауды, мемлекеттік рәміздерді жақтырмауды насихаттауда; ұрыс қимылдары жүріп жатқан жерлерге барып, заңды билікке қарсы соғысып жатқан содырлық құрылымдарға қосылуға үндеуде. Діни терминологияны бұрмалап түсіндіру діндар адамды сенім (акида) мәселелерінде әбден шатастырып, таухид, иман, күпірлік, мазхаб және ширк ұғымдары туралы түсінігін тас-талқан етеді. Мұндай сенімге бой алдырған адам қазақ халқының тарихын, мұсылманшылық жолын, ер мен әйел теңдігін, ар-намыс еркіндігін, жаппай сауаттылықты түгелімен жоққа шығарып, Қазақстанның дәстүрлі мұсылмандарын кәпір деп айыптайды және т.б., сонымен қатар, ортағасырлық мұсылмандықты қайта жаңғыртуға бағытталған утопиялық ұмтылысқа бейім тұрады.

 

 

«Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын

ұйымдастыру және үйлестіру»

бөлімінің маманы                                                              Бердуәлі Өтеген 

0 пікір