Коронавирус (Covid-19) індеті аз уақыттың ішінде кеңінен таралып, географиялық аумағы кеңейіп жатқан және халық арасында жұқпалы ауру екендігі білініп, уайым туғызған уақытта барша Ислам ғұламалары бұл дерттің шариғи емделу, сақтану тәсілдерін ескертуде.
Мұндай жағдайда мұсылман Алланың тағдырына иман келтіре отырып, сақтану жолдарын қарастырады. Індет және осы секілді тез таралатын ауру шыққан жерге ешкім кірмейді. Қажеттілік болмаған жағдайда ешкім ол жерден шықпауы тиіс. Медицина саласы мамандары бекіткен ережеге толық амал жасалынады. Ғибадат және истиғфар көбейтіледі. Мінеки, осы шарттарды толық орындап, алайда дүниеден өткен жандар болса шәһидтік дәрежесіне ие болады.
Алла Тағала «Ниса» сүресінің 78-аятында: «Қай жерде болсаңдар да өлім сендерді табады. Мықты қорған ішінде болсаңдар да» - деген. Ал, «Бақара» сүресінің 195-аятында: «Өз қолдарыңмен өздеріңді өлімге итермелемеңдер» - деп, сақтану қажеттілігі ескертілген.
Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Әлбетте, бұл індет – Алла сендерден алдыңғы қауымды жойған азабы. Жер бетінде одан біреуі қалған. Кейде келеді, кейде кетеді. Егер, қайсы бір мекенде індет пайда болса, ол жерден шығып кетпеңдер. Егер бір жерде індет барын естісеңдер, ол жерге бармаңдар» - деген. Алла Елшісінің (с.а.с.) індет (оба) жайлы айтқан бұл хадисі жоғарыда келтірілген аяттардың дәлелі болмақ.
Мәдина шаһарына қоныс аударылғаннан кейін біршама уақыт өткен соң Әбу Бәкір және Биләлдің (р.а.) ыстығы шығып (безгек, індет) ауырды. Бұл жайында Пайғамбарға (с.а.с.) хабар жеткенде, аурудың көтеріліп, Жухфа деген жерге кетуін сұрап дұға жасады. Алла Оның (с.а.с.) дұғасын қабыл етті. (Имам Байһақи риуаяты).
Оба және індет (эпидемия) себебінен дүние салған мұсылмандар жайында Ардақты Елші (с.а.с.): «Оба – әрбір мұсылман үшін шәһидтік» - деген (Имам Бухари риуаяты).
Тарихта Юсуф (а.с.) Мысыр уәзірінің әйелі оны зинаға шақырғанда ең әуелі Алладан пана сұрады. Мәриям анамызға Жәбірейіл (а.с.) алғаш адам кейпінде келгенде: «Мен Рахманнан сенен пана болуын сұраймын», - деді. Демек, мұсылман қандай да бір жамандыққа жолықса, Алладан пана сұрап, қиындықтарына жеңілдік беруін тілеп, дұға жасауы қажет. Пенденің басына келетін ауру – сырқаудың баршасы Алланың жазған тағдыры. Бірақ, басқа түскен жамандық атаулыны қайтарудың екі жолы (дұға жасау және садақа беру) бар екендігін Алла Елшісі (с.а.с.) айтқан: «Қайғы – қасіретті дұға қайтарады» (Ибн Мәжа риуаяты). Сонымен қатар, дұға жасар уақытта азықтың адал болуын, ниеті мен ықыласының түзу, қабыл болатын мүбәрак уақыттарды да ескере кеткен жөн.
Құран Кәрім адамзат баласына материалдық және моральдық жағынан келетін дерттерге шипа болады. «Исра» сүресінің 82-аятында: «Біз Құранды мүміндер үшін шипа және рахмет етіп жібереміз» - деген.
Адамның иманы қаншалықты мықты болса, Құранның шипасы да соншалықты дарымақ. Бұл жайында Алла Тағала Құранның «Фуссилат» сүресінің 44-аятында: «Ол (Құран) иман келтіргендер үшін «хидаят және шипа» - деп айт» - деген. Құранда келген Аятуль курси, Фатиха, Ықылас, Фәлақ пен Нас сүрелерін оқып, өз-өзіне дем салуға болатындығын ғұламаларымыз ұсынған. Солардың қатарында: Ықылас, Фәлақ пен Нас сүрелерін таңда және кешке үш мәртеден оқып жүрсе, түрлі аурулар мен жамандықтарды жоюға қарсы күш болады. Ардақты Елші (с.а.с.) Бухариден жеткен риуаятта: «Кім Бақара сүресінің соңғы екі аятын түнде оқыса, оған жеткілікті» - деп, аталмыш аяттардың берекесімен Алла пендені түрлі бәле-жалалардан сақтайтындығына үндеген.
Сонымен бірге, бес уақыт намазға берік болып, отбасы амандығы үшін дұға етіп жүруі де аурулардан сақтайды. Себебі, Муслимнің риуаятында Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кімде-кім таң намазын оқыса, Алланың панасында болады» - делінген.
Пенде әрқашан Алланы еске алып, истиғфарды көптеп айтуы – әр түрлі дерттен амандықта болуына себепкер болады. Өйткені, қасиетті Құранның Әнфал сүресінде: «Егер олар кешірім тілесе, Алла оларды жазаламайды» - деген.
Қорыта келе, әрбір мұсылман баласы індет таралған шақта:
- Алланың тағдырына толықтай иман келтіруі;
- Медицина саласы мамандарының ескертпелеріне құлақ асып, орындауы;
- Денсаулықтың берілген аманат екендігін ескеріп, толықтай сақтануы;
- Тілек-дұға жасауы – міндет болып табылады.
Жаратушы Иеміз барша жұртшылықты асқынған дерт пен аурулардан сақтап, жұмылған жұдырықтай Коронавирус індетін жеңіп шығуды нәсіп қылғай!
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Жетісай ауданы бойынша маманы Б.Шаймерден
Індет таралғанда мұсылмандардың міндеті