Хадис – ислам дінінің Құран Кәрімнен кейінгі екінші орындағы қайнар көзі. Хадис сөзі исламға дейінгі кезеңде де араб тілінде қолданыста болған. Тілдік жағынан «ескі» сөзінің антонимы «жаңа» мағынасын беретін «хадис» сөзі – «хабар», «сөз» мәніне де келеді. Терминдік мағынасы жағынан хадис жалпы пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) сөздеріне таңылғанымен, ислам ғалымдарының арасында осы сөздің мағынасын анықтауда әр салаға қарай түрлі көзқарас қалыптасқан.
Фикһ негіздері ілімі яғни усул ғалымдарының анықтамасы бойынша хадис – пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) сөзі, ісі және құптағандары. Бұл тұрғыда ол осы мағынада қолданылатын сүннет сөзінің синонимы болып табылады. Хадис ғалымдарының көзқарасы бойынша, хадис сөзі тек пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) сүннетіне ғана емес, сахабалар мен табиғиндердің көзқарастары мен іс-әрекеттерін бейнелейтін хабарларға да айтылады. Бұл жерде хадис сөзінің мағынасы хабар ұғымының баламасы ретінде келеді. Осыған сай сахабаның сөзі, ісі және мақұлдауы – мауқуф хадис, ал табиғиннің сөзі мен ісі мақтуғ хадис деп аталады. Ал атақты хадис ғалымы, хафиз Ибн Хажар әл-Асқалани: хадис Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) сөздеріне ғана тән, ал басқалардан келген сөздерді хабар немесе әсәр деп санаған. Хабар мен хадистің арасында айырмашылықтың бар екендігін айта отырып, әрбір хадис хабар, ал, әрбір хабар хадиске жатпайды деп пікір білдірген.
Хадис сөзіне қатысты түрлі мағынадағы анықтамалар болса да, хадис сөзін естілген кезде пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) сөзі, ісі және қандай да бір сахабаның іс-әрекетін көзбен көріп, мақұлдауы ойға оралады. Бұл тұрғыда хадис – «сөз», «іс және құптауды» білдіретін сүннет сөзінің синонимы болып табылады. Бастауы пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) кезеңіне барып тіреледі. Сүннет – қаули (Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) сөзі, фиғли (іс-әрекеті), тақрири (құптауы), уасфи (сипаты) болып бөлінеді.
Ал ислам әлеміндегі ахли сүннет жолын ұстанған фикһтық төрт мазхабтың хадисті қолданудағы өзіндік әдіс-тәсілдері әр-түрлі болып келеді. Бүгінгі біздің қарастыратынымыз ханафи мазхабының хадисті қолданудағы өзіндік әдіс-тәсілі болмақ. Ханафи мазхабының бастауы Куфалық ғалым есімі – Нұғман ибн Сәбиттен лақап аты Имам Ағзам әбу Ханифадан бастау алады. Ел ішінде Әбу Ханифа аз ғана хадис риуаят еткен. Сол себепті хадистері әлсіз немесе ғалым емес деген секілді жаңсақ пікірлер естіліп жатады. Әбу Ханифадан аз хадис риуаят етілуінің себебі – хадисті риуаят етушінің хадисті жеткізген сәтте риуаяттың жадында сақталып қалуын шарт деп қарастырған. Кітапқа сүйеніп риуаят етуді қабылдамаған. Әбу Ханифа өз пікірінде: «Естіген кездегі жаттаған хадисін риуаят еткен кезде де жадында сақтамаған кісі хадис риуаят етпеуі керек», - деген. Осыған байланысты Ханафи мазхабының белді өкілі имам Сарахси: «Кейбіреулер Имам Әбу Ханифа хадисті аз білген дейді. Мәселе олар айтқандай емес. Ол ғасырының хадис бойынша ең білгірі еді. Алайда риуаят етушінің есте сақтау қабылетінің кемел болуын шартын талап еткені үшін риуаяты да аз болған», деп пікір білдірген.
Ханафи мазхабында хадистен үкім алу бойынша хадис үш түрге бөлінеді: Мутауатир, мүшһүр және ахад хадис.
Мутауатир хадис – араб тілінде қандай да бір нәрселердің бірінен кейін бірінің жалғасуын білдіреді. Ал терминдік мағынасы – Пайғамбар Мұхаммедтен (с.а.с.) өзара жалған айтуға келісіп алулары мүмкін емес бір топ сенімді адамдардың өздері секілді сенімді адамдардан жеткізген хабары. Ал мәшһүр хадис – алғашқы буында яғни сахабалар заманында ахад хадис ретінде риуаят етіліп, кейіннен табиғин және табаға табиғиндер кезеңінде кең тарап, мутауатир түрінде жеткен хадис. Соңғы ахад хабар деп – бір, екі немесе одан да көп мәшһүр немесе мутауатир дәрежесіне жетпейтіндей мөлшердегі рауилердің жеткізген жекелеген хабарларына айтылады. Қазіргі күнде діни мәселелерде әсіресе құлшылыққа байланысты дау-дамайлар осы ахад хабардың төңірегінде болуда. Ахад хабарды жеткізген кісінің жаңылысу, шатасу, мағынасын дұрыс түсінбей қалу, жеткізуде мақсат етілген мағынадан ауытқу ықтималының аз да болса кездесуі ол хадиске деген күмәнсіз сенуді міндеттеуге кедергі. Алайда жеткізушіге деген жақсы ой, әділдігінің анықталуы нәтижесінде сөзінің шынайылығының басым түсу себебін негізге алғанда, онымен амал ету міндетті болады. Себепсіз ахад хабармен амал етпеген кісі кәпір болмағанымен, адасқанға саналады. Бірақ ахад хабар бойынша амал етудің міндеттілігін мойындай отырып, оның мағынасын басқаша жорамалдау нәтижесінде амал етпеген болса, адасқанға жатпайды. Хадистің дәл осы түріне байланысты Ханафи мазхабы ғалымдары өзіндік шарттар қосқан. Ол шарттар қысқаша: ахад хадисте келген үкім Құран аяттары мен мутауатир және мәшһүр хадистерге теріс келмеуі керек, жалпылама ислам қағидаларына теріс келмеуі тиіс, ахад хадисте келген үкім көпшілікке қатысты дүние болмауы керек, ахад хадисті риуаят еткен сахаба, өзі айтқан үкімге қайшы келмеуі тиіс.
Ханафи мазхабында – хадисті жеткізуші рауи өзі жеткізген хабарға қарама-қайшы әрекет етпеуі керек. Егер де өзі жеткізген хабарға қарсы әрекет жасаса, өзі жеткізген хадистің үкімі жойылған болуы мүмкін немесе өзі риуаят еткен хадистен басқа да күшті хадиске жолығуы мүмкін. Мұндай жағдайда рауидің сөзі емес, ісі дәлел ретінде алынады. Мәселен қазіргі күнде үлкен дау болып жүрген намазда тәкбір алу кезінде қайта-қайта қол көтеру мәселесі. Сахаба Абдулла ибн Омардан: «Пайғамбарымыз намазға тұрған кезінде екі қолын иығының тұсына дейін көтеретін. Рүкіде тәкбір алған кезде де, басын көтергенде де қолдарын солай көтеретін» деген хадисті риуаят еткен. Алайда сахаба Мүжаһидтен жеткен хабарда: «Абдулла ибн Омардың артында тұрып намаз оқыдым. Ол тек намаздың алғашқы тәкбірінде ғана қолдарын көтерді» деген хадис риуаят етілген. Яғни Абдулланың өзі риуаят еткен хадисіне қарсы әрекет жасаса, демек үкімі жойылған деген мағына шығады.
Ханафи мазхабы бойынша имам құтба оқып жатқанда нәпіл намаз оқуға рұқсат етілмейді. Себебі Алла Елшісінің: «Имам құтба оқып жатқанда жаныңдағы кісіге: Тыныш, тыңда!» - десең, бос сөйлеп, босқа мылжыңдаған боласың», - деген хадиске сүйенген. Алайда шафиғи мен ханбали мазхабы бойынша имам құтпа оқып жатса да, мешітке кірген кісінің сәлем намазын оқуына рұқсат. Дәлел ретінде сахаба Жәбирден: «Бірде Алла Елшісі жұма күні құтпа оқып тұрғанда үстінде ескі киімі бар кісі кіріп келді. Алла Елшісі оған: «Намаз оқыдың ба?» деп сұрады. Ол: «жоқ» деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Онда тұр да, рүкуғ жаса» деді», делінген хадисті келтірген. Осыған байланысты ханафи мазхабының Һидая атты кітабына түсіндірме жасалған «әл-Ғиная» атты кітапта кеңінен түсіндірме жасаған ханафи ғалымы Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Махмұд аталған хабардың ахад хабар екендігін, оның одан да күшті дәлелге қайшы келгендіктен тәрк етілгендігін алға тартқан. Себебі оқиға жұма күні дүйім жұрттың алдында болған, бірақ неге Жәбир атты сахабан ғана риуаят етілген. Ендеше келген хабар ханафи мазхабы бойынша ғұмум әл-бәлуа (мұсылмандардың өмірінде күнделікті кездесетін оқиғалар) мәселесінде келгендіктен келген ахад хабар ханафи мазхабы бойынша амал етілмейді, деген.
Жоғарыда келтірілген мәліметтерден байқағанымыз Имам Ағзам Әбу Ханифа хадистерді дәлелге алу үшін арнайы сұрыптау жасаған. Сол себепті Әбу Ханифадан аз риуаят жеткен. Ал негізгі себеп хабарлардың дұрыс мағынасын білу және мұсылмандардың өмірін реттеуде дұрыс хабарға жүгіну болған.
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
маманы Қ.Қосмаханов
Ханафи мазхабы бойынша хадистерді қолдану методикасы