Ғаламтордағы түрлі радикалды көзқарастар
Ғаламтордағы түрлі радикалды көзқарастар
04.09.2024
512
0

Бүгінгі күнде ғаламтор желісінде дін насихатшыларының саны артқан, олардың ішіде дұрысы да, бұрысы да табылады, әлеуметтік желіде әртүрлі атаумен жүздеген топтар мен сайттар арқылы өз арбау тәсілдерін жүзеге асырып отыр. Ғаламтор желісі еліміздің азаматтарын, әсіресе жастарды тура жолдан тайдыратын радикалды идеологияның негізгі құралына айналды. Олар түрлі «Facebook», «Vkontakte», «Instagram» және т.б. әлеуметтік желілерде өз идеологияларын дәріптейтін аудио және бейне уағыздар, мақалалар, мотиваторлық посттарды кеңінен жариялау арқылы өз идеологияларын таратуда.

Радикалды идеологияның арбауына түскен адам мемлекеттің зайырлы қағидаттарына, билік пен дәстүрлі дін өкілдеріне қарсылық танытып, қоғамға айтарлықтай зиян келтіретіні анық. Ал қоғамның белсенді буыны жастар арқылы өз қатарларын толықтырып жатқан бұл идеология өкілдерінің көздейтіні – ел арасында алауыздық тудырып, өз мүдделеріне қол жеткізу.

Радикалдық бағыттағы сайттар мен парақшалар агрессивтілігін байқатпау үшін соңғы жылдары мотиваторлары мен суреттерінің сапалылығын арттыруда. Себебі психологиялық зерттеулер бойынша ғаламтор оқырманы ақпаратты 90% көзбен көру арқылы қабылдайды. Салафизм идеологиясын насихаттайтын сайттарда кәсіби психолог әрі блогер мамандар жұмыс атқаратындығы аңғарылады. Сондықтан қазіргі бәсекелес қоғамда дәстүрлі  бағыттағы сайттардың да сапасы мен көрнекілігін жетілдіріп отыру – уақыт талабы. Еліміздің әрі қарай дамуы тікелей жастарға байланысты болғандықтан, жастардың рухани деңгейі мен сауаттылығына баса мән беру маңызды. Сондықтан жастардың діни сауатын жетілдіру жұмыстарын тек қана білім беру ошақтарымен шектеп қоймай, олардың бос уақытын көп арнайтын әлеуметтік желіні ғибратты да тағылымды бағдарламалармен толықтыру қажет. Ғаламтордағы дін туралы ақпараттарды жүз пайыз дұрыс деп қабылдауға болмайды. Себебі ғаламтор ақиқат көзі емес. Ол бұрмаланған немесе тексерілмеген діни мәлімет болуы мүмкін. Шет мемлекет азаматтарының діни және саяси насихаттарын тыңдауда сақ болу керек. Себебі, Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағына кеткен адамдардың көпшілігі шет елдің дін насихатшылары арқылы тартылған. Бұл қарулы қақтығысқа қатысқандарға арнайы ҚР қылмыстық кодексі 172 – бабында: «Қазақстан Республикасы азаматының шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығысқа немесе соғыс қимылдарында жалдамалық белгілері болмаған кезде қасақана құқыққа сыйымсыз қатысуы – 5 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп көрсетілген. Діни сауатының төмендігінен кейбір жастар Қазақстан Республикасы аумағында тыйым салынған ағымдардың дәрістерін тыңдағаны немесе ақпараттармен бөліскені, ұнады деп бөліскені үшін құзырлы органдармен заң алдында жауапқа тартылып отырған жағдайлар кездесуде. Жастар арасындағы мұндай келеңсіздіктердің алдын-алу үшін ғаламтор желілерінде дін саласындағы кәсіби мамандардың белсенді жұмыс атқару қажеттілігі артып отыр.

Дәстүрлі діндердің жасампаз әлеуеті қоғамда достық пен түсіністік жолына қызмет етуі тиіс. Мультимәдени қоғамда  діни және этникалық топтар- өзекті мәселелерді ортақ шаңырақтың берекесі үшін сұқбат және  төзімділік пен әлеуметтік әріптестік негізінде шешеді. Қазақстандағы дінаралық келісім мен тұрақтылықты сақтау үшін – жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде зайырлы ұстанымдағы діни сана қалыптастыру маңызды. Елімізде ханафи мазхабы салт-дәстүрлерімізбен сабақтасып кең етек жайған. Ұлттық болмысымыз осы мазхабты ұстана отырып өзінің әдет-ғұрпын сақтап қалған, шариғат пен дәстүрді сабақтастыра білген. Сол себепті ұлттық құндылығымызда ешқашан да діни алауыздықтар, келіспеушіліктер болмаған. «Ынтымақ болмай, тірлік болмас» дегендей айтылған мәселелердің алдын алу үшін жұдырықтай жұмылып, ілім мен білімді жеткізіп, жастардың көкірек көзін ашу керек. Ал бұл жағдайда тек дін мамандары ғана емес, еліміздің әрбір азаматы үлес қосуға міндетті.

 

 

Б.Өтеген 

Түркістан облысы дін істері

басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу

орталығы» КММ-нің теолог маманы                                   

 

0 пікір