Ғаламтордың пайда болуы біздің өмірімізді біршама өзгертті. Бүкіләлемдік желіні жер шарының жартысынан көбі қолданады. Оның көптеген артықшылықтары болғанымен, кемшіліктері де жеткілікті. Ғаламтор адамдардың өмірін едәуір жеңілдетті. Бұрынырақта, соңғы жаңалықтарды білу үшін адамдар газетке жазылуға немесе теледидардан кешкі жаңалықтарды күтуге мәжбүр болса, қазір қалаған ақпаратыңды ұялы телефоннан көруге болады. Дәрігерге кіру үшін немесе киноға билеттар алу үшін – кезекте тұрудың қажеті жоқ. Өйткені, үйден шықпай, электронды түрде орын алуға мүмкіндік бар. Ғаламтордың көмегімен, басқа мемлекеттердегі адамдармен байланысуға болады. Кез-келген континентте жүрген танысыңызға, видеоқоңырау шалуыңызға мүмкіндік жасалған. Бұл технология – алыс қашықтықта орналасқан туыстарыңызбен хабарласу үшін өте ыңғайлы.
Адам баласы ұзақ уақыт қолданып келген дәстүрлі қарапайым ақпарат тәсілі қазіргі электронды ми жүйесімен басқарылатын қарқыны тез ақпараттанған қоғамға, ғаламтор дүниесіне құшағын айқара ашқалы ол адам баласының ой еңбегімен дене еңбегін барынша жеңілдетіп, электронды тетіктер арқылы айлық алыс жерден қас қағым сәтте ақпарат алатын ғажайып мүмкіндіктерге ие етіп, адамдарды сан қилы әурешіліктерден жеңілдете бастағандығы айдан анық жағдай. Осы бір мүмкіндікті қалт жібермеген еліміздегі теріс пиғылды түрлі діни ағымдар мен секталар ғаламторды пайдаланудың қас шеберіне айналып отыр. Олардың басты ерекшелігі адамның психо-физиологиялық болмысын жақсы меңгергенінде. Осы білімдерін теріс мақсатта пайдаланып, кісінің әлсіз тұстарын, не нәрседен әсерленетінін анықтайды, Нысанаға алынған адамның жан дүниесіне бойлай еніп, оны кереғар сенімге кіргізудің сан түрлі тәсілдерін қолданады.
Ғаламторды дін саласындағы отандық ғалымдар мен сарапшылар, ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері мен мемлекеттік қызметкерлер де өз жұмыстары барысында жеткілікті деңгейде қолданып, діни ақпараттарды насихаттауға қолдануда.
Алайда, ғаламтордың осындай жетістігі мен қолжетімділігін дәстүрлі емес діни ағымдар да өз пайдаларына тиімді қолдануда. Экстремистік және террористік ұйымдардың халыққа ақпарат арқылы әсер етуді кеңінен қолдануы олардың қызметінің ажырамас бөлігіне айналды. Ең алдымен экстремистік және террористік ұйымдар ғаламторды желі қолданушылардың әлі қалыптасып үлгермеген санасына ықпал ету үшін қолданады. Яғни, олардың негізгі нысанасы әлеуметтік жағдайы мен дүниеге деген көзқарасы толық қалыптаспаған жастар болып табылады. Мұндай әрекеттің бір қала немесе бір елмен шектелмейтіндігі белгілі, бұл экстремистік және террористік ұйымдар үшін өте маңызды. Олардың қызметі өздерінің идеологиясын белсенді түрде насихаттауға, жаңа мүшелерді өз қатарларына тартуға, жақтастарын теориялық және практикалық тұрғыдан оқытуға және өздеріне қарсы шыққан желі қолданушыларына қарсы ақпараттық күрес жүргізуге бағытталады.
Діни сауаты таяз адамдардың діни ақпаратты ғаламтордан іздейтіндігі белгілі. Ал, мұндай адамның ақпарат тарату мәселесінде өте белсенді жұмыс жүргізетін радикалды ұйымдардың қармағына ілінуі әбден мүмкін. «Google» арқылы бір мәселені іздеген кезде радикалды бағытты ұстанатын ұйымдардың салған ақпараттарына кезігіп, олардың шейхтарының бейне және аудио жазбаларын тыңдауы мүмкін. Олардың жазбаларында жиһадқа шығу, шейіт болу секілді ұғымдардың бұрмаланған мағынасы беріліп, мұндай ақпараттар желі қолданушының санасына кері әсер етуі ықтимал. Теріс пиғылды ағымдардың кейбір сайттары халықты экстремистік немесе террористік әрекеттерге шақыруды насихаттамауы мүмкін. Олар исламға арналған ақпарттық портал ретінде жұмыс жүргізеді. Алайда, олар шын мәнінде халықтың дәстүрлі діни ұстанымдарын ыдыратып, мұсылмандар арасына жік салып, дінді іштей бөлшектеуді көздеуі мүмкін. Мысалы, оларда парыздарды (намаз, ораза) орындамағандар кәпірге баланып, дәстүрлі ханафи мәзһабына қайшы ақпараттар беріледі. Ал, діни сауаты жеткіліксіз ізденуші мұндай сайттардағы дін тақырыбындағы барлық мәліметтер мен деректерді сол қалпында қабылдап, санасына сіңіреді.
Ғаламтор ــ сіз бен біз үшін айтқанда не қажеттің бәрі табылатын қазыналы алтын қамба. Оның бізге үйретер өнегесі, берер берешегі санап тауысқысыз. Қазіргі дамыған дәуірге дұрыс сәйкескісі келген адамға бұл технология ауадай қажет. Оның қызмет айасы төтенше шексіз. Онда не керектің бәрі бар. Тек тілін толық меңгеріп, ұңғыл-шұңғылын тінтуірмен дұрыс мақсатта ойдағыдай тінте білсеңіз болғаны. Қысқасы әлемді уысына алған ғаламтор біз үшін адамзат ақыл парасатының телегей теңізінен емін-еркін сусындайтын бүкілдей жаңа жүие қалыптастырып берді. Егер сіз ғаламторға шықсаңыз төрткіл дүние ашсаңыз ــ алақаныңызда, жұмсаңыз ــ жұдырығыңызда тұрғандай әлемнің қай қиырында, нендей уақиға болып жатқанынан дер кезінде хабардар болып отырасыз. Халықтың діни ақпараттарды ғаламтордан іздеуіне ғаламтордың тәулік бойы жұмыс істейтіндігі, мәліметтердің оңай әрі жылдам табылатындығы, артық уақыт пен ақшалай шығынды қажет етпейтіндігі себеп болуда. Адамдар ғаламторға қатты сеніп артып, барлық мәліметтерді ғаламтордан таба алатынына күмән келтірмейді, олардың үлкен қатерлерге апарып соқтыратын зияндылығын ескермейді. Мұндай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін бұқаралық ақпарат құралдарын, соның ішінде ғаламтор желісін ерекше бақылауға алу қазіргі таңда ең өзекті мәселеге айналып отыр. Мұндай құрбандыққа ұшыраудың басты себебі діни сауатсыздық деуімізге болады. Бұл жерде жасалатын нәрсе - осындай экстремистік және террористік идеологияны насихаттаушыларға қайтарым ретінде олардың негізгі ниетін, олардың зиянды әрекеттерін әшкерелейтін ақпараттарды осы ғаламтор бетінде дер кезінде, белсенді түрде таратып отыру. Радикалды идеологияның қаупі туралы ғаламтор ақпараттарын, теле, радио бағдарламаларды көптеп шығаруға баса мән берілуі тиіс. Бұл ақпараттар мен бағдарламаларда ислам дінінің соғыс пен қантөгіске жол бермейтіндігі, терроризм мен діннің бір-біріне жат ұғымдар екендігі насихатталуы керек.
Ғаламторды дұрыс қолдана алатын адамдар үшін оның тигізер пайдасы мол. Бұл енді екінші жағы. Егер де біз ғаламтор мүмкіндіктерін қажетімізге жарата алсақ, бұдан артық пайданың көзін таба алмаймыз. Бизнес, білім, жақын адамдармен қарым — қатынас жасауда болсын пайдасы орасан. Қажет десеңіз, осы ғаламтор арқылы өмірлік жұбын тауып, тағдыр қосып, бақытты ғұмыр кешіп жатқан жас жұбайлар да көптеп табылады.
Қорыта келгенде, пайдаланушының ерік-жігеріне келіп тірелетін құмарлықтың ғажабымен бірге зардабы да қатар жүреді. Еліміздің әрбір азаматы өзінің діни сауатын арттыруға мән беріп, рухани және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге өз шамасының жеткенінше атсалысатын болса елдің ішкі тұрақтылығы мен бүтіндігіне ешқандай жат пиғылды ағымдардың сызат түсіре алмасы анық. Өзіне керегін алып, уақытын үнемдей білетіндер ғана бұл дертпен күресе біледі. Дайын асқа дәмеленбей, өз мақсатына жетуді, жеңіспен бірге жеңіліс қатар жүретін өмірді сүруді интернеттен қызығырақ көрсек қана өзімізді тәуелсіз мемлекетіміздің болашағы деп есептей аламыз. Төрт бұрышты қораптың ішіндегі әлемде емес, шынайылықта өмір сүрген абзал екенін ұмытпайық.
А.Жәлел
Түркістан облысы дін істер басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ – нің
Мақтаарал аудандық бөлімі маманы
Ғаламтор зардабы