Фето секілді ұйымның пайда болуының алғы шарттары Осман мемлекетінің құлауымен, 1923 жылы Анкарада, Мұстафа Кемал Ататүріктің дінге қатысты зайырлылық қағидаларына негізделген республика құру кезеңінен бастау алады. 1924 жылы Осман мемлекетінің дінге қатысты біршама заңнамалары өзгертіліп, бірнеше діни бірлестіктеріне тыйым салынды. Атап айтсақ, конституциядағы «Ислам діні – мемлекеттік дін» деген бап алынып тасталды, діни қызметкерлердің саясатқа араласуына тыйым салынды. Осы заңдылықтар енгеннен кейін, қазіргі жамағаттардың құрушылары елде дінді оқытуды жасырын түрде үйрете бастады.
Қазақстанда 1992 жылы алғашқы Қазақ-Түрік лицейі ашылды. Былай қарағанда тәуір-ақ дүние болып көрінгенімен, Кентау қаласынан бастап бой түзеген осынау түрік лицейлері алғашқы түлектерін тәрбиелеп шыққаннан бергі 20 жыл ішінде 28-ге жеткен. Аталмыш мәліметті Түріктердің танымал діни көсемі Фетхуллаһ Гүленнің http://fgulen.com/ сайты жазады. Әлемнің 170 елінде лицейлер ашқан Гүленнің қызметіне бағынышты осы түрік оқу орындарына түсудің өзіндік шарттары бар. Оған тек қатарынан оза шапқан зейіні мықты балалар ғана түседі. Ал, осы оқу орындарына түсуге бағы жанғандар басқа қазақ мектептерінен артық білім алуымен қатар, дін саласын жетік меңгеріп, «Қызмет қозғалысының ақ-адал мүриді» болып жетіледі.
Фето ұйымы оқу орындарына ақылды, зерек, алғыр балаларды ортасына толықтырып отырады. Әртүрлі олимпиада, жігіт сұлтаны, қыз сыны сияқты сайыстар өткізу арқылы жастарды сұрыптап отырды. Жамағаттың негізгі мақсатты аудиоториясы 16 мен 30 жас аралығындағы жастарды қамтиды. Олармен алдымен достық қарым қатынасты орнатады, кейін оларды өздерінің әлеуметтік ортасына енгізеді. Тұлғалық қасиетке ие болатындай жағдай жасайды және діни сезімталдықты пайдаланып, өздерінің қатарларына қосады. Жатақхана, оқу орындар, мектептер осы жамағаттың негізгі аумағы болып табылады. Осы ұйымның қоғамға зиянды жақтары туралы қарастырып көрсек:
Зиянды жақтары:
- Жамағаттың сырттан басқарылуы;
- Жамағаттың ізбасарлары өздерінің пірлерін Мұхаммед (с.а.с) пайғамбардың бүгінгі күндегі өкілі ретінде көруі;
- Жамағаттардың бір-біріне жақсы қарым қатынаста болмауы. Бөлінушілікке алып келуі;
- Ұстаздарының сөзі Алланың сөзі сияқты саналады. Дінді пірлерінің түсінігімен қабылдауы;
- Дінді қару етіп, күн көрісі төмен жастарға қамқор болып көрініп, өздеріне «әскер» қылып шығаруы.
Түркия елінен келген діни жамағаттар, әрбір әлеуметтік топтың бір мақсат айналасында топтасып, ұйымдасып, өзіне сай сипат қалыптастыруының артында үлкен әлеуметтік, экономикалық, саяси және тағы да басқа факторлар жатады. Әсіресе бұл діни топ болса тіпті нәзік тақырып болмақ. Жамағаттар экстремистік топқа немесе қандай да бір секта категориясына жатпайды. Ол жамағаттарды жақсы немесе жаман деп ажыратудың да керегі жоқ. Барлығы да сырттан келген діни жамағат категориясында қарастырылу керек. Шетелден келген діни жамағаттардың біздің еліміз үшін ең басты қаупі ол-сырттан басқарылатынында. Бұл ұлттық қауіпсіздіктің мәселесі. Сонымен қатар олардың ең потенциалды проблемасы бір-бірін мойындай бермейтіндері және алауыздыққа, топқа бөлінушілікке себеп болу ықтималдығы. Мұндай мәселе болса да, болмаса да біз оны қаперде ұстауымыз қажет. Олай дейтініміз олардың Түркияда ауызбіршіліктері айтарлықтай керемет деңгейде емес. Бөлінушілік жамағаттардың басындағыларда болмаса да төмендегілерде (ұстаздар, шәкірттер т.б.) көп байқалады. Осы сияқты кішкене бөлшектерде көптеген анықтауды, зерттеуді қажет ететін мәселелер жатады. Сондықтан жамағаттар мәселесі кең көлемді қарастыруды талап ететін маңыздылыққа ие.
А.Құрманбек
Дінтанушы маман
«Фето» ұйымының зияны