Ел тыныштығы – бірлікте
Ел тыныштығы – бірлікте
04.02.2022
1237
0

Қиындық атаулыны жеңетiн бiр-ақ күш бар, ол – бiрлiк. Елiңдi, жерiңдi қорғау үшiн бiрлiк қаншалықты қажет болса, Тәуелсiздiк жемiстерiн, бүгiнгi қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшiн де ол сондай қажет.

Ахмет Байтұрсынұлының: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» - деп бірлік жайында айтқан кермет сөздерін өзімізге арқау етсек.

Абай Құнанбайұлының алтыншы қара сөзінде бірлік жайында мынандай керемет ойларымен бөліседі. «Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін құдайдан тілейді, әйтпесе құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі біріне-бірі пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?»

«Ырыс алды – тірлік» дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ахиретке дұшпан болады. Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады. Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың. Кеселді жалқау, қылжақбас, әзір тамақ, әзір ас, сыртың – пысық, ішің – нас, артын ойлап ұялмас болып жүріп, тірімін деме, онан да Алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық».

Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Біз қашан да алауыздыққа қарсы тұра білген елміз.

Мықты мемлекет болу үшін ұлттың ұйыса білуі айрықша маңызды. Шын мәнінде ұйымдасқан ұтады. «Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді» деп халқымыз бекер айтпаған. Біздің күш-қуатымыз берекелі бірлікте.

Бірлік – тағылымы мол сөз. Қасиетті кітап Құранда бірлік туралы көп жерде баяндалған. Жаратушы Алла «Әли Имран» сүресінде: «...Бөлінбеңдер», – деп әмір етсе, Оның Елшісі: «...Көпшілікпен бірге болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар», – деп, жамағатты, барша адам баласын мейірімділікке, ортақ мақсатқа үндеген.

Халқымыздың би-шешендері мен ақын-жыраулары да әрқашан өсиетті сөздері мен ғибратты толғамдарында, өлең-жырларында бірлікті насихаттаған. 

Қазақта «жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» болмаса «жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас», немесе «бөлінгенді бөрі жейді» деген аталы сөзі бар. Жалғыз адам айдалада өскен ағашпен тең. Сондықтан да «жалғыздық құдайға ғана жарасқан, адамның күні адаммен» дейді. Ал көппен қарым-қатынаста болу береке-бірліктің, татулықтың ізгі бастауы болмақ. Адам баласы әр атқан таңдағы күнін игілікті істермен бастап, берекелі тірлік етсе, айналасындағы жандарға шапағатын тигізсе нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Ізгі ниетті, жаны таза адал жандар осылайша көптің «алтын алма, алғыс ал, алтын деген – жер сыйы, алғыс деген – ел сыйына» ие болады.

Адам баласы санаулы ғұмырында түрлі сынақтар мен сындарлы сәттерді бастан кешеді. Өткінші қиындықты сабырлық, бірлік, адамгершілік сынды қасиеттер жеңеді. Біз ел басына күн туған талай сынақты сәттерді ынтымақ пен бірлігіміздің арқасында еңсердік. Соның септігімен қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылық игі бастамаларымыздың жүзеге асуына тікелей пайдасын тигізуде.            Бүінгі мақаламызды Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бірлік, татулық пен келісімнің 30 жылы» атты сұхбатында айтқан сөзімен қорытындылағымыз келеді: «Қазақстан отыз жыл ішінде халқы тату, жері тыныш, қоғамы тұрақты мемлекетке айналды. Бұл – шын мәнінде, мақтан тұтарлық жетістік. Сан түрлі ұлыстың басын біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдыру – оңай шаруа емес. Бұл – табандылықты талап ететін күрделі жұмыс. Татулық пен келісім саясатын лайықты жалғастырып, дамыта түсу – баршамыздың ортақ парызымыз. Себебі, бүгінгідей алмағайып заманда кез-келген сынаққа төтеп беру үшін бірлігіміз әрдайым бекем болуға тиіс».

Д.Аманов 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маман                                         

0 пікір