Екі сөйлеу – ерге сын
Екі сөйлеу – ерге сын
30.01.2023
1383
0

Адам бойынан табылуы керек ең жақсы қасиеттің бірі уәдеге берік болу. Қандай қоғам болмасын, қандай адам болмасын уәдеге беріктікті қашанда құптап, сөзінде тұратын жанды құрметтеп, сыйлап өткен. Ислам дінінде мұсылманның уәдесіне берік болуды талап етеді. Уәдесінде тұрмауды екіжүзділікке балап, ондай адамның тозаққа баратынын ескертеді.

Біздің бабаларымыз үшін де уәдеге беріктік, сөзінде тұру мәселесі қоғамда үлкен маңызға ие болған. Қазіргідей құжатқа жүгінбейтін заманда бабаларымыз айтылған сөзге сенген, берілген уәдеге сай алыс-беріс жасаған. Екі сөйлегенді, уәдесінде тұрмағанды қатты сынға алып, өлімнен бетер қорлық санаған. Қазақ халқы үшін өлімнен ұят күшті болған. Уәдеге, сөз беруге қатысты ер азаматтың намысын жігерлендіретін нақыл сөздер әлі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. Мәселен: «Екі сөйлеу-ерге сын», «Ер жігіттің екі сөйлегені-өлгені», «Айтылған сөз-атылған оқпен тең».

Кез келген жағдайда берілген уәдені орындау мұсылмандық міндеттердің ең абзалы. Керісінше әрекет ету мұсылман кісіге жараспайтын жат әдет. Берілген уәдені орындамау Алланың құлға берген ақысын аяқ асты ету деген сөз. Мұсылманның  берген сөзінде тұруы діни тұрғыдан бекітілген міндеттердң бірі. Себебі, Құранда Исра сүресінің 34-аятында былай дейді: «Сертті орындаңдар. Сөз жоқ, уәде сұралады».

Уәденің орынсыз берілуі мен оны арзымайтын ас үшін сатып кететіндер жайлы Хәкім Абай былайша өрнектейді:

Жамандық, жақсылық  пен – оған бір бәс,                                         

Дін ісін, Құдай ісін айыра алмас.

Арын сатып, ант ұрып іздегені –

Бір семіз ат, аяғы бір табақ ас. Абай Құнанбайұлы да осы өлеңі арқылы ант пен уәденің дін, Құдай ісі екендігін жалпақ жұртқа жеткізіп отыр.

Сөзінде тұру ең ғанибет амалдың бірі, ал сертінен бас тарту үлкен күнә және екіжүзділіктің белгісі. Пайғамбар (с.а.с.) мунафиқтың белгісі жайында түсіндірген кезде уәде беріп, уәдесінде тұрмау екіжүзділіктің нышаны екенін атап айтады. Демек, екіжүзді жан ғана сөзінде тұрмайды деген сөз. Хадисте бұл мәселені былай деп келтіреді: Әбу Һұрайрадан (р.а.) риуаят бойынша Расулалла (с.а.с.) былай деді: «Мұнафиқтың үш белгісі бар: сөйлеген кезде өтірік айтады, уәдесінде тұрмайды, аманатқа қиянат етеді».

Абдулла ибн Омардан (р.а.) риуаят бойынша Пайғамбар (с.а.с.) былай деді: «Кімде төрт белгі болса, ол адам шынайы мұнафиқ болады. Ал кімде бұлардан біреуі болса, оны тастағанға дейін екіжүзділіктің белгісі болады: аманат қалдырса, қиянат етеді; сөйлеген кезде өтірік айтады; сөз берсе сөзінде тұрмайды; куә болса, жалтарады».

Ешбір пайғамбардың өмірінде уәдесін бұзғандығы яки сөзінде тұрмағаны жайында дерек жоқ. Өйткені олар Алланың сенімді елшілері еді. Оларда кемшілік болмайтын және кемшілікке бой алдырмайтын ұлы тұлғалар болатын.

Мұсылманның арманы жәннат болса, жәннатқа жетелейтін амал көп-ақ. Өкінішке орай мұсылмандардың кейбірі жәннатқа жетелейтін уәдеге беріктік деген қасиетті өз деңгейінде орындай алмауда. Адамға берген уәдесінен тайқыған секілді Аллаға берген сөзінде де тұрмай жатады. Алланың атымен ант ішіп, сөз береді де, сертіне беріктік танытпайтыны өкінішті. Қала берсе намазхан адамдар арасында мұндай жат қылықтың көрініс беруі, иманның әлсіздігінен деп білемін.

Пайғамбар (с.а.с.) өміріне көз жүгіртсек шынайылық пен турашылдықтан танбағанын, уәдесіне берік болғанын көреміз. Біз үшін үлгі алар ұлы тұлға ардақты Пайғамбар (с.а.с.) екені белгілі. Олай болса, Пайғамбарын жақсы көретін мұсылман ретінде, қазақшылығымызға сай уәдемізге берік, сөзінде тұратын, сертінен таймайтын шынайы мүмін болуға тырысайық. Бір ауыз сөзге тоқтай білген асыл халқымыз: «Уәде бұзған кісіден, өтіп кеткен жел артық», – деу арқылы сертке адал болу, уәдеге беріктік таныту сипаттарының көшпелі қазақ мәдениетінің берік тұтқасы болғанынан хабар беріп тұр. Пайғамбардың (с.а.с.) мына өсиетін ұмытпағайық: «Діндес бауырыңмен керіспе, орынсыз қалжыңдаспа, оған сөз берсең, сертіңнен тайма».

 

А.Борибекова

Теолог маманы                                        

0 пікір