Дінтанулық сараптаманың маңыздылығы
Дінтанулық сараптаманың маңыздылығы
15.12.2023
752
0

Дінтану сараптамасын жүргізу Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы негізінде және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы №162 бұйрығымен бекітілген Дінтану сараптамасын жүргізу қағидаларына сәйкес жүргізіліп келеді. Сараптаманы жүргізуді қаржыландыру Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Дінтанулық сараптаманың заңдық негізде жолға қойылуы оның қоғам өміріндегі маңызы жоғары екендігі білдіреді.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанның діни кеңістігіндегі жағдайы өте үлкен өзгерістерге ұшырады. Ел аумағында шетелдік миссионерлердің іс-әрекеті қарқын ала түсті. Діни сенім бостандығын өз мүдделеріне пайдаланып, үгіт-насихатын күшейте отырып жұмыс жасаған теріс пиғылды діни ағымдар көбейіп, радикалды идеологияларды насихаттайтын жат мазмұндағы әдебиеттер елімізде көптеп тарала бастаған болатын.

Осыған орай «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР заңында дінтану сараптамасы жеке бап ретінде енгізілді. Осы заңның негізінде «Дінтану сараптамасын жүргізу қағидалары» атты заңнамалық акті дайындалып, 2012 жылғы 7 ақпанда Үкімет тарапынан бекітілді.

Сараптама объектілеріне:

1) діни бірлестіктердің құрылтай құжаттары;

2) діни мазмұндағы құжаттар (діни бірлестіктердің құрылымын, діни ілімінің негіздерін, діни практикасын айқындайтын құжаттар, сондай-ақ діни қызметтің нысандары мен әдістерін сипаттайтын құжаттар);

3) діни білім беру бағдарламалары;

4) діни мазмұндағы ақпараттық материалдар мен әдебиет;

5) діни мақсаттағы заттар жатады. 

Дінтану сараптамасын жүргізуге мүдделі мемлекеттік органдар мен діни бірлестіктер ғана емес, жеке және заңды тұлғалар, мемлекеттік мекемелер де өздері ұсынған материалдарға дінтану сараптамасын жүргізу жөнінде өтініш бере алады. Ал жеке тұлғаларды миссионер ретінде тіркеу және діни бірлестіктерді тіркеу (қайта тіркеу) барысында олардың құрылтай және басқа да құжаттары мен пайдаланатын әдебиеттері міндетті түрде дінтану сараптамасынан өтуге тиіс. Сараптама қорытындысы теріс болған жағдайда оларды тіркеуден бас тартылады.

Сонымен қатар жеке өзі тұтыну үшін емес, басқа мақсаттар (басып шығару, көбейту, сату, тарату) үшін Қазақстан Республикасы аумағына әкелінетін кез келген діни мазмұндағы әдебиеттер мен діни мақсаттағы заттар да алдымен дінтану сараптамасына ұсынылуы қажет. Сараптаманың оң қорытындысын алмаған жағдайда оларды тарату заңсыз болып есептеледі. Кітапхана қорларына түскен діни әдебиеттер де осы негізде сараптамаға жолдануы тиіс.

Діни әдебиет – дегеніміз теологиялық, діни-канондық, ғұрыптық-мистикалық, әлеуметтік-теологиялық бағыттағы діни мазмұнды қамтитын еңбектер. Олар әдетте тұрғындардың діни немесе дінмен байланысты әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін шығарылады. Әлемдік және дәстүрлі діндердің, жаңа діни ағымдар мен қозғалыстардың қасиетті кітаптарының діни мәтіндері де аталған ұғымның аясында қамтылады. Осы бағыттағы еңбектердің барлығы дінтану сараптамасын жүргізуді қажет етеді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Сараптау комиссиясының діни мазмұндағы әдебиеттерге қатысты қорытындысы шешуші пікір бола алмайды және оның Жарғысында да мұндай құзырет көрсетілмеген. Дінтану сараптамасын жүргізуге уәкілетті органдар ғана құзіретті екендігі Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 6-бабының 1-тармағында бекітілген. Республикадағы ең көп санды мүшелері бар, тарихи ролі танылған, дәстүрлі дін ілімін ұстанатын діни бірлестік ретінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни мазмұндағы белгілі бір әдебиеттерге қатысты пікірі қажет жағдайда мемлекеттік мекемелер, діни және қоғамдық ұйымдар қызметінде қосымша мәлімет ретінде ескерілуі мүмкін, бірақ негізге алынбайды. Сонымен қатар бұл мәлімдеме аталған діни бірлестіктің көзқарасын білдіреді. Мұндай әдебиеттер Дін істері комитетінің Дінтану сараптамасынан өтіп, оң қорытынды алғаннан кейін ғана ел аумағында пайдалануға және таратылуға ұсынылады.

Діни сараптамаға өтініш беру Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті кеңсесінде және EGOV электронды порталы арқылы жүзеге асырылады.

Қоғам сұранысы мен заман талабына сай туындап, жүзеге асырылып отырған дінтану сараптамасының алдында тұрған міндеттер ауқымды, мәселелер күрделі болып табылады. Діни әдебиеттерді сараптамадан өткізу біздің қоғамдағы дінге қатысты пайда болатын мәселелерді бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Оларды шешу белгілі уақыт пен елеулі күш-жігерді талап етеді. Дінтану сараптамасының қазіргі құқықтық және ресурстық қамтамасыз етілу деңгейі осы бағыттағы жұмыстарды дұрыс жолға қоюға мүмкіндік береді.

 

Бердуәлі Өтеген

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

дінтанушы маманы                                                                       

0 пікір