Соңғы ширек ғасырда адамзат баласы бұрын-соңды бетпе-бет келмеген ғаламат апаттармен күресуде. Әрине оның арасында табиғи апаттардың жөні бөлек. Десек те адам қолымен жасалынып жатқан қастандықтар, апаттар, діни-саяси лаңкестік әрекеттердің зардабы тым ауыр. Тіпті соңғы ширек ғасыр, дөңгелектей алғанда 30 жылдың көлемінде күрделі өзгерістер жүзеге асырылды. Осыдан тура 30 жыл алдын әлемдегі алып держава КСРО ыдырап, жаһан картасында тәуелсіз 15 мемлекет пайда болды. Осы КСРО-ның ыдырауымен батыстың басты саяси ойыны басқа арнаға ауысқандай. Ол – ислам әлемі.
Ислам – буддистік және христиандық діні секілді әлемдік дін. Ислам яхудилік және христиандық сенім секілді жаратушы тарапынан жіберілген ең соңғы дін. Оның қазіргі даму қарқыны өте жылдам. Десек те ислам дініне қатысты соңғы ширек ғасырда орын алған оқиғалардың салдарынан қазіргі таңда әлем жұртшылығының көзқарасы екіге жарылған деп айта аламыз. Бұған біріншіден ислам дінін ұстанушы кейбір мұсылмандардың өз әрекеттері себеп десек, екінші әрине сыртқы күштердің ықпалы. Ең сорақысы да бұл емес. Ең қорқыныштысы ислам дінінің болашағы. Қазіргі таңның өзінде сан қырлы ағымдар мен тармақтарға бөлініп соғысып жатқан ислам әлемін енді біріктіру мүмкін емес сыңайлы.
Қолына қару алған жалған ұраншыл мұсылманды емес, қалам тербеген ислам ғұламаларын алаңдататын жалғыз дүние ислам өзінің тарихи құндылықтарынан қол үзіп қалуы. Бұл жерде рухани һәм матералдық дүниелер қатар айтылуда. Ал өткенін, тарихын жоғалтқан сенімнің ертеңгі болашағы да бұлыңғыр бола түспек.
Ислам тарихында ғана емес күллі адамзат дамуының өркениетіне үлес қосқан Бағдат, Шам, Куфа секілді қалалардың бүгінгі келбетіне, тұрмыс-тіршілігіне қарап өткенін елестету өте қиын. Тіпті заманында халифалардың ғана емес ғылым иелері ғалымдардың да ең көп шоғырланған тарихи қалалары да осылар.
Қазіргі таңда дінді саясиландыру, соның ішінде ислам дінін саяси құрал ретінде пайдалану үрдісі кең етек жаюда. Жоғарыдағы тарихи қалалардың бүгінде діни-саяси топтардың қақтығыс орталығына айналуына себеп болған мәселе дінді саясиландыруда.
Ислам дінінің саясаттануы мұсылман діні пайда болған дәуірден бастап пайда болды десек қателеспейміз. Ислам діні исламдық мемлекеттердің ішкі саясатында мемлекеттік идеология ретінде үлкен рөл ойнауымен қатар, әлемдік саясатта да маңызды иеленеді. Бүгінде демократизация және жаһандану уақытында дінге қатынас өзгере бастады. Бірқатар мемлекеттердің саяси көшбасшылары, жекелей беделді тұлғалары өзінің жеке, саяси, әлеуметтік қызығушылықтарын қанағаттандыру мақсатында исламды тиімді саяси құрал ретінде қолданады. Егер колониалды жүйенің пайда болуы кезінде исламның саясилануы ислам дінін ұстанатын тұрғындардың колонизацияға, империя қысымына қатысты әсері, яғни ұлт-азаттық күрестің, тәуелсіздік алудың әдісі болса, ал халықаралық қатынастар дамыған заманауи кезде мұсылмандар дінінің саясилануы мұсылмандардың демократизация мен жаһандану үрдістеріне берілген өзіндік жауабы ретінде қарастырылады. Ең қорқыныштысы, ол бүгінде ислам мұсылман елдерінде де, Батыс елдерінде де мемлекеттік саяси қару ретінде қолданылады.
Қазіргі таңда көптеген мұсылман елдерінде өмірлері қалыптан бұзылған, жаһандану, жылдам әлеуметтік, қоғамдық өзгерістер нәтижесінде құртылған әлеуметтік топтардың пайда болуы исламды саясиландырумен тығыз байланысты. Ислам саясилануына ислам әлемінде қалыптасқан саяси ахуал да әсерін тигізді: олар азаматтық қоғам құрылымдарын құруда, демократиялық құқықтар мен бостандықтарды бекітуде артта қалды. Көп елдерде бейбітшілік кепілі ретінде адам құқықтары мен бостандықтарын өзінше түсінетін әскер саналады; диктаторлық және авторитарлық режимдер мұсылман әлемінің басты саяси белгісі болып табылады. Саяси оппозицияның, партиялардың, кәсіби кеңестердің, қоғамдық саяси ұйымдардың жоқ болуы, оны басып жаншу кезінде, азаматтық еркіндіктің аяққа тапталуы шартында – мешіт, діни-саяси және ұлттық бірлестіктер мен қозғалыстар билікке қарсы тұрудың жалғыз қолжетімді формасына айналады. Исламның саяси құралға айналуына әсер ететін жағдайға Азия мен Африка елдері құрылымындағы мұсылмандық истеблишмент жатады, яғни ол «қысым топтары» арасындағы ең мықты әрі тәуелсіз құрылым болып табылады. Ол шешім қабылдауға жауапты мемлекет басшылары мен қоғам еруге тиісті нормаларды бекітеді. Исламның саясилануы мен мұсылмандар арасындағы экстремизмнің өсуі заманауи мұсылман қоғамының алғашқы исламдық сипатын жоғалтуымен түсіндіріледі.
Түптеп келгенде исламның саясилануы түрлі діни лаңкестік ұйымдардың құрылуына алып келуде. Ал, оның салдары сол діни ұйымдардың қақтығысуымен ғана емес әлемдік діндер үшін құнды жәдігер болып табылатын ескерткіштердің де жойылып кетуіне әкеліп соғуда. Атап айтқанда Ауғанстандағы будда мәдени ескерткіштері мен Шам (Сирия) жұртындағы Пальмира жәдігерлерін қирату секілді бассыздық, ислам әлемінің орта ғасырлардағы жауһар қалалары көз алдымызда жойылып кетуде. Кешегі «Әл-Кайда» мен «ДАИШ-тың» адамзат өркениетіне қосқан бір түйір дүниесі жоқ. Есесіне жүздеген тарихи мекендер жермен жексен етілді. Ал, бүгінгі «Талибан қозғалысы» сол саяси ойынның жалғасы іспеттес. Қорытындылай айтқанда, «Талибан қозғалысы» да осыдан жарты ғасырға жуық егілген саяси егіннің бүгінгі жемісі.
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
директорының орынбасары Медет Халықов
Діннің саясилануы немесе...