Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабы 1-тармағында өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп атап көрсетті. Заманауи шынайылықтағы зайырлы мемлекет ұғымының мазмұны құқықтық, демократиялық құндылықтарға негізделген және сенім мәселесінде дінге мүмкіндік беретін мемлекет ретінде тұжырымдалады. Сондықтан дінаралық қарым-қатынас тәжірибесі әлем назарына ілігіп отырғаны белгілі. Ата заңымызда дін мен мемлекет бөлек дегенімізбен дінді қоғамнан, адамнан бөліп жару мүмкін емес.
Дін өзінің ақиқат болмысымен жақсылық жөніндегі шым- шытырық түсініктерді бір ізге салып, оны бірден-бір тура жолға айналдыратын кемел ілімге айналса, ақиқат өзінің дін ретіндегі көрінісімен адам жанына кір шалдырмай, оны үздіксіз тазартып отыратын, оның мәңгілік табиғатын жалғандық қоспалардан аршып, оны нұрландыратын нақты амалға айналады.
Дін жеке тұлға және қоғамның құтқарушы хабары болып табылады. Ақыл-ес және аңыздық дәлелдерге негізделген сенім, кең пейілді Жаратушыға жасалған ғибадаттар арқылы адам жүрегін және ойларын жамандықтардан тазартып, қоғамға да бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүру мүмкіндігін ұсынады.
Дін түсіне білген адамаға ғылым мен білімнің көкжиегіне жол ашатын, тамыры тереңде жатқан рухани қазына һәм мол ілімнің қайнар бұлағы.
Мұқағали ақынның : «Дін – ғылымның анасы, ғылым – діннің баласы» деген екі-ақ ауыз өлеңінде үлкен мағына жатыр. Ислам дінінде білімнің маңызын Құранның ең алғашқы түскен аятында: «Оқы, оқы, Жаратушы Раббыңның атымен оқы», деп келуі осыны айғақтайды. Алла елшісі өзінің бір хадисінде: «Білімді Қытайдан болса да үйреніңдер», деп өсиет айтып, қай жерден болмасын білім мен ғылымнан қол үзбеуімізге бұйырды. Яғни, дін – тіршілігімізде құлшылығымыз бен қатар оқу мен білуді, тал бесіктен жер бесікке дейін ілім іздеуді насихат етуде.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдары өзін зайырлы мемлекет деп жариялаған болатын. Бұл «Ақпыз, қара, сарымыз, туысқанбыз бәріміз», деп ел басына күн туғанда елімізден пана тапқан барша ұлттар мен ұлыстарды жатсынбай, құшағын ашып, бауырына басқан даладай дарқан еліміздің кең пейілдігінің жемісі еді. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», данышпан Абай айтқан асыл сөзге ақыл көзімен қарап, адамзат баласына бауырмалдық танытып, бейбітшілік бесігіне айналдық. Дәл осы жол, дәл осы пейіл – асыл дініміз исламның басты қағидасының бірі және «Білімсіз дін – соқыр, дінсіз білім – ақсақ» деген еді. Дінде ғана емес, кез келген саланың көкжиегіне көтеріліп, ғылым тереңіне бойлау үшін ең алдымен білім керек. Ол үшін көлденең көк аттыға еріп, соқыр сенімге сеніп кетуден сақ болғанымыз абзал.
Хакім Абай атамыз айтқандай: «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды, белгісі надан адамның», – деп надандықтың жетегіне еріп кету жалпы қоғамға, қоғамдағы ұлт бірлігіне сызат түсіріп, аяғы түрлі бүліктерге алып келуі мүмкін. Дін – ұстай білсеңіз қасиет, ұстай алмасаңыз қасірет екенін естен шығармағанымыз дұрыс. Білімсіздіктің аяғы соқыр сенімге алып келеді. Мұндай жандар түптеп келгенде діннің жанашырлары емес, жауларына айналмақ. Дінді дұрыс түсінбеуден, оған терең ілім ретінде қарамаудын асыл дініміз исламға аракідік күйе жағылып тұрады. Жаратылған пенденің көкірек көзінің бітеліп қалғандығынан Жаратушы иеміздің аманаты болған асыл дінімізге неше түрлі айыптар тағылуда. «Экстремизм», «Терроризм», «Фанатизм» сияқты неше түрлі «измдер» жалғанып, қарапайым халықтың көңіліне көлеңке түсіруде. Дінді қаруға айналдырып, қан төгіс жасау немесе өзін-өзі жарып жіберу арқылы жанкештілік көрсету ешқандай діннің негізіне жатпайды. Жалпы дін дегеніміз – адамның өзін-өзі тәрбиелеп, екі дүниелік бақытына жол ашатын, оқу-білімге жетелеп, бойына ізгі қасиеттер сіңіріп, қараңғы кеудесін иман нұрымен жарықтандырып, көркем мінез сыйлайтын бірден бір ілім.
Дін қоғам тұрақтылығының факторы ғана емес, кей тұстарда кертартпа, дін бұзушы ағымдар арқылы, сонымен қатар, әлеуметтік өзгерістердің қайнар көзі ретінде де қызмет етеді.
Дін әлеуметтік өмірмен тығыз байланысты болғандықтан қоғамда өзінің орындайтын функциялары мен рөлі болады. Діннің елеулі функциялары: дүниеге көзқарастық, орын толтыру (компенсаторлық), реттеуші, ұйымдастырушы, мәдениет таратушы және т.б. функциялары бар.
Дін қоғам өмірінен ереукше орын алады. Адамды тəрбиелеп, оны орынды əрекеттерге аяқ бастырып, өзін тануға, өзінің жақынын тануға, тіптен өзгені өзіндей сезінуге ерекше əсер беретін — ол дін. Сондықтан адам діннің құдіреттілігін бағалай білуі шарт. Қоғамдық дамуда діннің кері əсері жоқ, керісінше, адамдарға адамшылдық қасиеттердің қалыптасуына ерекше мүмкіндік беретін құбылыс.
Түркістан облысы
"Дін мәселелерін зерттеу орталығы" КММ-нің
бөлім басшысы м.у.а. А.Тағай
Діннің қоғамдағы ролі