Діннің адамдарды біріктіру, қоғам мүшелерінің арасындағы қарым-қатынасты реттеу, саяси жағдайды тұрақтандыру сияқты әлеуметтік құбылыстардағы орны ерекше. Біз мұны күнделікті өмірде көріп жүрміз. Біздің ұлтымызға өзіндік нақыш пен бояу беріп тұрған тарихи және мәдени қалыптасқан дәстүрлі Исламның да қоғам өміріндегі орны айрықша.
Әсіресе, полиэтносты Қазақстан халқы үшін исламның рухани әлеуеті мен құндылықтары ұлтаралық татулық пен дінаралық келісім мәдениетіне ықпалы зор. Қазақстанның ересек тұрғындарының арасында 95%-ы белгілі бір дінді ұстанатындығы мәлім. Соның ішінде 90%-ы – ислам және проваславие діндерінің өкілі. Бұлардың барлығын діндар деп айта алмаймыз, бірақ дәстүрі мен мәдениетіне сәйкес кейбір діни рәсімдерді орындайтындары ақиқат. Себебі дін кез келген халықтың тарихы және мәдениетімен біте қайнасқан. Сондықтан мемлекеттің ішкі және сыртқы рухани келісімге, дінаралық және этносаралық келісім мен бейбіт өмірге қол жеткізу үшін маңызды.
Қазақстан сияқты 130-дан астам этнос өкілі өмір сүріп жатқан қоғам өмірінде діннің маңызы артып отыр. Дінсіз қоғам болмайды. Діннің қоғамды жақсылыққа үндеудегі, ізгілікке шақырудағы рөлін ешкім жоққа шығара алмайды. Дегенмен қазіргі таңда біздің ұлттық салт-санамыз бен заңдарымызға кереғар келетін, үйлеспейтін діни көзқарастары өмірлік қағидалары мен өлшемдеріне айналған азаматтардың радикалды бағыттағы талғамсыз талап-тілектері ойландырмай қоймайды. Бұл жағдай мемлекет пен діннің қарым-қатынасын реттеуге, зайырлылық ұстанымдарын нақтылауға, оны терең ұғындыруға сергек қарауды талап етеді. Сондай-ақ діннің қоғам өміріндегі ықпалы барынша ескеріле отырып, мемлекеттің дін саласына қатысты ұстанымдарының басты ерекшеліктері қоғамдық санадан берік орын алуы қамтамасыз етілуі тиіс. Мұның барлығы сайып келгенде зайырлы мемлекеттегі діннің орнын белгілеуде өте маңызды.
Дін қоғамды сауықтыруда, адами қарым-қатынастарды реттеуде, бейбітшілікке үндеуде, отбасылық құндылықтарды нығайтуда және басқа да мәселелерде негізгі идеологиялық құралдардың бірегейі. Сондықтан əрбір мемлекет өзінің дінмен қарым-қатынас орнатудың тиімді моделін құруға мүдделілік танытады. Мәселен, бірқатар мемлекеттер өздерінің қоғамында берік орныққан дəстүрлі дінінің мəртебесін конституцияларында атап көрсеткен.
Осы орайда ҚР Конституциясының 1-бабы, 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары», деп атап көрсетілгенін назарға алатын болсақ, бұдан біз азаматтарымыздың өзі қалаған дінді тұтынуы оның конституциялық құқы болып табылатынын ұғамыз. Алайда дінді ұстанушы жекелеген тұлғалардың, сондай-ақ діни бірлестіктердің іс-әрекеттері мемлекет заңдарына қайшы келмеуі тиіс. Егер діни бірлестіктер ел тұтастығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін, кері әсерін тигізетін болса, онда олардың қызметі заңмен тоқтатылады.
Жалпы, ел ынтымағы мен тұтастығына нұқсан келтіретін діни бірлестіктерге мемлекет тарапынан тоқтам салу зайырлылық қағидаттарының бұзылғанын білдірмейді. Жұртшылық мұның ішкі мәнін ел қауіпсіздігі мен татулығын сақтау мәселелерімен қатыстыра отырып саралағаны жөн.
Қорыта айтқанда, халқының көпшілігі мұсылман болғандықтан ислам әлемнің бір бөлігі болып саналатын, құқықтық және зайырлылық тұрғысынан жетілген, өзінің мақсатын айқындаған еліміз үшін зайырлылық қағидаттарына заман сұранысына сай ақылмен жүгіну керектігін бүгінде халқымыз дұрыс түсініп, баса назарда ұстаған абзал.
«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»
бөлімінің басшысының м.у.а Ш.Досанбаева