Діннің діттегені бүлік емес – бірлік
Діннің діттегені бүлік емес – бірлік
13.04.2023
761
0

         Ислам діні ақиқат пен парасаттылық, адамгершілік пен кішіпейілділік секілді кісілік қасиеттерге үгіттейтін дін. Сол қасиеттерді жүзеге асыратын, пенделерді өркениетке бастайтын ұлы ұғым. Ал сол дүниелерді жүзеге асырып қолға алатын ұлттың болашағы солжастар. Олардың мүдделері ел игілігі, сол үшін де олар әрқашан бірге болуы, бірге қол ұстаса, иық тіресе қызмет етулері тиіс. Кез келген мемлекеттің гүлденуі, өркендеуі, ішкі тұрақтылығы мен ауызбіршілігіне байланысты. Қоғам ауызбіршілік, ынтымақтың арқасында  кез келген қиыншылықтарды жеңеді. «Байлық байлық емес, бірлік байлық»,-демекші қазақ халқының басына түскен талай қысылтаяң кездерде осы бірліктің арқасында шешімін тауып отырған.               

Ал жастар болса коғамның негізгі қозғаушы күші. Жастардың дінге деген көзқарасы, түсінігі тәрбиеден бастау алады. Қазірде ислам атын жамылып халықты түрлі сенімге бөлген жат ағымдардың  қоғам тұтастығына сызат түсіріп отырғаны алаңдатады. Себебі, жат ағым өкілдері таратқан түрлі ақпараттардан дәстүрлі діни сенім мен ұлттық салт-санамызға мүлдем кереғар көзқарас ұстанушылары көбейе бастады. Осылайша дәстүрлі дін мен ағымның арасын ажырата алмаған жастарымыз жалған ағымның жетегіне еріп кетуде. Діннің атын жамылған жат ағымдардың мүшелері діни сауаты төмен, әлеуметтік тұрмысы нашар жастарымызды қатарларына кіргізу үшін, өздерін ақиқат жолындағы шынайы діндарлар етіп көрсетеді. Отанына, отбасына және ата-бабамыз ғасырлар бойы дәріптеген дәстүрлі дініне күмән тудыртып, қалыптасқан салт-дәстүрімізге қарсы қояды. Сондай-ақ, бұндай топтағы азаматтар отансүйгіштік, ұлтжандылық сезімдерін бағаламайды әрі мемлекеттік рәміздерді, жергілікті биліктің шығарған заңдарына бағынбайтын және мойындамайтын жәйттерді көріп жүрміз.                                  

Десек те,  діннің    діттегені – бүлік емес, бірлік екенін ізгі ниетті адамдар айтып келеді. Өйткені дін адам баласына адамгершілік, мейірім, ізгілік пен имандылықты уағыздайды. Бірақ соған қарамастан бүйректен сирақ шығарып, теріс жолға бұра тартатындар бүлікшіл әрекеттерін қояр емес.                                                                                                        

Зайырлы мемлекетіміздегі дін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымызды кепілі. Сондықтан да жастарды әртүрлі жат ағымдардың жетегінде кетуден сақтандыру үшін оларды жастайынан өзінің асыл дінін, төл тарихын, ұлттық құндылықтарын бойына сіңіріп өсуіне баса мән беру өте маңызды. Осы тұрғыда дәстүрлі тәрбие мен рухани тәрбиені сабақтастыра отырып толық кемелді, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу үшін баршамыз бірлікте қызмет етуіміз қажет.                                                                             

Сондықтан мемлекетіміздің тиым салынған діни ағымдардың бағытына бұрылмай, жат көзқарастың жетегіне ермей, керуеніміздің көшін имандылыққа бұруымыз қажет.                                                                                   

Қоғам ішінде бүлікшілік пен алауыздықты тоқтату  әрбір мұсылманның міндеті. Құран аяттары мен Пайғамбар (с.а.с.) хадистері біздерге осыны бұйырады. Қоғамның бірлігі мен ынтымағы үшін жеке мүддеден бас тарта білу иманның кемелдігіне жатады. Әлемдік діндердің ешбірі қоғам тыныштығын бұзуға рұқсат бермейді. Сол секілді ислам дінінің де ең басты ерекшелігі қоғамды басқарушы әміршіге әрбір мұсылманның бағынуын, тыңдауын талап ететіндігінде. Осыған қатысты Құранда («Ниса» сүресі, 59-аят): «Ей, иман келтіргендер! Аллаға, пайғамбарға және өз араларыңдағы әмір иелеріне бойұсыныңдар»                                                  

Пайғамбар (с.а.с.) тағы бір хадисінде: «Кім маған бағынса, Аллаға бойұсынған болады. Кім маған қарсы шықса, Аллаға қарсы шыққан болады. Кім әміршіге бағынса, маған бағынғаны. Кім әміршіге қарсы келсе, маған қарсы келгені», – деген. Ал қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салушылыққа Алла тағала қатаң түрде тыйым салады. Қасиетті Құранда («Бақара» сүресі, 191-аят) бұл мәселе жайында мынадай аят келтірілген: «Бүлік шығару адам өлтіруден де ауыр (күнә)». Ислам қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін мына негізгі қағидаларды талап етеді: «Өзгенің құқығына қол сұқпау, әділ қарым-қатынас жасау, көркем мінезділік, сенім еркіндігі, мейірімділік пен кешірімділік».                        

Дін мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды фактордың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Еліміздегі ортақ ауызбіршілік, отанды сүю, бейбітшілік пен тыныштық басты мұратымыз, ал ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін кереғар діни ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуден шаршамайық. Негізгі әрбіріміздің білуіміз керек нәрсе, ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі ислам бізден үй ішінен үй тігіуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады. Ислам адам баласын бейбітшілік пен бірлікке тәрбиелейді. Сол себепті бізге берілген осындай ұлан-байтақ даланың еркіндігімен тыныштығын бірге сақтайық. 

 

 Е.Ештай

Теолог маман                                                                                   

0 пікір