Мен, Абдурахманов Батыржан Тургинбаевич 01.07.1976 жылы ОҚО. Сарыағаш ауданы, Жүзімдік ауылында дүниеге келдім. 1982 жылы Жүзімдік ауылындағы №86 Ш.Уалиханов атындағы орта мектепке қабылданып үлгілі Абдурахман атандым. Мектеп қабырғасында жүрген 9 жылдың ішінде мұғалімдер және оқушылармен өте жақсы қарым-қатынаста болдым. 1991 жылы 9 жылдық оқудан кейін Сарыағаш ауданы, Абай округіндегі«Училище-21»арнаулы оқу орнына құжат тапсырып, дәнекерлеуші мамандығы бойынша бітіріп шықтым. 1994 жылы отан алдындағы борышымды өтеу мақсатында әскерге аттандым. Ал 1997 жылы отбасын құрып, қазіргі күні үш қыз, екі ұлдың әкесімін. Отбасымда араздық, кикілжің туындамай тату-тәтті өмір сүріп келдім. 1997-1998 жылдары ауылда медресе ашылды. Ауылдың қария, жастарымен діни сауатымды көтеру мақсатында медресенің сауат ашу курсына қатыстым. Намаз оқуды үйреніп, Құран сүрелерінбір жылға жуық оқыдым. Онда да тұрақты түрде бара алмадым. Себебі күнделікті күйбең тіршіліктің қамы әрі табыстың көзі диханшылық болғандықтан көбіне қол босай бермейтін. Осылай жүргенде медресе қызметін тоқтатты. Ары қарай үйрететін ұстаз болмағандықтан дінді телефон арқылы үйрене бастадым. Әлеуметтік желі арқылы Құран сүрелерін жаттап, аты-жөні белгісіз уағызшылар, ұстаздардың лекцияларын тыңдай бердім. Осылайша діни ағымдардың соңына түсіп, біртіндеп ақиқаттан алшақтай бердім. Бірақ ол кезде нағыз ақиқатты тапқандай сезімде жүрдім.
Күн өткен сайын түрлі уағыз-насихаттарды тыңдап, таңданысымда шек болмады. Діннің мәні мен мазмұнын толық түсінбей, шала сауаттылықтың кесірінен өзімдегі ақпараттардың барлығын жүрекпен қабылдай бердім. «В контакте» әлеуметтік желісіндегі радикалды діни уағызшылардың Алланың ризашылығына бөлену, жәннатқа жетер жол тек қана жиһад арқылы өтеді деген жылтыр уағыздарын санамызға сүзгісіз сіңіріп алдық. Дінге деген талпынысым, қызығушылығым білімсіздігімді жеңіп біртіндеп радикалды көзқарас пайда болды. Қалыптастыра бастаған діникөзқарасыма күмәнім болған жоқ. Алланың заңынан басқа заңдарға бағыну дінсіздік, тағутқа бағынуға болмайды деп айыптадым. Сириядағы қарулы қақтығысты дұрыс деп санадым. Такфир, жиһад мәселелерін тікелей түсіндім. Мұның барлығы ең бастысы себебі білімсіздік, мәселеге жан-жақты қарай алмау, саяси сауатсыздық, әрі интернеттің жалған ақпаратты шынайы етіп көрсетуне алданғандығым деп білемін. Жүріс-тұрысым мен көзқарастарымның дұрыс еместігіне түзеу мекемесіне келгенде көзім жетті. Бұл жер менің тереңірек ойлануыма мүмкіндік берді. Мені алғаш тұтқындаған кезде, оларға қарсы болып, кәпірлер мені және үй ішімді қиындыққа ұшыратты, бізді Алланың жолынан тосып отыр деп оларды жек көрдім. Алайда қазіргі күні оларға ризамын. Себебі мені және қызымды сол Сирия жеріне барып өліп кетуден аман алып қалып, менің көзқарастарымның шектен шыққанын, жат елдердегі соғыстың саяси ойын екенін, жиһад сөзінің өте кең мағынаны қамтитынын түсіндіріп берді. Сондықтан да имам-теологтарға үлкен ризашылығымды білдіремін.Қазір Аллаға шүкір жанұяммен кездесуге мүмкіндігім бар, сондай-ақ отаныма опасыздық жасаудан аулақпын. Бұдан былайғы өмірімде өмірдің беттерін жаңа парақтан ашып, дәстүрлі ислам бағытын үйреніп бақытты өмір сүргім келеді. Қателігімді мойындап шынайы тәубеге келіп, түселу жолына нық түстім. Егемен қазақ елі тыныштық берекенің ұйысқан ел. Президентіміз елімізді жер жүзіне таныту үшін бар күшін салуда. Ел басына үлкен рахмет! Түзеу мекемесінде барлық жағдай қарастырылған. Тәртіпке ерекше мән беріледі. Дәстүрлі діни танымдық дәрістерді жүргізетін имам-теологтар бар. Мен өзімді жақсы сезінудемін. Жататын орным таза, үш мезгіл тамақ, аптасына баня, кітапхана, көрме зал, емхана, домбыра және басқа да музыкалық аспаптар бар. Әрине бұның барлығы бостандыққа жетпейді. Бірақ қолыңмен істегенді мойныңмен көтеріп, жіберген қателікке жауап беру керек.
Мен қазақстандағы барша азаматпен азаматшаларға айтарым, мен секілді адасудан сақтаныңдар, интернет дегенге оның ішіндегі жалған ақпараттарға алданып қалмаңыздар дегім келеді. Осының барлығы білімсіздіктің, интернеттегі кереғар діни ағымдардың жалған уағыз-насихаттарының кесірі. Егер түсінбесеңіздер имам-теологтарға жүгініңіздер. Олай болмаған жағдайда мен сияқты адасып, һижрет және жиһад деген сөздердің мағынасын түсінбей қисық жолға түсулеріңіз бір-ақ қадам. Айтарым абай болыңыздар!.
Менің бостандықта туысқан ағайын, дос таныстарыма айтарым.
Мен сияқты адаспай,
Отбасыңды қинамай
Достым жина есіңді
Жүрмегің сен ойланбай
Оқып тыңда сөзімді
Қатты ашқың көзіңді.
Қателесіп кетсеңіз,
Қинайсың көп өзіңді.
Мейлі оқы намазды,
Қанағат қыл көп-азды.
Жат елдерге елікпей,
Құрмет қыл отан рәмізді.
Жаңылыспаңдар достарым,
Оттан ыстық отаным.
Құрметпенен ізет қыл,
Отаныңды сақтағың.
Ынтымағы жарасқан,
Қонақ жайлы қазағым.
Ыстық сенің құшағың,
Қазақстан отаным.
Намаз оқыма демеймін,
Керексіз ой түймеймін.
Тек достарым түсінші,
Қисық жолға жүрмеймін.
Тәуелсіз менің отаным,
Туы көкте желбіреп.
Қазақстан елімді,
Мақтан етіп айтамын.
Бір Алладан сұрарым,
Тыныштық болсын елімде.
Сыйла достар сыйлағын,
Азат қазақ елімді.
Өз дініңе берік бол, өзге дінді құрмет тұт
(Мекеменің «зайырлы мемлекет және дін» атты тәрбиелік іс-шарадағы өлең жолдары)
Ассалаума ғалейкум сөз бастайын,
Құлақ салып тыңдағын мені ағайын.
Қазақтың бір баласы болғаннан соң,
Жүректен шыққан сөзді мен жырлайын.
Егеменді ел болдық есті жиған,
Бүкіл әлем қазақ па деп таныған.
Елбасы еңбегінің арқасында,
Елу ел қатарына біз қосылған.
Жас Астана жасқалып тұрғызылды,
Аянбай Елбасымыз еңбек қылды.
Нұрлы жол бағдарлама жариялап,
Қазақстан жаңа ашылған гүлдей болды.
Қазақтың тілі менен дінін сақтап,
Бабалар айтып кеткен ханафи мәзһаб.
Өз дініңе берік бол, өзге дінді құрмет тұт,
Елбасы айта кетті соны жақтап.
Жақсылыққа бет бұрған қазақ елім,
Желбіретіп көк туыңды көтергенім.
Исламды дініміз деп сақтағаның,
Иманды да ибалы ғой қазақ елім.
Елбасымыз іс жасайды тек қайырлы,
Еңгізіп зайырлылық елге таным.
Мешіттерді салдыртып әр қаладан,
Бұйырады ханафилық дәстүр жолың.
Жинатып бүкіл елдің діндарларын,
Үйренсін деп халқымыздың қыр-сырларын.
Съездің барысында сөз сөйлетіп,
Елбасы көрсетті ғой іс-жоспарын.
Зайырлы елміз деді жиған жұртқа,
Қай дінде болсаңыз да достық сақта.
Елбасының ұстаған саясатын,
Өз ойым бағалаймын дұрыс жолда.
Ханафи мазхабымен намаз оқып,
Ислам дінімізді мақтан тұтып.
Қолыңнан келгенінше о ағайын,
Иманыңды жоғалтпа ойды бұзып.
Айтайын дегендерім осы міне,
Дін мен тіл сақталған соң жүрегімде,
Қазақтың бір баласы болғаннан соң,
Жатады осындай жыр көкейімде.
ИЧ-167/3 мекемесі
Абдурахманов Батыржан