Діни сауаттылық – ұлт болашағы
Діни сауаттылық – ұлт болашағы
24.09.2021
1436
0

Бүгінгі күні қоғамдық проблемалар қатарында дін жолында адасушылар да өз алдына бір топты құрап отыр. Дінге үлкен сеніммен келгенмен үйретушісі дұрыс болмаса, ол адамның жалпы дін жолынан, сонымен қатар Қазақстан мұсылмандарына тән жолдан ауытқып кетуі өте оңай. Қазақстан мұсылмандары сунниттік, оның ішінде Ханафи мәзһабын, Матуриди ақидасын ұстануымен және жергілікті ғұрыпқа да көңіл бөлуімен ерекшеленеді. Қазақ жерінде ислам ұлттық мәдениетіміздің қалыптасуында өзіндік зор үлес қосып, халықтың күнделікті әдет-ғұрып, салт - дәстүріне терең сіңіп кетті.

Қазіргі таңда тәуелсіз мемлекетіміздің дамушы және дамыған елдерден ерекшелігі – қоғамдағы діннің нығаюы мен елдегі діни ахуалдың тұрақты болуы. Біздің мемлекетіміз көпұлтты, демократиялық мемлекет болғандықтан, дін мәселесі жөнінде барлық азаматтарға қай дінге кіруіне, қандай дінде болуына еркіндік берілген. Осыған орай, еліміздің жарқын болашағын қалаушы жас ұрпақтарымыздың санасын улап жатқан жат ағымдардың мән-мағынасын, әсер ету жолдары мен тигізер зияндары да аз емес. Қазіргі кезде жастар мұндай діни ағымдардан өте сақ болуы керек. Себебі мұндай діндерге кірген адам қайтадан шығуы өте қиын. Өйткені өздеріне тәуелді етіп, адам санасын тереңінен улайды.

Дәстүрлі дінімізбен мүлдем үйлеспейтін кейбір сан алуан пікірлер мен ұстанымдардың салдарынан туындайтын түрлі келеңсіз мәселелер алаңдатады.
Бүгінде асыл дінімізбен мүлдем жанаспайтын жат ағымдар жетегінде кеткен қаншама қандастарымыз отбасы мүшелерінен, үй-меншіктерінен айырылып, түрлі психикалық ауруларға шалдығып, өз-өзіне қол салып, балаларына тиісті медициналық екпе ектіруден бас тартып, мектептегі сабақтарын тастап, мектеп жасындағы ұл-қыздардың музыка тыңдауына қарсылық білдіріп, Мемлекеттік Әнұранды тыңдауды және Туға құрмет көрсетуді харам деп жатқандарын да жоққа шығаруға болмайды.

 Дін оқуын алыс шетелдерде оқып келгендер немесе шетелдік діндарлар осы ерекшеліктерге сай исламды түсіндіру керектігін ескермегендіктен, біраз жастар өз жерінде қалыптасқан исламның ерекшеліктерімен санасуды ескермеді. Ширк, күпір, бидғат, жиһад деген сөздермен қалыпты көп нәрсені терістеп, керек десеңіз, шын исламды іздеумен Сириядан бірақ шықты. Өздерінің қатты алданғанын олар кеш ұқты.

Соңғы уақытта кейбір отбасыларда әкесі бір дінді, баласы бір дінді, анасы бір дінді ұстанатын халге келдік. Осындай отбасыларда кикілжің туатын болса, әркім өз жақтастарын мәселеге араластырып, арты бітпес жанжалға ұласып кетуі мүмкін. Қоғамға іріткі салатын дәстүрлі емес, теріс пиғылдағы, деструктивтік діни ағымдардан сақтанудың жолдарын жастардың санасына ұғындыру қажет. Осылайша діни сауатсыздықтың әсерінен жастарымыз түрлі жат ниетті ағымдардың жетегіне еріп кетіп жатады.

Ең дұрысы, жастарымыз өзіміздің дәстүлі ислам дініндегі шариғат бойынша жүрсе ешқашан адаспайды, теріс жолға түспейді. Болашақ – жастардың қолында. Жастарымызды имандылыққа, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы ұстанып келген асыл дініміз исламға баулысақ, түрлі жат ағымдардың жетегінде кетпейтін болады. Сонымен қатар иманды жас отанын, елін, жерін сү­йетін, салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін берік ұстайтын болады.

Дәстүрлі діндердің құндылықтары мен қасиетін түсіндіру және діни сенімдерді насихаттау арқылы теріс пиғылды діни ағымдардан, діни терроризм мен экстремизмнен сақтай аламыз. Жас ұрпақтың санасына және қоғамға іріткі салатын дәстүрлі емес, теріс пиғылдағы, деструктивтік діни ағымдардан сақтанудың жолдарын жастардың санасына ұғындыру қажет.

Қорыта айтқанда, дін саласындағы келеңсіздіктердің алдын алуда, діни экстремизм мен терроризммен күресуде діни сауатсыздыққа жол бермеу, қайта діни сауаттылыққа күш салу аса маңызды. Дәстүрлі дінімізді оқып- үйрену мүмкіндіктерін молайтып, жалпы діни сауаттылықты отбасы, мектеп, қоғам болып қолға алу, діннен қорықпай, жасөспірімдерге дұрыс діни таным қалыптастыру мемлекетіміздің қауіпсіздігі тұрғысынан уақыт ұттырмайтын қажеттілік.

 

Түркістан облысы дін істер басқармасы

«Дін мәселелер зерттеу орталығы»  КММ         

теолог маманы                   Б.Абдрахман

0 пікір