Діни білімнің негізін өз елімізде алған абзал
Діни білімнің негізін өз елімізде алған абзал
08.07.2021
580
0

         Адам баласының жаратылысы асыл, таза, саф болғандықтан үнемі жақсылыққа ұмтылып тұратыны ақиқат. Сонымен қатар таза дүниеге, тәлімді құндылықтарға жанымыз құмартатыны да шындық. Бүгінгі қоғамда адамдардың діннің шынайысын іздеп шарқ ұруын пенде атаулысының жан дүниесінің тұнығынан деп түсіндіру орынды. Абайша айтқанда көрсем, білсем, үйренсем деудің өзі адамшылықтың басы. Қоғамда діндарлық құбылысы артқан сайын діни білімге деген сұраныстың көбеюі де заңдылық. Әрине, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы діни ахуал мен қоғамның рухани түсінігін бүгінгі күнмен салыстыруға әсте келмейді. Себебі, егемендікке қол жеткізген 30 жылдың ішінде қоғамның барлық салаларымен қатар діни-рухани бағытымыз да едәуір өркендеді, өсті, жетілді.

         ХХ ғасырдың 90-жылдарындағы еліміздегі діни ғибадат үйлерінің материалдық жағдайы мен рухани ұстаздардың таным-түсінігін бүгінгі күнгі ахуалмен өлшеуге келмейді. Рас, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында дін саласындағы білікті кадрлар қажет еді. Елімізде ондай азаматтар саусақпен санарлықтай болды десек қателеспейміз. Нәтижесінде шет елдердің діни тәжірибесі мен білім беру жүйесіне жүгінуга тура келді. Сол кезеңдерде араб елдері біздің халқымыз үшін мінсіз мұсылман болып көрінетін. Діни білім беру жүйесімен қатар, діни санасын, танымын, сенімін елге тасымалдау жүргізілді. Алғашында дұрыс көрінген бағыт-бағдарымыз уақыт өте келе өзінің шынайылығынан айырыла берді. Себебі, ол ұстаным, сенім, сана біздің ұлттық құндылықтарымызбен үйлеспеді, тарихи танымымызбен ұштаспады. Десек те дерттің елімізде дендегенін кеш те болса түсініп жеттік. Қазақ ұлтына өзінің тарихи тереңінен қаузап бағыт-бағдар алу қажеттілігі туындады. Бабалар ұстанған жолдан тәлім алып болашаққа білім мен руханиттың шамын шағу керек болды.

         Зейнетке жасы жетіп Құраннан аз-кем қырағат қылғанды – молда, діннен шала әңгіме тербеген жанды – ұстаз, әліпті таяқ деп ұқтырар орынды – медресе деп ұғынған қоғам діни сауатсыздықтың зардабына душар болды. Шамасы жеткен адам 5-6 жасөспірімнің басын қосып ешбір құжатсыз медресе ашса, жағдайы келген жандар мешіт салумен жарысты. Діни еркіндік берілген уақытта осылайша руханиятымызда хаус орнаған болатын.

         Қазіргі таңда мемлекеттің дін саласындағы саясатының нәтижесінде діни-рухани сала бір жүйеге келтірілді. Ең алдымен діни кадрларды іріктеу, дәстүрлі құндылықтармен саралау жүргізілді. Кім көрінгеннің медресе деп ашқан орындарын заң аясында реттеу жүзеге асырылды. Сонымен қатар көлденең көк аттыға діни уағыз-насихат жүргізуге тыйым салынды. Ғибадатханалардың құжаттары реттеліп, ондағы діни кадрлардың әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді. Негізгі жұмыстардың бірі – ұлттық дүниетанымымызға сай діни сенім мен амалдық мектебі қалыптасып, бүгінде жан-жақты жетілу кезеңінен өтіп жатыр деп толық сеніммен айта аламыз.

         Бүгінде діни білім беру елімізде де кең етек жайған. Мұсылман үмбеті үшін алғашқы діни сауат ашу курстары мешіттер жанынан ұйымдастырылып жатқан болса, христиан сенімі өкілдеріне шіркеу жанынан жексенбілік мектептер жұмыс істеуде. Діни білімді тереңдетіп алғысы келетін азаматтар үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 9 медресе-колледжі бірнеше мамандық бойынша оқытуды жолға қойған. Аталған оқу орындары ресми мемлекеттік тіркеуден өткен, яғни ата-аналар үшін алаңдауға негіз жоқ. Дін саласындағы білімді жоғарғы оқу орындарынан алғысы келген жастарымыз үшін де барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті ислами бағыттағы тереңдетіп білім беру орны болса, Әл-Фараби атындағы ҚҰУ, Л.Н.Гумильев атындағы ЕҰУ, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ және Шет тілдері мен іскерлік карера университеті мейілінше зайырлы көзқараста жоғары білім беретін жоғарғы оқу орындары. Аталған оқу орындарында академиялық бакалавр дәрежесімен қатар, магистрлік, докторлық деңгейге дейін білім алу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар аталған оқу орындары алыс-жақын мемлекеттермен әріптестік аясында тәжірибе алмасуға студенттерді жолдау, білікті оқытушы-профессорларды шақырту қарастырылған. Араб елдері мен Түркия Республикасының маңдайалды оқу орындарына жазғы оқуларға, семестрлік тәжірибе арттыру бағдарламаларына қатыстыру жолға қойылған. Бұл да жас ізденуші үшін жасалған жағдай деп айта аламыз.

         Біздің жоғарыдағы білім беру медреселері мен университеттерді тілге тиек етуіміздегі мақсат елімізде діни білім алуға толық мүмкіндік жасалынғанын айтқымыз келеді. Себебі, бұғанасы бекіп, санасы толық қалыптаспаған жасөспірімнің шет елдердегі діни оқу орындарына аттануы түрлі теріс идеологияларға, діни қарама-қайшылықтарға бастауы мүмкін. Ал, діни-рухани азықтың алғашқы іргетасын елімізде қалап, тереңдетіп оқу немесе тәжірибе арттыру үшін шет елдерге шығатын болса қауіп біршама азаяды. Сонымен қатар дін саласында білікті кадрларды даярлау мақсатында мемлекет тарапынан арнайы гранттар саны жыл санап артып келеді. Біз осы мақаламыз арқылы дін саласына қызығушылық танытқан оқырмандардың қаперіне, биылғы бітіруші түлектердің жадына аталған оқу орындарының қабылдау комиссиясының басталғанын тағы бір рет қайталап салуды жөн санадық.

 

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

директорының орынбасары                                                Медет Халықов

0 пікір