Тәуелсіздігіміздің басында рухани азыққа шөлдеген көптеген Қазақстан азаматтары шет елдердің діни оқу орындарында білім алуды құптады. Дінге қызығушылық танытқан қазақстандықтар діни білімді шетелдерден алуға қызықты. Әрине өзге мемлекетке саяхаттау кімді болсада еліктірді және жетпіс жыл бойы жабулы тұрған қазанның қақпағы ашылды десек болады. КСРО ыдырағаннан кейін шетелдермен белсенді түрде өзара байланыс басталды. Қазақстандықтардың көпшілігі өз балаларын түрлі шетелдік оқу орындарына оқуға жіберу үрдісі басталды. Ислам негіздерінің қайнар бұлағы Араб түбектерінде және Таяу Шығыстағы мұсылман елдерінде сақталған деп сол елдерге діни білім алуға ұмтылды.
Дегенмен, ата-аналар мен талапкерлер баратын елдерінің көбінде жағдай тұрақсыз екендігін ескермеді. Шетелге бару кезінде қазақстандық жастар төмендегідей қауіп-қатерлерге және ерекшеліктерге тап болды.
Бірінші, өз бетімен шетелге діні білім алуға кеткендер сол мемлекеттің діни білім беру жүйесі мүлдем басқа екенін ескермеді. Кез келген мұсылман елдеріндегі білім беру стандарттары, методикасы, мазмұны, сол жергілікті жердегі хужрада, жамағаттық, тариқат не саяси ағым не партия ықпалындағы діни ағымдардың бағыттарымен үйретілді. Өзге елдің діни білім беру жүйесі кез келген орталықтың арнайы білім беру стандарттарынан бөлек болды. Бұл дегеніміз діни тәжірибесі, салты әрі әлеуметтік психологиялық қалыптасуы мүлдем бөлек орталықтар. Міне, шетелдердегі діни білім жүйесінің осы тұсы біздің елден барған діни білім алушы жастарымызға үлкен кері әсері мен ықпалын тигізді.
Екінші, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасындағылардың бағытымен емес, керісінше, өз еркімен кетіп, сол жақтағы күмәнді оқу орындарына түсіп қалған студенттер бес немесе одан да көп жыл өткен соң дүниетанымы құп өзгеріп кетудің негізгі себебі:
- Барған жерлестеріміздің артында қандай да бір басым дәстүрлі дініміздің негізі болмауы.
- Олардың білім алатын мұсылман елдерінің өзара ішкі қарама-қайшылықтарының мәнін ешкім ескертпеді және түсіндірмеді.
Жалпы жоғарыда көрсетілген мәселелерді ескерместен өзге елде діни білім үйреніп келген кейбір жастарымыз дін мен дәстүр, конституция мен шариғат, зайырлылық пен рухани ұстаным, ұлттық таным мен діни сана арасын ажыраталмайтын жағдайда оралды.
Сонымен өзге елдің менталитетін сіңірген азамат халқымызға жат идеологияларды сіңіре бастады. Ұлттық құндылықтарымызды, тарихымызды, қазақи танымызды жоққа шығара бастады. Ал, бұл еліміздің ішінде өзара қақтығыстардың шығуына себеп болып, мемлекетіміздің тұрақтылығына кері әсерін тигізді.
Бүгінгі таңда діни білім алу үшін өз еркімен және аяқасты шетелге барудың қажеті жоқ және қауіпті. Бүгінгі таңда діни білімді өз елімізде алуға мүмкіншілік бар және жағдай жасалған. Еліміздің жастары дәстүрлі дінімізді дәріптеп жатқан бірнеше ресми отандық медрессе-коледждер, университетер ашылған. Жоғарғы білімді теолог, дінтанушы мамандар жеткілікті. Бұлардың білім сапасы да шетелден кем емес.
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның нормаларына сәйкес республикалық және өңірлік діни бірлестіктер дін қызметшілерін даярлаудың кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын мекемелер нысанында діни білім беру ұйымдарын құра алады. Осы негізде қазір елімізде 12 рухани (діни) білім беру орны жұмыс істейді. Оқу орындарындағы барлық діни, сондай-ақ, зайырлы пәндерді оқыту бағдарламалары ҚР Білім және ғылым министрлігінің талаптарына сәйкес дайындалған.
ҚМДБ-ның республикалық ислами діни бірлестігіне қарасты Қарилар дайындау орталықтары ашылған. Республика көлемінде Ақмола облысы, Қосшы елді мекенінде ашылған «Қауам ад-Дин әл-Итқани әл-Фараби әт-Түркістани», Шымкент қаласында 2013 жылы тіркеліп, іске қосылған «Ықылас» қарилар дайындау орталығы» және Түркістан облысы, Кентау қаласында ашылған «Балаби қари» Құран жаттау орталығы қызмет атқаруда. Орталықтардың мамандану бағытына сәйкес Құран, Құран тәпсірі, тәжуид, ақида, хадис секілді пәндер оқытылады.
Діни және дінтанулық бағыттағы барлық мамандықтар бойынша мемлекет тарапынан тиісті деңгейде грант бөлінген, шетелдік жетекші оқу орындарымен тәжірибе алмасу, бірлесе мамандар даярлау тетіктері қалыптасқан. 2013 жылдан бастап «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында «дінтану» және «теология» мамандықтарына грант бөліне бастады.
Зайырлы білім берудің бөлігі ретінде елімізде жоғары оқу орнының арнайы кафедралары арқылы діндер тарихы мен теориясын, исламтанушы, мемлекеттік діни қатынастарды, жаңа діни қозғалыстар мен діни ахуал мәселелерін зерделейтін дінтанушы мамандар даярланады. Олар: «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті (Алматы қаласы) қазіргі күннің талаптарына жауап беретін жоғары білімді әрі білікті дінтанушы, исламтанушы, араб және ағылшын тілдерінің аудармашысы мамандарын даярлаумен айналысады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ (Алматы қаласы) мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де (Нұр-Сұлтан қаласы), Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті (Түркістан қаласы), Абай атындағы Қазақ ұлттық университеті (Алматы қаласы), Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогиқалық университеті (Шымкент қаласы) және Павлодар педогогикалық университеттері «дінтанушы», «теология», «тарих және дінтану» мамандықтары бойынша мамандар дайындайды. Отандық жоғарғы оқу орындарын тәмамдаған дінтанушы, теологтар діни оқу орындары мен мемлекеттік қызметке араласып, игі нәтижелерді көрсетіп келеді
Қорыта айтқанда келешекте діни біліміңізді шыңдау мақсатымен шетелдерде жалғастыру үшін бастапқы базалық діни білімді Қазақстанда алған жөн. Казіргі таңда біздің көптеген жастарымыз шетелдегі діни орындарында білім алып жүр. Бірнеше жылдан бері шетелдерде жоғарғы діни оқу орындарына оқуға қабылдаудың талаптары күшейтілген. Атап айтқанда, Малаазия, Мысыр, Ресей, Туркия, Өзбекстан елдеріндегі жоғары діни оқу орындарына қабылдаудың жаңа тәртіптері белгіленіп, іске аса бастады. Осы тәртіпке сәйкес көрсетілген елдің оқу мекемелеріне тек Қазақстанның мемлекеттік оқу орындарының жолдауымен және діни органдарының ресми рұқсатымен ғана түсуге болады. Шет елдің діни оқуын бітіріп Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы және мемлекетаралық келісім негізінде магистратура және доктарантура оқуын жалғастыруына болады. Осылайша өз елімізде білікті мамандардың біріне айналып елімізде туындаған діни мәселелердің шешімін табуға және радикалды топтардың алдын алуына септігін тигізеді. Дінтану мен теологиялық ілімдерді зерттеуге арнаған қазіргі жастарға өз елінде кәсіби білім алудың барлық мүмкіндіктері жасалған.
А.Дүйсен
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
маманы
Діни білімді айдаладан емес, айналаңнан ізде