Дін қай кезде де қазақтың бай тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланыста болып келген рухани құндылық. Бір ғана мысалға жүгінейік. Адам баласының дүниеге келуінен бастап, азан шақырып есім беріледі, сәбидің шілдесі шығарылады, сүндеттеледі, т.б. және соңында шариғат заңына сәйкес жаназасын шығарып ақтық сапарға аттандырылады. Осы аралықта адам өмірінің дінмен біте қайнасқан екендігін анық байқауға болады. Ислам діні ғасырлар бойы қазақ қоғамының ажырамастай болып тамырласып кеткен дүние екені баршаға белгілі.
Бүгінде дінді жеткізудің әртүрлі құралдары бар. Оның ішінде баспа өнімдерінен бөлек ғаламтор арқылы, әлеуметтік желілер арқылы кеңінен қолданысқа ие. Барлық құралдар қазіргі таңда мемлекеттің назарында. Жыл сайын тиісті органдар тарапынан дінтану сараптамасы арқылы мыңдаған әлеуметтік желілерде ашылған парақшалар мен діни сайттар жабылып, бұғатталып, жүздеген діни әдебиеттер дінтану сараптамасынан өтпей жатыр. Бір ғана себеп, олардың жазбалары мен экстремистік идеологиясы қоғамда іріткі салуы мүмкін. Мемлекеттік жіті назарда ұстауы нәтижесінде халыққа қолжетімді дүниелер сүзгіден өткізіліп таратылады.
Тәуелсіздік алған жылдан бастап діни әдебиеттерді сату жолдары көбейіп, кітап дүкендердің саны артты. Сондай ақ, бүгінде діни материалдар интернет кітап дүкендерінде электронды және кітап түрінде тапсырыс беру арқылы қолжетімді болып келеді. Елімізде діни әдебиеттерді немесе діни мазмұндағы басқа да ақпараттық материалдарды кез келген жерде сатуға және таратуға заң бойынша рұқсат етілмейді. Тіпті Интернет, OLX т.б. дүкендерінде, пойыздарда, ашық жайма базарларда арнайы дінтану сараптамасы мақұлданбаған діни кітап өнімдерін тарату, көбейту заң бұзушылық болып табылатынын ескертеміз.
Елімізде діни мазмұндағы материалдарды таратуға белгіленген орындарға байланысты ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 9-бабы, 2-тармағына сәйкес: «Діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзгеде ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), рухани діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларды таратуға жол беріледі». Осы заңға сүйене отырып біздің мемлекетте діни мазмұндағы ақпараттар және кітап өнімдері заң аясында белгіленген орындарда тек діни сараптамадан өткен материалдар таратылу жолға қойылған.
Бүгінде әрбір отбасыда сатып алынған немесе сыйлыққа келген бір-екі діни кітаптардың болатыны белгілі. Мысалға Құран, Інжіл, дұға, дінитарихи қиссалар т.б.
Ендеше, бұл діни кітаптардың елімізде рұқсат етілгенін қалай ажыратуға болады?
Біріншіден, сол діни мазмұндағы әдебиетті ашып алғашқы бетте «Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитетінің дінтану сараптамасы арқылы мақұлданды»,-деген ескертпенің бар-жоқтығына көз жеткізіңіз. Ал егер де мұндай ескертпе жазылмаған болса, ондай ақпараттық материалдарды сақтауға, оқуға, таратуға кеңес бермейміз.
Екіншіден, ҚР Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңы 9-бабы, 4-тармағына сәйкес: «Діни бірлестік шығаратын және (немесе) тарататын діни әдебиетте және діни бірлестіктің толық атауы болуға тиіс».
Үшіншіден, ҚР аумағына әкелуге, басып шығаруға, таратуға тыйым салынған әдебиеттер мен ақпараттық материалдар атау тізімін Қазақстан Республикасы Бас прокоратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ресми сайтынан көруге болады(http://pravstat. prokuror.gov.kz).
Елімізге әдебиеттердің 90 пайызы сыртан келетіні белгілі. Ал діни кітап өнімдерін шет елдерден әкелу мәселесіне келетін болсақ, «Шет елдерден алып келінген діни әдебиеттердің барлығына арнайы дінтану сараптамасы жүргізіліп, одан кейін ел аумағына таратылуға жол беріледі».
ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 9-бабының 3-тармағында: «Жеке пайдалануға арналғандарын қоспағанда, ҚР аумағына діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды әкелуді елімізде ресми түрде тіркелген діни бірлестіктер ғана дінтану сараптамасының оң қорытындысын алғаннан кейін жүзеге асырады».
ҚР Қаржы министрлігінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 250 бұйрығымен Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы жеке тұлғалар өткізетін жеке тұлғалар өткізетін жеке пайдалануға арналған тауарларға, оның ішінде діни әдебиеттерді әкелуге сандық шектеу бар. Айына 1 реттен аспайтын көлемде 2 дана жеке пайдалануға арналған діни әдебиетті әкелуге шектеу бекітілген.
Кез келген азамат діни мазмұндағы кітап өнімдерін тарату жұмыстарымен заңсыз айналысса, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабы 1-бөлігі 3-тармағы (діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды, діни мақсаттағы заттарды әкелу, әзірлеу, шығару, басып шығару және (немесе) тарату) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, жергілікті мамандандырылған әкімшілік сотына жолданады. Егер сот шешімімен кінәлі деп танылса, 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу шарасы қолданылады.
453-бабының 1-тармағында: «Бұқаралық ақпарат құралдарының өнімін, сол сияқты өзге де өнімді Қазақстан Республикасының аумағында дайындау, сақтау, әкелу, тасымалдау, тарату: бұқаралық ақпарат құралдарының өнімі тәркілене отырып, жеке тұлғаларға-25, шағын кәсіпкерлік субьектілеріне немесе комерциялық емес ұйымдарға-50, орта кәсіпкерлік субьектілеріне-200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға соғады».
Асхат Дүйсен
«Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
теолог маманы
Діни әдебиеттер төңірегіндегі мәселелер